Түркі кеңесі саммиті коронавирусқа байланысты онлайн өтеді

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Telegram-каналында хабарлады.

Эпидемиология жағдайына байланысты қазақстандық тарап 2021 жылдың 31 наурызына Түркістанда жоспарланған Түркі кеңесінің бейресми саммитін видеоконференция режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім туралы ТМЫК хатшылығына ресми түрде хабарланды, — делінген хабарламада.

Саммитке Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет басшысы мен осы ұйым бақылаушысы Венгрияның премьер-министрі қатысады.

Саммит қорытындысы бойынша Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялайтын декларацияға қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2009 жылы қазанда құрылған Түркі кеңесі — қазіргі түркі мемлекеттерін біріктіретін халықаралық ұйым. Кеңес құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Венгрия бақылаушы ел ретінде кеңес құрамында бар.

Еске салайық, бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның 30-31 наурызда Қазақстанға жұмыс сапарымен келетінін хабарлаған едік. Алайда саммит онлайн өтетіндіктен Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға келмейтін болды.