Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және Тәуелсіздік жылдары түрлі мемлекеттік лауазымдардағы тиімді жұмысы үшін алғыс айтты.
Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының трансформациясын жүргізу және жаңғырту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен дамытуды арттыру жөніндегі міндеттерді табысты шешті, — деді премьер-министр.
Асқар Мамин қордың жаңа басшысы Алмасадам Сәтқалиевті таныстырды. Оның энергетика саласындағы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы жүйесіндегі үлкен жұмыс тәжірибесі барын айтты.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының алдында маңызы үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл еліміздің инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриалдық дамуын қамтамасыз ету, сонымен бірге отын-энергетика кешенін дамыту, инвестицияларды тарту және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету арқылы ұлттық экономиканың одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасау, — деді Асқар Мамин.
Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев 1970 жылы 31 қазанда Алматыда туған.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін «механик, қолданбалы математик» мамандығы бойынша, Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебін, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі.
1997-2001 жылдары «ҚазТрансОйл» ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы» акционерлік қоғамында менеджер, клиринг департаментінің бастығы, жобаларды басқару департаментінің бастығы, басқарушы директор, экономика жөніндегі вице-президенті болып жұмыс істеді.
2001-2006 жылдары «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» акционерлік қоғамында қаржы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті және бірінші вице-президенті лауазымдарын атқарды.
2006-2007 жылдары «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының электр энергетика активтерін басқару жөніндегі директоры болды.
2007 жылғы қаңтарда энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
2008-2009 жылдары – «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» акционерлік қоғамы бірінші вице-президенті, 2009-2011 жылдары – «Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» акционерлік қоғамы президенті.
2011 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамы басқарушы директоры болып тағайындалды.
2011-2018 жылдары – «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамында директорлар кеңесінің төрағасы, басқарма төрағасы.
2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры болды.