Басты бетҚоғамЭкология вице-министрі:...

Экология вице-министрі: Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты.

Қазақстан тарапы Балқаш көлін Іле өзенінің негізгі су тұтынушыларының бірі ретінде танып отыр. Келіссөздер барысында біз Балқаш өзен ағысының көлеміне тәуелді екенін айтуды ұмытпаймыз, — деді Серік Қожаниязов.

Вице-министрдің айтуынша, ғалымдар көп жылғы бақылаулар мен зерттеулер негізінде Балқаш көлінің толыққанды су объектісі ретінде өмір сүруінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 м белгісі деп пайымдайды.

Кейінгі он жылда көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 340 м белгісінен төмен түспеген. Жыл сайын Балқашқа 12 текше метр су құйылса, көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. Сонымен бірге Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің орташа ұзақ мерзімді ағыны 2001 жылдан 2020 жылға дейін 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті. Осылайша, бүгінгі таңда Арал тағдырының қайталануы Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ, — деді вице-министр.

Серік Қожаниязов сонымен бірге Қытай Халық Республикасымен су бөлу жөніндегі келіссөздер процесінде қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің ағынын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру екенін айтты.

Вице-министрдің айтуынша, Қытай тарапы да өзінің шекарасына жақын аумақта экологиялық апаттың болуын қаламайды.

Бұған 2019 жылдың қазан айында Бейжіңде өткен бірлескен комиссияның 17-ші отырысында Қытай тарапы трансшекаралық өзендерді су бөлу туралы келісім жобасын талқылау кезінде Тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келіскендігі дәлел. Бұл Балқаш көлінің экологиялық жағдайы үшін өте маңызды, — деді Серік Қожаниязов.

Сонымен бірге ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жылдарында Қорғас өзенінде бірлескен ортақ су торабын салу және Сүмбе өзеніндегі су тарату құрылысын қайта құру сияқты бірқатар бірлескен жоба іске асырылғанын, бұл өз кезегінде осы өзендердің су ресурстарын 50-де 50 етіп бөлуді қамтамасыз ететіндігін айтты.

Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су тарату құрылысын салу жөнінде уағдаластық бар. Қазіргі уақытта тараптар осы өзеннің гидрологиялық режимін зерттеп жатыр. Біз су мәселелері бойынша екі ел арасындағы тату көршілік және тең құқықтық қатынастарды жалғастырамыз, — деді вице-министр.