Ләззат Байжігітова (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген), Талдықорған тұрғыны:

5 жыл бұрын Талдықорған тұрғыны Ләззат Байжігітованың жолдасы Questra World қаржы пирамидасына алданып қалады. Компания өкілінің сөзіне сенген азамат 10 мың еуросынан айырылған. Ләззаттың отбасы әлі күнге пирамидамен соттасып, ақшасын қайтара алмай жүр.

2017 жылы жолдасым көлігін сатты. Қолында ақша бар екенін білген көрші әйел енем мен күйеуімді үйіне қонаққа шақырған. Дастархан басында Questra World деген компанияда жұмыс істейтінін, қомақты ақша тауып, сол арқылы шетелге іссапар мен демалысқа жиі баратынын айтып, жолдасымды командасына шақырады. Ол кісінің айтуынша, жұмыс мына схема бойынша жүзеге асады-мыс: алғаш кірген адам 10 мың еуро беруі керек, кейін басқа адамдарды тобына шақыруы қажет. Аптасына 1000 доллар жалақы түседі, кірісін 300%-ке еселеп алады. Уақыт өте лауазымы да, жалақысы да өсіп отырады. Алғашқыда жолдасым күмәнданып, жақын досымен кеңеспекші болады. Сол кезде әлгі досы да әкесі осы тектес компанияда жұмыс істейтінін, ойланбай ақшасын инвестиция ретінде салуына болатынын айтады. Досы мен көршінің сөзіне риясыз сенеді. Көлікті сатқаннан түскен ақшасы жетпей, несие алады. Сөйтіп, 10 мың еуроны көрші әйелдің қолына ұстатады. Ал ол кісі бір-екі күнде келісімшарт жасасып, тіркеп, жолдасыма бонус түсетінін айтады, — дейді ол.

Бірақ 3 күннен соң Ләззаттың жолдасы Questra World компаниясының жабылғанын және олардың алаяқ екенін естиді.

Жұмыс та, ақша да жоқ. Көршіміз оған еш қатысы жоқ екенін айтып, аты-тонын ала қашты. Ал жақында үйін сатып, көшіп кетті, тіпті байланыссыз қалдық. Алғашқыда Талдықорғандағы біз сияқты алданған 15 адам бірігіп. сотқа арызданып, ақшамызды қайтаруға тырыстық. Әркімді әрқалай алдаған екен. Жолдасыма ақша табасың десе, басқа біреуге пәтер алып береміз деп уәде берген екен. Бірақ жыл өткен сайын ақшаны қайтарамыз деген сенім азайып бара жатыр. Ешқандай прогресс жоқ, — дейді Ләззат.

Дерек. Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораздың мәліметінше, 2016 және 2017 жылдары Questra World, Questra Holding, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Management атауларымен қаржылай пирамида құрған Қазақстан мен басқа елдердің бірқатар азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын ҚР ІІМ тергеу департаменті бастап кеткен. Олардың әрекетінен мыңдаған қазақстандық зардап шеккен, залал көлемі 1миллиард теңгеден асқан.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, «осынша ақша салсаң, оны бірнеше есе етіп шығарып аласың» деген ұсынысқа азаматтар сыни пайым тұрғысынан қарауы керек. Біздің елде депозит ашсаң, оған 10%-ке дейін сыйақы беріледі. Қаржы пирамидасымен айналысатын компания 200-300% кіріс ұсынады. Әлемдегі ірі корпорациялардың өзі мұндай табыс ұсына алмайды. Сонда қаржы компаниясы мұндай кірісті қайдан тауып отыр? Компанияға ақша салсаңыз, ұйым банкрот болған жағдайда мемлекет және Ұлттық банк салымды қайтарып беретіні туралы кепілдеме беруі керек. Компанияда мұндай мүмкіндік болмаса, онда ол қаржы операциясымен рұқсатсыз айналысып отыр.

Иллюстрация: 24.kz
Айсұлу Арманқызы (Кейіпкердің аты-жөні өзгертілген), Алматы тұрғыны:

Алматылық Айсұлу Арманқызы қазір адамдарды алдап шақыратын пирамиданың жаңа әдісі пайда болғанын айтады. Instagram желісіндегі «Қазақ тілін жетік меңгерген оператор қажет. Жалақысы 130 000 мың теңге» деген жарнама бойынша жұмыс іздеп барған ол қаржы пирамидасынан бір-ақ шыққан.

Қазақша білетін оператор қажет деген соң хабарламада көрсетілген WhatsApp нөмеріне жаздым. Кейін Ержан есімді жігіт хабарласып, онлайн сұхбаттасып, мен туралы негізгі ақпаратты жазып алды. Сонымен бірге жұмыстың да мән-жайын түсіндірді. Ол кезде компания тұрмыс техникасы, үлкен текстиль сияқты түрлі тауар сатумен айналысатынын, менің міндетім қоңырауларға жауап беріп, құжат тіркеумен айналысу екенін айтты. Ертесі басшылық түйіндемемді мақұлдап, екі күн тәжірибеден өтуге шақырды, — дейді Алматы тұрғыны.

Бірақ Айсұлу тәжірибеге 45-ке жуық адам келгенін және компания өкілінің бәріңді жұмысқа қабылдаймыз деп айтқанын көріп күмәндана бастаған. 

Екі күн бойы бізге лекция оқыды. Елдегі орташа жалақы, зейнетақы, компания қандай өнім шығарып, сататынын, жұмыстағы лауазым қалай жоғарылайтынын түсіндірді. Екі күн өткен соң келісімшартқа қол қойғызады, — дейді Айсұлу.

Дегенмен ол келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан.

Тауар құжаттарын рәсімдейтін оператор болып жұмыс істеймін деп ойладым. Бірақ түбінде өзім сияқты жұмыс іздеп жүрген адамдарды «оператор боласың» деп шақырып, келісімшартқа қол қойғызуым керек екенін түсіндім. Әр адам үшін 5000 теңге төлейді. Онымен қоса 72 мың теңгеге компания өнімін сатып алуым керек. Меніңше. бұл — алдау, — дейді Алматы тұрғыны.

Оның айтуынша, мұндай компания өкілдері ақшадан қысылып, жұмыс іздеп келген адамдардың психологиясын біліп алып, манипуляциялауға тырысады.

Бізге тәжірибенің екінші күнінде «50 мақсатыңызды жазып келіңіз» деді. Адамдар келісімшартқа қол қоюға күмәнданса, «2-3 айда көлік, бір жылда пәтер ала аласыз» деп, әлгі жазған мақсаттарымен өзіне психологиялық шабуыл жасайды. Сонымен бірге лекция кезінде осы бағытта жұмыс істеп, 2,4,6,8  жұлдыз деңгейге көтерілген адамдар  тәжірибесін бөлісті. 2 жұлдызы бар адамның киімі қарапайым, сөз саптауы жоқ болса, 8 жұлдызы бар қызметкердің стилі ерекше, шешен адам болды. Өзімді бір қойылымға келгендей сезіндім. Өкініштісі, ол жерге келген жас пен зейнеткер көп болды, — дейді Айсұлу.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, қаржы пирамидасының танымал үш түрі бар. Біріншісі – Понци схемасы. Бұл схема бойынша бәрін бір адам бүлдіріп бастайды. Шартты түрде Асқар мен Асан есімдерін алайық. Асқар Асанға “қазір ақша салсаң, алғашқы үлкен кірістің 3/1 бөлігін саған беремін” дейді. Асқар ұсынысты екінші адамға да айтады. Екінші адамнан алған ақшаның кішігірім бөлігін Асанға аударады, қалғаны өзінде қалады. Дәл осы тәсілмен пирамидаға салым салатындардың бәрін алдап отырады. Екіншісі – пирамидаға қатысушы адам алып келіп, өзінің соңына тіркеу. Үшіншісі – матрица пирамидасы. Онда адамдар деңгейге бөлінеді. Осынша адам әкеліп, белгілі бір көлемде салым салсаң, келесі деңгейге өтіп, алатын ақшаң көбейіп отырады.

Ғабдулғани Әбутәліп, заңгер:

Ғабдулғани Әбутәліп
Ғабдулғани Әбутәліп. Фото жеке архивінен

Қаржы пирамидасына алданып қалмас үшін олардың сұраған қаражат көлеміне емес, қойған талаптары мен міндеттеріне аса мән берген жөн. Себебі 1000 теңге ғана сұрап, алдайтын алаяқтар бар.

Әр адам кез келген мәселеде өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Бірақ ол шынымен қаржы пирамидасында болды ма, алданды ма, ол компания өкілдері алаяқтар екені рас па — бұл тергеу жұмыстарының жүргізілуіне тікелей байланысты. Қылмыс құрамы анықталмаған жағдайда ақшаны қайтарып алу мүмкін емес. Ал сот күдікті адамды немесе компанияны қылмыскер деп таныса, оған 2000 АЕК айыппұл, 600 сағаттық түзеу жұмыстары немесе 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы берілуі мүмкін.

Жалпы әр адам кез келген істі бастағанда оның заңды түрде жұмыс істейтініне көз жеткізуі керек. Ол үшін ең әуелі ресми құжаттарын толық тексеріп шыққаны дұрыс. Келісімшарт, сақтандыру қағазы, компанияның заңды тіркелгенін растайтын құжат және мекенжайы, лицензиясын көруі қажет. Келісімшарттағы әр бөлімді егжей-тегжейлі оқып шығу керек. Екі тараптың міндеті мен құқығын, қандай жағдайда қай міндетті орындау керек немесе сотқа жүгінуге болады, қандай кезде компания ақшаны қайтарып береді — соның бәрін оқып шығу керек.

Келісімшартсыз берілген қаражат 99% далаға кетті деген сөз. Адамның қолында түбіртек, қолхат болғанның өзіңде сол ақшаны дауға айналған мәселе үшін бергенін нақты дәлелдеу өте қиын.