— 2019 жылы педагог мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы уақыт ішінде педагог қызметі, міндет-мәртебесі, оған қарым-қатынас өзгерді ме?

— Әрине, өзгеріс бар. Көп басшы бұрынғыдай тізеге басып көше сыпырту мен газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздырудан аяқтарын тартып қалды. Дегенмен мұғалімнің көп бөлігі құқығының сақталуын ашық талап етуден әлі де сескенеді. Мұның да себебі жетерлік. Ең негізгісі — кей мұғалімнің құқықтық сауатының төмендігі.

— Заңда педагогты қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға болмайтыны жазылған. Бірақ кейінгі өткен партия сайлауында кезекшілікте отырғандар – сол баяғы мұғалімдер. Бұл заңның күші жоқ әлі күнге дегенді білдірмей ме?

— Иә, сайлау комиссияларында мұғалімдер қатары қалыңдау болғаны рас. Себебі, оның көбі — өз партиясының тапсырмасын орындаған партия мүшелері. Ал олардың саяси партияларға неліктен және қалай кіргені туралы әңгіме бөлек. Меніңше, түрлі саяси көзқарас мен азаматтық ұстанымдағы ата-ананың балаларын оқытып, тәрбиелейтін мұғалім ешбір саяси партияға мүше болмауы керек. Жеке басым 2011 жылы партиядан өз еркіммен шыққанмын. Ал қазір елімізде тіркелген кез-келген саяси партияның халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарламасын қолдаймын.

— Бірақ кей педагог өз беделін өз ісімен түсіріп алатынын байқаймыз. Сіздіңше, мұғалімнің әдеп нормасы қандай болу керек?

— Кез келген адамда қанмен берілетін қасиеттер және тәрбиемен сіңірілетін дағдылар болады. Педагогикалық оқу орнына құжат тапсырған түлекті емтиханнан бөлек түрлі психологиялық сынақтар арқылы қабылдамай, сіз айтқан әдепсіз мұғалімдерден құтыла алмаймыз. Оның үстіне ауылды жердің көбінде кесімді жалақы алатын жұмыс мектепте ғана. Сондықтан сырттай оқып алған кешегі тракторшы да, мал дәрігері де, құрылысшы да мұғалім болып жүр.

мұғалім, мектеп
Иллюстрация: Dribbble.com/©Ahmet Iltas

— Қазір оқушылар мұғалімнің кластағы, кабинеттегі жазалағанын, ұрысқанын, тіпті кейбірінің қол көтергенін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салатын болды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Интернет заманы. Әр адамның қолында смартфон, әр бұрышта камера бар. Сондықтан, одан сақтанудың жалғыз жолы аузыңнан шыққан сөз бен жүріс-тұрысыңа абай болу.

Педагог бала тәрбиелеу мен зорлық-зомбылық көрсетудің аражігін білуі керек. Адамды ұрып тәрбиелеу мүмкін емес, тек қорқытуға болады. Ал зорлық-зомбылықпен қорқыту Ньютонның «Кез келген күш қарсы күш тудырады» дейтін әйгілі заңындағыдай. Осыны естен шығармау керек.

— Министрлікке педагог мәртебесі туралы заң бойынша 14 ұсыныс берген екенсіз. Бірақ ешқайсы қабылданбаған. Оған не себеп болды деп ойлайсыз?

— Тарбағатайлық әріптесім Мейіржан Темірбек екеуіміз 14 пунктен тұратын ұсыныс жасағанбыз. Онда Білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындыру, мұғалімнің орташа жалақысын министр мен депутаттың жалақысының кем дегенде 70%-іне теңестіру секілді ұсыныстар болды. Сонда мұғалімнің жалақысын ешқандай инфляция, девальвация құнсыздандырмас еді. Бірақ ол ұсыныстарымыздың ешқайсы қабылданды. Не себепті өтпегенін министр Асхат Аймағамбетовтен сұрау керек шығар.

— Педагогика мамандығының дәрежесін жоғарылату үшін ҰБТ-дағы шекті баллды 75-ке көтерген екен. Жалпы педагог мәртебесін арттыру үшін тағы не істеу қажет?

— Мыңдаған үміткердің арасынан болашақ нағыз ұстазды танып іріктеп алу үшін балды көтеріп қана қоймай, жоғарыда мен айтып кеткен психологиялық сынақтар керек. Педагог мәртебесін арттырудың ең алғашқы қадамы — басшы да, қосшы да (мұғалімдер мен ата-аналар) қолданыстағы заңдарды құрметтеуге дағдылануы қажет. Өз кезегінде мемлекет азаматтарды заңды құрметтеуге мәжбүрлеуі керек.

Педагогқа оның құқығын үйрету педагогикалық оқу орнына қабылдау кезінен басталып, оқу процесінің соңына дейін жүргізілуге тиіс. Және диплом аларда Заңнамадан емтихан немесе сынақ тапсыруы қажет.