Қазақстанда педагогтерге арналған мемлекеттік награда пайда болды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерге мемлекеттік награданы табыс етіп, оларға алғыс білдірді.

Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді министр.

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы
Фото: Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі

Асхат Аймағамбетов кейінгі жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталды. Жалақының өсуі, есептілік пен педагогика жүктемесінің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы айтты.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.