Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» басшысы лауазымынан босады

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ахметжан Есімовке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы лауазымында атқарған жемісті қызметі үшін алғыс білдірді.

Elbasy.kz сайтының хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Ахметжан Есімовтің басшылығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, БҰҰ есебінде алдыңғы қатарлы халықаралық үздік жиырма қордың қатарына қосылғанын айтты.

Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы бұл нәтиже негізінен Ахметжан Есімовтің жоғары жауапкершілігі мен зор кәсіби тәжірибесінің арқасында мүмкін болғанын айтты. Сонымен бірге Ахметжан Есімовтің басқа да маңызды мемлекеттік лауазымдарда жүктелген міндеттерді барынша тиімді орындағанына тоқталды, — делінген хабарламада.

Ахметжан Есімов өзіне артылған жоғары сенімі үшін Нұрсұлтан Назарбаев алғыс айтты. Ол қордың жеткен жетістіктері тұңғыш президенттің халықтың тұрмысын жақсарту және мемлекетімізді гүлдендіру бағытында жүргізген саясатының арқасында еліміз қол жеткізген толағай табыстың шағын бір бөлігі ғана екенін атап өтті.