Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қадамдары қандай?

Бүгінде мемлекеттік шекарадан арақашықтықты айқындай отырып, шекара маңындағы аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) азаматтарға беруге тыйым салынған, — деді министр.

Сонымен бірге Сапархан Омаров халықтың жеке малын елді мекендердің маңында күтіп-бағу мұқтаждықтары мемлекет мұқтаждықтары санатына жатқызылатынын, бұл оларды мәжбүрлеп алып қоюға заңнамалық негіз беретінін айтты.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2019 жылы Жер кодексіне Жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану жөнінде өзгерістер енгізілді. Яғни, пайдаланылмайтын жерлерді анықтау үшін енді жүйелі бақылау, жерүсті түсірілімдерін жасау, зерттеп-қарау, түгендеу нәтижелерімен қатар, ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылатын болады, — деді ол.

Сапархан Омаров
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Ұқыпсыз жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу мақсатында 2020 жылғы желтоқсанда Салық кодексіне өзгеріс енгізілді. Онда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайтуды көздейтін түзетулер қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленгенін, онда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту жоспарланғанын айтты.

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Аталған заң жобасының мақсаты жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету, жер комиссиясы институтын алып тастау, жер учаскесінің бөлінуін мемлекеттік органдармен, монополист ұйымдармен келісуді электрондық форматта жүргізу болып отыр, — деді Сапархан Омаров.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Ведомство басшысы жиында ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстар арқылы беру тәртібінің бөлек егжей-тегжейлі регламенті әзірленгенін айтты.

Конкурстық комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оның құрамына заңнамалық түрде Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ы мөлшерінде қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері енгізілді. Жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай, күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді. Бекітілген үлгілік шартқа сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына мониторинг жүргізу тәртібі заңнамалық түрде белгіленді, — деді министр.

Сапархан Омаровтың айтуынша, мәселен, мониторинг жалға алудың алғашқы 5 жылында жыл сайын, ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жыл сайын, тәлімі жерлерде әрбір 5 жыл сайын жүзеге асырылады.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі
ДереккөзҚазАқпарат