Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорының басшысына тапсырма берді

Қазақстанның тұңғыш президенті "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.

Бұл туралы Elbasy.kz сайты хабарлады.

Кездесуде Алмасадам Сәтқалиев Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық әл-ауқат қорының былтырғы және 2021 жылдың  бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелері, сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қорын басқару жөніндегі кеңестің отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы айтты.

«Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылды табысты аяқтады. Былтыр Қор компанияларында қызметкерлердің саны айтарлықтай қысқартылған жоқ, үздіксіз өндірістік процесс сақталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қор активтерінің құны 13,9 триллион теңгеге жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның тұңғыш президентіне Қорды инвестициялық холдинг ретінде қайта құру шаралары және алдағы негізгі басымдықтар туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор еліміздің ұлттық байлығы екеніне тоқталып, оның активтерін барша халықтың игілігі үшін еселеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.

Аз уақыт ішінде Қор жұмысын жандандырып, шұғыл шаралар қабылданды. Стратегиялық маңызы бар салалар қалыпты жұмыс істеп тұр. 2020 жылы Қор мемлекеттік бюджетке 870 миллиард теңге аударды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларының тиімділігін одан әрі арттыру үшін нақты шаралар қабылдаудың маңызын айтты.

Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке бірқатар нақты тапсырма беріп, жемісті әрі табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз