«I-SEED: Инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» – British Council мен Chevron компаниясының серіктестік жобасы. 2013 жылы Нұр-Сұлтанда, Алматыда өркен жайып, 2017 жылы Атырауға да жетті. Қазіргі уақытта I-SEED аясында Атыраудың жүздеген тұрғыны әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы проблемаларды орнықты шешуге мүмкіндік алды. Қалада әлеуметтік кәсіпкерліктің түрлі үлгісі қалыптасып, азаматтардың тең әрі бақытты қоғамға ұмтылуына жәрдемдесті. 

Інкәр Қатапова, №38 мектеп-лицейінің мұғалімі, I-SEED жобасының тренері

I-SEED жобасында бір жыл көлемінде қызмет атқарып келемін. Осы уақыт аралығында 100-ден аса шәкіртті оқыттым. Бауыржан Момышұлы «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызметті атқарушы» деп айтып өткеніндей, ұстаз болу — мен үшін де үлкен абырой. I-SEED жобасында тренер болғаныма қуаныштымын. Өйткені басқа бағыт емес, қоғамның ерекше назарын талап ететін әлеуметтік кәсіпкерлік жөнінде білгенімді шәкірттерге үйретуім — өмірімдегі ірі жетістіктің бірі.

Әлеуметтік кәсіпкерлік — оңай кәсіп түрі емес. Мұнда табыс табудан гөрі, көмек көрсету мақсаты басым болады. Сондықтан кез келген адамның кәсіптің осы бағытын қолға алуға жүрексінетіні анық. Әлеуметтік кәсіпкер болуға артық қаражаты, жағдайы бар азаматтар ұмтылуы мүмкін. Бұл бағытта табиғатынан адамдарға көмектескісі келіп, өзгенің мәселесіне бей-жай қарай алмайтын адамдар немесе бұрын-соңды мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж болып, кейін мақсат қойып осыған бет бұрып жатқандар да бар.

Іңкәр Қатапова
Іңкәр Қатапова

I-SEED — бастамасы жағынан жастарды қолдауға бағытталған керемет жоба. Әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын табыс табу арқылы ашып, мемлекеттің қамқорлығына мұқтаж адамдарға қалай көмек көрсетуге болатынына бағыт-бағдар береді. Жоба туралы мектеп тарапынан ұсыныс түсіп, бағымды сынап көрдім. Тренерлікке өтіп, кәсіби ортада жаңа дағдыларды меңгердім. Білгенімді шәкірттермен бөлісіп, «әлеуметтік кәсіпкер деген кім?», «қалай жұмыс істейді?» деген тақырып бойынша тың ақпарат беріп, осы салаға баулыдым.

I-SEED жобасы аясында 12-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына, яғни кіші топ ағымына тренер болдым. Оқушылар жобаның пайда болу тарихын, әлеуметтік кәсіпкерліктің не екені туралы ақпарат алды. Әлеуметтік кәсіпкер болу жолдары, іске асыру кезеңдері, оған қажет қаражат, ұйымдастыру жөнінде білім бердім.

I-SEED оқушылары

Әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы аясында кіші топ арасында көптеген шара, сайыстар ұйымдастырылды. Оларға бағымызды сынап командамен қатыстық. Бір командада 3 оқушыдан бірігіп жұмыс істедік. Тренинг барысында шәкірттердің әлеуметтік кәсіпкерлікке талпынысын байқадық. Осындай сабақтардың нәтижесі ретінде наурыз айында өткен сайыста біз командалық есепте 3-орынды иелендік. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Себебі жобаға қатысу үшін де әлеуметтік кәсіпкерлікті зерттеу керек, ұғыну керек. Осы жұмысты біз оқушылармен бірге атқардық. Осылайша оқушылардың әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға қызығушылығын ашқаныма қуандым.

Осы тренинг барысында байқағаным — мектеп жасындағы жастардың әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылығы өте жоғары. Олар адамдарға көмек қолын созып, қоғамға пайда әкелуді абырой санайды. Тренингке қатысушылар саны шектеулі. Оған қатысып үлгермегендер әлі де хабарласып, келесі тізімге қосылуға өтініш білдіріп жатады.

Оқушылар біз туралы мектептен біледі. Біз алдымен осы жоба бойынша сынып жетекшісімен байланысамыз. Жоба туралы түсіндіріп, тренингтің мақсатын жеткіземіз. Сынып жетекшісі ата-анаға хабарласып, жобаға қатысуға ұсыныс айтады. Қызығушылық танытқан ата-аналар маған тікелей байланысқа шығып, жобаға қатысу туралы өтініш білдіреді.

Осындай шаралардың нәтижесінен болар, Атырауда әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.  Мысалы, қаладағы маған ерекше ұнайтын әлеуметтік кәсіпорынның бірі — Арайлым Нұғманованың бастаған «Зейін» балаларды дамыту орталығы. Арайлым ханымның өзі — ерекше баланың анасы. Ол өз баласына ғана емес, Атыраудағы басқа да ерекше балаларға қолдау көрсетіп, білім беріп отыр. Дәл осы тәрізді үздік жоба ретінде І топтағы мүгедек Жолдас Кумаровтың «Мөлдір көз» әлеуметтік кәсіпорнын, Дамира Темірханованың сал ауруымен ауыратын балаларға арналған жобасы, қала экологиясын қорғау бойынша жұмыс істеп жатқан «Экопластик» жобасын іске асырып жатқан Әзілхан Байбатыровтың игі ісін атап айтсақ болады. Біз бұл азаматтарды оқушылармен таныстырып, жүздестіреміз. Әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғамға орасан зор пайдасын түсіндіреміз. Біле білгенге бұл — нағыз азаматтық, абыройлы іс.

Бибігүл Шайхиева, ментор, коуч, SamgaAcademy бизнес және SMM мектебі директоры

Бибігүл Шайхиева
Бибігүл Шайхиева

2015 жылы Атырауда «Заңғар» деген жоба болды. Сонда «Табысқа жеткізетін төлқұжат» деген жобада координаторлықтан бастап, тренер, кейіннен коуч болдым. 2019 жылы бизнес-тренерлікке өттім. Осындай тәжірибеден өту жолымда I-SEED жобасы әлеуметтік кәсіпкерлік пен жастармен жұмысымды біріктіруіме мүмкіндік берді. Бұл маған өте қатты әсер етті. Қазіргі уақытта Атырауда түрлі әлеуметтік кәсіпкерлік дамып келеді. Егер сіз солардың біріне барып, қандай іс атқарып жатқанын көзбен көрер болсаңыз, таңдай қағып, қол соғарыңыз анық. Осындай жобаларға ментор болып, көмегімді тигізіп, тамшыдай болсын үлес қосқаныма, шыны керек, мақтанамын. Өзім де әлеуметтік кәсіпкерлікпен 5 жыл айналыстым. Қазір жастардың дамуына үлес қосып жатырмын. Бұл менің өмірлік қағидам деп айтсам болады.

I-SEED — 29 жасқа дейінгі жастарға арналған жоба. Жастар үшін орасан зор мүмкіндік. Олар идеясын 0-ден бастап, дамыту, жүргізу, көшбасшылықты қалыптастыру, маркетингін жасау бойынша көмектеседі. Қазіргі уақытта қалада әлеуметтік кәсіпкерліктің түрлі үлгісі бар.

Бибігүл Шайхиева
Бибігүл Шайхиева

Жоба әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Егер кәсіпкер жай ғана табыс табатын болса, әлеуметтік кәсіпкерлік қоғамдағы мәселенің шешімін ұсынады, кәсібін жүргізеді. Осының арқасында Атыраудың өзінде көптеген жобалар пайда болып жатыр. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Егер олар әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын болса, біздің қоғамда көптеген жаңа идеялар пайда болады.

I-SEED жобасында үнемі біліміңді жетілдіруге мүмкіндік бар. Бұл жобада тек тренер емеспін, менторлықты да атқарамын. Ментор болып, жастармен білгенімді бөлісемін. Осы уақытқа дейін 100-ден аса студентті оқыттым. Тренинг кезінде көптеген өзгеріс болып жатады. Оларға ситуациялық жағдайларда креатив ойлау арқылы шешімін табуға ұмтылдыратын түрлі тапсырма береміз. Соның нәтижесінде кей ұяң жастар тренингтен кейін ашылып, көшбасшылық қырын ашады. Кейбірінің тренингке қызық үшін ғана келіп, көп нәрсе біліп шыққаннын жасырмай бөлісетін кездері болады. Жақсы эмоция алады. Біз олармен әр сабақ сайын кері байланыс жасап отырамыз, іскерлік ойындар ойнатамыз.

I-SEED жобасы арқылы жастар тек ойда жүрген жобаларын нақ жүзеге асырып жатады. Қаламда осындай халықаралық жобаның жүріп, оған атсалысқаныма қуаныштымын.

Материал Chevron, British Council, AYDI қолдауымен жасалған

British Council Сhevron aydi