Лаура Мырзағалидің айтуына қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцина салғаннан кейін пайда болатын белгілердің адам өміріне қаупі жоқ. Бүгінге дейін вакцинациядан соң денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен бірде-бір адам тіркелмеген.

Вакцина салғаннан кейін дене қызуының көтерілуінен, салдырған орынның ауыруынан қорықпау керек. Кейде жақасты безі ісіп кетуі мүмкін. Одан да қорқудың керегі жоқ. Мысалы, Алматыда 2 миллионнан астам алуан түрлі адам бар десек, ағза да бір-біріне ұқсамайды. Ұқсас адам табу мүмкін емес. Сол себепті вакцина да әртүрлі әсер етеді. Вакцинациядан кейін қатты асқыну болып, ауруханаларға түсіп, оларға көмек берілді деген жағдай болған жоқ. Оны мен нақты айта аламын, — деді маман Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Вакцинация әр адамға әртүрлі әсер етеді. Дәрі ектіргеннен кейін дене қызуы түспесе, парацетамол, ибупрофен сияқты дәрілерді ішуге болады.

Кішкентай кезімізде вакцина алдық. Оның кейбірі ауыр, кейбірі жеңіл әсер етеді. Бұл вакцина да сол сияқты әр адамға әртүрлі әсер береді. Өзімде дәрі ектірген соң вакцина салған орын ғана ауырды. Әріптестерімнің кейбірінің қызуы көтерілді, кейбірі қалтырады. Дене қызуы көтерілгенде көмектесетін дәрілер бар. Бұл антибиотик емес, сондықтан парацетамол, ибупрофен деген сияқты дәрілерді ішуге болады. Дәрігерлер вакцинациядан кейін 3 күндей моншаға түсуге, денеге су тигізуге тыйым салынатынын айтты. Осы тәртіпті сақтауымыз керек. Содан кейін адамның жағдайы жақсарса, моншаға түсуге де, спортпен айналысуға да болады. Күнделікті 3 шақырым жүруге де рұқсат. Барлығы өз уақытымен. Бәрін ретімен жасау қажет, — деді Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Лаура Мырзағали.

Телемедицина орталығының директоры вакцина салғаннан кейін де эпидемиология талаптарын сақтау міндетті екенін ескертті.

Маска тағу керек, адам көп жиналатын орындардан қашу қажет. ауру белгілері болса, емханаға бірден бару, талапты барынша сақтау керек, — деді маман.

Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация 1 ақпанда басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17 наурызда азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцинацияны қолдауға үндеді.

Жаппай иммунитет қалыптастырмай, ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді, — деді президент.