Маржан Тілеуғалиқызы, 60 жаста:
Баланың әр қимылы, әр қылығы – ата-ананың қуанышы. Ә деп дүниеге келген күннен бастап күлгені, талтаңдап жүргені, алғаш айтқан сөзі, мектепке қадамы – осының бәрі қуантады. Баланың мектепке барып, білімді, өнерлі болып жүргенінің өзі үлкен сый болып есептеледі.
«Балам миллиондап ақша әкелсе екен немесе алтын таққа отырғызса екен» демейміз. Бар тілейтініміз – еңбек етіп, өз қолы өз аузына жетіп, еңбегінің жемісін көруі. Содан артық не күтеміз? Ата-анасы көрсеткен тәрбиені әрі қарай жетілдіріп алып кетсе, сол — мәртебе.
Атам заманнан әке-шеше баладан «бірнәрсе әкелсін, берсін» деп қаламаған. Аман-есен жер басып жүріп, Қазақстанның тамаша азаматы болса, жақсы көретін саласын меңгерсе, адал еңбек етіп, соның жемісін көрсе, осының өзі — ата-ананың қалауы.
Әділжан ұлымның кішкентай күнінен бір айтатын сөзі бар: жақсы бала ата-анасын мақтатады, жаман бала қақсатады. «Мен сендерді қақсатпаймын» дейтін. Достыққа өте берік болды. Ең алғаш мектепке барғанда бір топ бала болып қайтады екен. Сонда жанындағылар Әділжанды «Мамасының баласы, мамасының юбкасының артына тығылады» деп мазақтайды. Ұлым «Ондай емеспін, жігітпін» дейді. Жолдастары «Жігіт болсаң, ана үйдің қоңырауын бас» дейді. Біздің көшеде жасы үлкен орыс апа мен ата тұрды. Балалар сабақтан қайтқанда сол үйдің қоңырауын басып, тығылып қалады екен. Ал үлкен кісі асығып, сүрініп жүріп, есікті ашады. Әділжан қоңырауды басады да, кетпей, тұрады. Қарт кісі есікті ашып, Әділжанды ұстап алып, мектепке жетектеп апарады. Содан баламның мұғалімі мені мектепке шақырды. Апайлары «Бұл бала мұндай емес» деп сенбейді. Ал Әділжан соңына дейін «Өзім істедім» деп, достарын сатпайды. Мұғалім сенбесе де, «Қоңырауды басқым келді, өзім істедім» дейді.
Бір күні үйдің қоңырауын біреу басады. Терезеге қарасақ, ешкім көрінбейді. Есікті ашсақ, балам бетін жауып тұр. Қолының арасынан қан сорғалап жатыр. Балалармен төбелескен, беті-аузы жыртылған. «Не болды?» десек, «Өзім құладым» дейді. «Кім ұрды, кім тиісті?» деп сұрасақ, тағы да «Өзім құладым» дейді. Сол күйі не болғанын айтпай қойды. Тағы да достарын ойлаған болуы керек.
Балама кішкентай күнінен «Үлкен адамның жолын кеспе, өткізіп жібер» деп айтатынмын. Бір күні оны үйдің қасындағы дүкенге жібердім. Бірақ көпке ұзап кетті. «Мына бала қайда жүр?» деп күтіп отырдым. Сыртқа шығып, дүкенге қарай жүрдім. Балам қомпылдап келе жатыр. Не болғанын сұрасам, «Анау көшенің басында үлкен апа таяқпен келе жатты. Ақырын жүреді екен, сол өтіп кетсін деп күтіп тұрдым» дейді. Қарт кісі таяқпен келемін дегенше соны күтіп тұрған. Балалық емес пе? Анасының «Үлкеннің жолын кеспе» деген сөзіне берік болып, алыстағы адам өтіп кеткенше тұра берген.
Кейін аман-есен мектепті бітіріп, Жоғары оқу орнын оқыды. Жұмысқа орналасты. Қазір жан жары қасында. Кіп-кішкентай немереміз бар. Осының бәрі — бізге қуаныш. Құдай осы қуанышты ұзағынан сүйіндірсін. Осы тамаша күндерді жалғастыратын кішкентай немереміз бар. Ата-ана қуанышы деген осы болса керек.
Әділбек Үсенов, 55 жаста:
Бала күнде ата-анамыздың қабағына қарап өстік. Әкеміз үйде болмаса, анамызға аздап еркелейтінбіз. Бірақ «Әкең келе жатыр» дегенде бас-аяғымызды жиып, өзімізді ретке келтіретінбіз. Әкеге деген сыйластық анамыздың оны қатты құрметтегенінен деп білемін. Тіпті кей үйде әйелдің жұбайының атын атамауы да сол тәрбиеге себеп болса керек. Анам әкемді «Біздің шәң көкесі» дейтін. Ал әкемізден алған да, естіген де тәрбиеміз біреу-ақ – «Ұят болмасын!». Осы бір сөздің құдіреті бүкіл тәрбиенің жиынтығындай жанымызда мәңгі жатталып қалды.
Біздің түсінік бойынша, ата-ананы қуанту деген — таза жүру, сабақты жақсы оқу, еңбекке араласып, жұмыста жетістіктерге жету. Не істесек те, қандай нәтиже болса да, ата-анамыздың марқайып тұрған бейнесін көзімізге елестеткіміз келеді. Әке-шешені қуанту – өзіңді қуанту, жақсы жетістікке жету, жаңалық ашу, жақсы оқып, оны көңілге тоқу, үйрену, жақсы дүниелерді тамашалау. Әр ата-ана баласының тек алдыңғы қатарда жүргенін қалайды. Өзі үйреткен нәрсесін баласы ұғып алып, нәтиже шығарып жатса, өзі білмейтін, түсінбейтін кей дүниені балалары біліп тұрса, ерекше қуанады. Әр ата-ана баласының ешкімнен кем болмағанын қатты қалайды.
Өмірімнен бір мысал айта кетейін. Шамамен 3-класта оқып жүргенімде мұғалім тақтаға 6 нолі бар санды жазды да, бәрімізден «Мынау қандай сан?» деп сұрады. Ешкім жауап бере алмады. Сосын мен «Ол бір миллион» деп жауап бердім. Мұғалім қатты риза болды, мен де іштей марқайып қалдым. Математиканы сүйіп оқитынмын. Арада 32 жылдай уақыт өткенде қызым «Бастауышпен қоштасу» шарасында менің оқиғамды қайталады. Апайының логикалық сұрағына ешқандай оқушы дұрыс жауап бере алмағанда, қызым жауабын айтып, барлық оқушыны, ата-ананы таңғалдырды. Қызымның сондағы жетістігіне қуанғаным соншалық жан-жағыма қарап, қатты мақтанғым келді. Осы бір ерекше күйге бөлеген сәт есімнен кетпейді.
Баласы өзінің ісінен де асырып жақсы нәтиже көрсетіп жатса, ата–анада одан артық не арман болсын?! Әр ата-ана баласының өзі шыққан биігінен де жоғары көтерілгенін қалайды. Мен де сол ата-аналардың қатарынанмын.
Раушан Серік, 43 жаста:
Қай жаста да бала – жеке тұлға. Сондықтан ата-ана ретінде өз қалауымызды баладан талап етпеуіміз керек. Комплексімізді, орындалмаған арманымызды балаға арту артық болады. Әр тұлғаның жеке жолы бар. Әке-шеше бағыт беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, түрлі салада бақ сынап көруіне, сосын барып өз жолын таңдауға көмектесуге тиіс. Иә, бала жалқауланғанда, оны қайрап, мотивация беріп отыруға міндеттіміз. Бірақ өзіміз түсе алмаған жолды нұсқап, айтқанымызбен жүруді талап етпеу керек деп есептеймін.
Мүмкіндік көп жаңа заманда бала спортта да, музыкада да, басқа да түрлі салада бақ сынап көргені дұрыс. Осы тұста ата-ананың ролі басым. Ол балаға әрдайым көмектесіп, қабілетін аша білуі керек. Ең бастысы «Сенен мынаны күткен едім, бірінші орын алады деп ойладым. Ұят емес пе? Үмітімді ақтамадың» деген сөздерді айтып, қатаң талап қоймау қажет. Бала өз ісін тапса, сол жолда лидер болады. Көзі жайнап, саған әлдебір дүние жайлы ерекше қызығушылықпен айтып берсе, жаңа нәрсе үйренді, бір саты жоғары көтерілді, өмір кітабының жаңа бетін ашты деген сөз. Баланың бүгіні кешегіден жақсы болса, мен үшін сол қуаныш.
Балаларымды сөзбен басып, үмітімді ақтауын талап етпеймін. Әр балам өз ісінің қайда апаратынын, ата-анасының әрекеті олардың жақсы болуы үшін жасалатынын түсінеді. Ешкім баласының жаман болғанын қаламайды. Құдайдан солар өз жолын тапса екен, жаңа нәрсе үйреніп, қабілетін ашып, дами түссе екен деп тілеймін. Қасында үнемі жақсы адамдар жүрсе, білгенін үйретіп, пайдасын тигізсе деймін. Баланың жүрегіне иман ұялап, адамгершілігі жоғары болса, ата-ананың үміті ақталды деген сөз. Мені күнде қуантады. Әр таңда көзі жайнап оянғаны – үлкен бақыт, Құдайдың сыйы. Олармен әрдайым мақтанамын әрі бізден күшті азамат болатынына сенемін. Менің түсінігімде, бала — өміріміздің жалғасы.
Балам мектеп бітіретін кезде Орталық Азиядағы Америка университетіне грантқа түсуге болатынын білдік. Ол үшін олимпиадаға қатысып, емтихан тапсыру керек еді. Балам соның бәрінен өтіп, шетелде оқуға грант ұтып алды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды.
Сонымен қатар ол елінің тарихына, дәстүрі мен тіліне қызығады. Шетелде жүріп, Қазақстанның жақсы жағын көрсеткісі келеді. Әкесі туып өскен жердегі мешітке садақа жіберіп тұрады екен. Баламның әр жетістігі, осындай рухани қадамы мені қуантады.
Қызым туралы айтсам, сағаттап сөйлеуге болады. Есімде қалған оқиғаны айтып берейін. Жеті жасқа толғанда, балалар үйіне барып, өнер көрсетті. Сол концерттен басқаша күйге бөленіп келді. Маған келіп, «Мама, бізді тастап кетпегеніңе рақмет» деді. Сосын балалар үйіндегілерге көмектескісі келетінін айтты. Содан бері ол жақтағы бүлдіршіндермен доспыз, қолдаймыз. Қызымның оларға аянышпен емес, жеке тұлға, талантты бала деп қарағаны қуантады.
Сонымен қатар балаларымның саналы адам ретінде шешім қабылдайтынымен мақтанамын. Мысалы, экологияға бей-жай қарамай, пластикті сұрыптайтыны, ойланып шешім қабылдайтыны ұнайды.
Еркебұлан Манасбаев, 35 жаста:
Мектеп бітіретін кезімде анамның айтқан сөзі есімде. «Жоғары оқу орнына түсіп, бір мамандық иесі бол. Еңбегіңнің жемісін көр. Ер адам өмірде үй салып, ағаш егуі керек. Сен де үй салып барып үйлен» деген еді. Бәрі сол кісі айтқандай болды. Анам тойымда «Айтқаныммен жүрдің. Мынау дұрыс емес деп, сөз қайтарған емессің. Саған разымын, батамды бердім» деді. Сондықтан әр бала үлкеннің ақылын тыңдап, айтқанымен жүрсе, ата-ананы қуанту деген сол деп ойлаймын. Қанша дегенмен әр ата-ана баласынан тек жақсылық күтеді. Жетістікке жетіп, елдің баласы болса дейді.
Алғаш рет «Әке атандың» дегенде ерекше қуандым. Содан кейін баланың тілі шығып, «әке» дегені де бөлек сезім екен. Қасыңа жатып, құшақтап, бал тілімен «Әкешім» дегенде тағы бір қуанасың. Балаларым оқып, білімге ұмтылса, біреуі өзім армандаған медицина саласының маманы болса деп армандап қоямын. Әрине, өскенде өмір жолын өзі таңдайды. Еліміздің білімді, тәрбиелі, қалыптасқан азаматы болып, өзгеге пайдасын тигізіп жүрсе екен деймін.
Меніңше, әр баланың ең басты мақсатының бірі — ата-анасының разылығын, батасын алу. Ата-анасына сый-құрмет көрсетіп, оларға әрқашан жақсылық жасаса, соның өзі — бір қуаныш. Мұндай бала өмірде көп нәрсеге жетеді деп ойлаймын. Себебі әке-шешесі риза болған адамның жолы да ашық болады.