Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-парағында хабарлады.
Бауыржан Байбектің хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партияның қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымданды.
Саяси кеңес бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды, — деп жазды ол.
Парламент Мәжілісіндегі фракцияның келесі депутаттары аталған кеңестердің төрағалары болып тағайындалды: азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту бойынша – Айдос Сарым, білім мен ғылым – Жұлдыз Сүлейменова, аграрлық сектор – Берік Оспанов, экономика және кәсіпкерлікті қолдау – Аманжан Жамалов, өңірлік даму – Юлия Кучинская. Жастарды қолдау бойынша – Мәди Ахметов, Жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік осал топтары жөніндегі қоғамдық кеңеске – Елнұр Бейсенбаев төраға болды. Ұлт денсаулығы бойынша – Лариса Павловец, ал Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңеске – Динара Зәкиева басшылық жасайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске Ерлан Саиров, «Miras» қоғамдық кеңеске Жанарбек Әшімжанов, Экологиялық кеңеске Елдос Абақанов және Құқықтық кеңестерге Қанат Мусин жетекшілік етеді.
Бауыржан Байбек кеңес ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына монинторинг жасайтынын айтты.
Кеңестердің міндетіне елдің, өңірлер мен экономиканың нақты салаларының өзекті бағыттары бойынша балама сараптамалық пайымды тұжырымдау кіреді. Кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескеріп, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ел көлемінде азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізіледі, — деді партия төрағасы.
Партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, қазіргі кезде аталған кеңестердің құрамын жасақтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Олардың құрамына партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар кіреді. Осындай кеңестер өңірлік деңгейде де құрылмақ, — деді ол.