Алматыда карантин күшейеді

Бұл туралы Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингіде айтты.

Жандарбек Бекшиннің айтуына қарағанда, Алматыда 2021 жылдың 21-28 наурыз күндері коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы қаулы қабылданды. Өйткені Алматыда коронавирустың өзгерген жаңа штамы анықталды.

Бұл — өте қауіпті жағдай. Мутацияға ұшыраған вирустардың қаупі бұрынғы вирустардан 7% көп. Жұғу көрсеткіші 70% көбейді. Осыны ескеріп, эпидемияға қарсы іс-шараларды енгізіп жатырмыз. Өткен тәулікте қала бойынша 437 коронавирус инфекциясы дерегі тіркелді. Бұл — өте көп көрсеткіш. Сол себепті шектеу шараларын қатаңдатып жатырмыз, — деді Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Жандарбек Бекшиннің сөзінше, Алматыда бұл күндері базарлар жұмысы тоқтайды. Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері де жабылады. Кафе, ресторандар жұмыс істемейді, келушілер тамақты тек өзімен алып кетуіне болады. Өзімен алып кету уақыты бойынша шектеу жоқ.

Біз оқушылардың көбін онлайн режимде оқуға жібердік. Ал бірен-саран офлайн оқып жатқан мектептердегі бір сыныптағы оқушы санын 25-тен 15-ке дейін азайттық, — деді Жандарбек Бекшин.

Қаулының толық мәтінін мына жерден оқуға болады.

Еске салайық, кеше, 19 наурызда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирустың ықтимал жаңа штамы анықталғанын хабарлаған еді.