«Кәсіпкер ана» бағдарламасы
«Кәсіпкер ана» — әйелдер кәсібін дамытуға бағытталған республикалық білім беру бағдарламасы.
2013 жылы Amway компаниясының «В ответе за будущее» қайырымдылық қоры аналарға арнап «Кәсіпкер ана» бағдарламасын ұйымдастырған. Бағдарламаның басты мақсаты – декрет демалысында отырған әйелдер мен кәмелет жасына толмаған баласы бар аналарға жеке бизнес ашуға керек дағдыларды оқыту.
«Кәсіпкер ана» бағдарламасы Ресейде тұратын аналарға көмектесіп, кәсіп бастауына қолдау білдірген. 2021 жылы алғаш рет Қазақстанда өтіп жатыр. Пилот маусымында бағдарламаға көпбалалы аналар мен кәмелет жасына толмаған балалардың асырап алушысы, сонымен қатар мүгедектігі бар балалардың анасы ғана қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша білім беру бағдарламасы 14 күнге созылады әрі онлайн форматта өтеді. Білім беру бағдарламасынан өткен қатысушылар ұйымдастырушылардың қолдауына жүгіне алады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бұған дейін кәсіппен айналыспаған немесе айналысқанына бір жыл болмаған декрет демалысындағы әйелдер және жасы кәмелетке толмаған балалардың анасы қатыса алады. Жас шектеуі жоқ.
Бағдарлама бойынша оқу тегін бе?
Оқу тегін. Бағдарламаның алғашқы пилот маусымы онлайн өтетіндіктен, қатысушы еш шығындалмайды. Ал келесі маусымдарда бағдарлама офлайн өтетін болса, қатысушы шара ұйымдастырылатын қалада тұрмаса, жол және жатын орын ақысын өз қалтасынан шығарады.
Оқыту қалай өтеді? Білім бағдарламасына не кіреді?
Алғашқы пилот маусымда оқыту 14 күнге созылып, онлайн форматта интерактив түрде 25 адамнан аспайтын топта өтеді. Келесі маусымдарда бағдарлама офлайн өтетін болса, интенсив 5 күнге созылады. Оқыту интерактив түрде 35 адамнан аспайтын топта өтеді.
Курсқа келесі модульдар кіреді: бизнес-идеяны дамыту, шағын бюджет жағдайындағы маркетинг, жұмыс істеп жатқан салалас кәсіпорындарға іскерлік сапарлар (онлайн форматында видео арқылы), қаржы тиімділігін есептеу және толыққанды бизнес-жоспар құру.
Соңғы күні жобалар байқауы өткізіліп, нәтижесінде қазылар алқасы ең үздік бизнес-идеяны таңдап, жеңімпазды Amway компаниясының «В ответе за будущее» қорының 500 000 теңге көлеміндегі грантымен марапаттайды.
Қазылар алқасы жеңімпазды қалай анықтайды?
Қазылар алқасы ұпайларды бес балдық жүйемен қояды. Әр жоба 6 негізгі критерий бойынша бағаланады. Олар: бизнес-идеяның өзектілігі, өнімнің/қызметтің нақты сипаттамасы, жобаны іске асыру ықтималдығы, қаржы және инвестиция тартымдылығы, жобаның экономикалық және қаржылық негізі. Қазылар алқасының әр мүшесі ерекше әсер қалдырған 3−5 жобаны таңдайды. Содан кейін ашық талқылау мен дауыс беру арқылы жеңімпазды таңдайды.
Бағдарламаға Mama-predprinimatel.kz сайтына кіріп, өтініш беруге болады.
«Coca-cola белестері»
«Coca-cola белестері» жобасы бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерге өз кәсібін бастауға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша әйелдер бизнес-тренингтерге қатысып, қаржы сауатын жақсарта алады. Білікті мамандардан кеңес алып, алғашқы қаржылай қолдау алуға да мүмкіндік бар.
Жоба 2012 жылы Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктерінің, қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының қолдауымен басталды. 2013 жылдан бері жобаны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссия және Парламент Мәжілісінің депутаттары қолдап келеді.
4 наурыз күні қазақстандық әйелдер арасында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі «Coca-Cola белестері» жобасының жалғасатыны және бизнесте алғашқы қадамын жасайтын әйелдер арасында үздік бизнес-идеяға арналған байқаудың басталғаны хабарланды. Болашақ кәсіпкерлер үшін бүгінде жобаның екі білім беру онлайн платформасы қолжетімді:
- Ccb.kz сайтында (Facebook парақшасы Facebook.com/businessteam.kz);
- Farmerschool.kz сайтында.
Бұл бағдарламалар The Coca-Cola Foundation Халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен дайындалған және тегін. Жоба шеңберінде оқуын табысты аяқтап, сертификат иеленген әйелдерге «Coca-Cola Белестерi» үздік бизнес-идея байқауына қатысуға, ал жеңіске жеткен жағдайда өз ісін бастауға және дамытуға қаржылық қолдау алуға мүмкіндік бар. Биыл байқауда жеңіске жеткен, ісін жаңа бастаушы кәсіпкер әйелдерге өз бизнесін жүзеге асыруға 16 грант бөлінеді.
Жобаға [email protected] поштасына хат жазып немесе Ccb.kz сайты арқылы тіркеліп, қатысуға болады. Байланыс нөмірі: +7 (7172) 999 408.
«Isker ana» сауда үйі
Алматыда көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен әйелдерге арналған «Isker ana» әлеуметтік тігін цехы жұмыс істейді. Мұндай сауда үйі Алматы қалалық «Бақытты отбасы» орталығының негізінде ұйымдастырылған.
«Isker ana» Алматыдағы көпбалалы аналарға психологиялық көмектен бастап кәсіпкерлік негіздері бойынша курстар, бизнес-жоспар құруға, өз бизнесін ашуға, грант немесе микрокредит алуға дейін қызмет ұсынады. Биыл жоба аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар жұмысқа орналасып, өз кәсібін дамытуы үшін демеушілер арқылы Әуезов ауданында тоқыма және азық-түлік өнімдерін сататын 4 сауда орны ашылды. Олар «Тигрохауд», «Арыстан» сауда үйлерінде, «Сары-Арқа» және «Арыстан» базарларында орналасқан. Ал Алмалы ауданында «Әлеуметтік тігін цехы» (Жібек жолы даңғылы, 135) бар.
Сонымен қатар, Түрксіб ауданында көпбалалы аналардың қолдан жасаған тауарларын сататын «Іскер Ана» сауда үйі (Сүйінбай даңғылы, 263) ашылған. Сауда үйінде заманауи стильдегі ұлттық костюмдер мен әшекейлер, құрақ-көрпе, әйелдерге арналған киімдер сатылады.
Еске сала кетейік, «Бақытты отбасы» орталығы Алматыда 2019 жылдан бар. Жобаға қатысу үшін орталыққа немесе аталған дүкендерге жүгіне аласыз. Жұмыссыз әйелдер цехте жаңа бірнәрсе үйреніп, өзі жасаған бұйымды аталған дүкендерде сата алады.