Қазақстан Қырғызстанға 10 мың тонна бидай ұнын көмек ретінде жібереді

Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметаралық кеңес отырысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш және IT салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, сонымен бірге білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және еңбек көші-қоны, қоршаған ортаны қорғау, өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.

Тараптар «Қарасу — Ақ Тілек» өткізу пунктінде «Алатау» бірлескен Трансшекаралық сауда орталығын (ТСО) құру перспективасын талқылады.

Орталық базасында жеміс-көкөніс өнімдерінің заманауи қоймаларын, сонымен бірге сертификаттау, санитарлық және фитосанитарлық бақылау органдарын орналастыру жоспарланып отыр. Бұл АӨК өнімдерін қайта өңдеудегі ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Трансшекаралық сауда орталығы алаңында Қазақстан мен Қырғызстан өнеркәсіптік кооперациясын дамыту үшін индустриялық аймақ құру жоспарланды.

Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстарында жалпы инвестиция көлемі 25 миллион доллорды құрайтын және ауыстырып тиеу қуаты жылына 26 мың тонна болатын көтерме-тарату орталықтарын салу мәселесі қаралды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы, «Бесағаш — Кичи Капка» өткізу пунктін және Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы басқа да өткелдерді жаңғырту, екі елдің Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу, тау бағыттары бойынша туристік топтар ұйымдастырған мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі туралы үкіметаралық келісім жасасу және т.б. талқыланды.

Қазақстан Үкіметінің басшысы инфрақұрылымда, көлікте, өнеркәсіптік кооперацияда трансшекаралық байланыстарды күшейтуге, сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды толассыз интеграциялық жобаларды іске асыру арқылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде екі елдің инвестиция ынтымақтастығын арттырудың маңыздылығын айтты.

Асқар Мамин сонымен бірге навигациялық пломбаларды пайдалану тәжірибесін кеңейту және фискалды органдардың мәліметтерімен онлайн алмасу арқылы екі ел арасында тауарлардың өтуі үшін «жасыл дәліз» құру қажеттігі туралы айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан жақында Қырғызстанға 10 мың тонна бидай ұны және 1 мың тонна күздік бидайдың өнімділігі жоғары тұқымы түрінде гуманитарлық көмек көрсетеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 9-шы отырысының хаттамасына, сонымен бірге «Қорғас» ШЫХО» АЭА мен Қырғызстанның «Нарын» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.