Басты бетҚоғамЖазушы Қабдеш...

Жазушы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды. Қайғылы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақберен Елгезек естіртті.

Иә, Қабдеш аға бүгін өмірден өтті. Негізі жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болды. Бірақ ол кісі коронавируспен жатты, — деді ақын.

Қабдеш Жұмаділов – 1936 жылы 24 сәуірде Қытай халық республикасы Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында дүниеге келген.

Қазақстанның халық жазушысы. Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-не (1956) оқуға түседі.

1958 жылы Қытай үкіметі органдары кері шақырып алады. Кейін 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржола оралады. 1965 жылы ҚазҰУ-тін бітірді.

Қазақ әдебиеті газетінде (1965 — 67), «Жазушы» баспасында (1967- 76), Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде (1976 — 81) қызмет істеген.

Қабдеш Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан жергілікті баспасөз беттерінде, ал «Жамал» тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланған.

Оның бір өлеңдер жинағы, сегіз роман, бес повесть, ондаған әңгіме, мақалалар жинақтары жарық көрген. Олардың негізгілері «Қаздар қайтып барады» (1967) атты әңгімелер жинағы, «Көкейкесті» (1969), «Соңғы көш» (1-кітап 1974; 2-кітап 1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988,) романдары және «Дарабоз» (1-кітап 1994; 2-кітап 1996) дилогиялары.

Қабдеш Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы — «Таңғажайып дүние» (1998) ғұмырнамалық, «Қылкөпір» (2003) романдары.

«Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.