Достық үйінің төрінде орнатылған қазақтың киіз үйінде ақ дастархан жайылып, бауырсақ таратылып, Наурыз көже ұсынылды. Түрлі нақыштағы ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Аналар кеңесінің өкілдері және Жылыой, Мақат аудандарынан шақырылған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен шараға келген құрметті қонақтар бас қосып, келісті мерекенің сәнін келтірді.
Шашу шашылып, шарада қазақтың ұмыт болып бара жатқан жоралғыларының бірі – «Мойын тастар» дәстүрі жаңғыртылды. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының этнос жастары жас жұбайларды сомдады.
Наурыз мерекесіне арнайы дайындалған «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің бір қазан өзбек палауы, «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің кәріс салаты, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің бозторғай кейпіндегі тәтті бөлкесі ақ дастарханға ұсынылды.
Сонымен қатар, Жылыой, Мақат аудандарынан, Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академиясынан келген өнерпаздардың және бір топ этномәдени бірлестіктері мерекелік өнерлерін көрсетті.