Атыраулық шеберлер киізден соңғы үлгідегі сәнді киімдер тігеді

Ұлттық дәстүрді ұлықтаған «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы түрлі-түсті тақия, бояуы қанық бас киімдер, заманауи шәркей мен бөбектерге арналған байпақ тігеді. Мұның бәрі де киізден жасалған. Сұранысқа ие өнімдердің авторлары – атыраулық шеберлер.

«Елсана» қауымдастығы Наурыз мерекесі қарсаңында тағы бір жағымды жаңалықты жария етті. «Ақ сәуле» ұлттық қолөнер орталығының тұсауы кесіліп, төл өнеріміздің тың серпінмен дами түсуіне оң қадам жасалды.

Жақсы істердің жаршысы болып, ұлттық дәстүрді дәріптеген «Елсана» қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетовтың айтуынша, бұл атау тегін қойылмаған.

Ақ сәуле тегіннен таңдалған ат емес. Орталықтың атауы күннен түскен сәуле, нұр деген мағынада қойылды. Яғни, дәстүрімізді дамытуды көздейді. Жалпы, «Елсана» құрамында осыдан біраз жыл бұрын дәл осы атаумен алаң ретінде ашылды. Бүгін орталыққа айналып отыр. Бұл – ұжымдық үлкен еңбектің жемісі, ұлттық дәстүрімізге деген құрметіміздің куәсі. Орталық жұмысының бастауы ретінде киіздің таңдалуы да негізсіз емес, — дейді ол.

Алматыдан арнайы шақыртылған қолөнер шебері, этно дизайнер, «Асыл мұра» ұлттық шеберханасының басшысы Ұлболсын Дәуленованың шеберлік дәрістерін меңгерген атыраулық мамандардың да бұл күнде қатары көбейіп келеді. Алғашқыда 10 адаммен басталған дәрісті кейін 75 адам меңгерген. Екі жылдың ішінде өз істеріне сүйіспеншілігі мол, талап үдесінен шыға білген шеберлер тобы қалыптасып үлгерді. Олардың қатарында зейнеткерлер, түрлі сала мамандары, бала күтіміндегі аналар да бар. Ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерді дәріптеген шеберлердің ең үлкенінің жасы 70-тен асқан болса, ең жасы 30-да. Қазір орталықта 7 шебер бар. Тек Атырау қаласы емес, алыс-жақындағы ауыл тұрғындары да тартылған.

Бұл ұсынысты қолдаушылар республика бойынша табылуда. Яғни, басқа облыстың шеберлері де атыраулық орталыққа өз өнімдерін жолдау арқылы бірлесе жұмыс жасауға ниетті. «Ақ желкен» шығармашылық үйінде жұмыс жасайтын «Ақ сәуле» орталығының арнайы шеберханасы да бар. Бір арнаға тоғысқан шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар «Сатылым галереясына» қойылып, халыққа ұсынылады. Бағалары да қолжетімді. Шикізат әзірге жергілікті өнім емес, өзге өңірден өңделген, дайын күйінде жеткізіледі екен.

Таяу уақыттарда шеберлер санын арттырып, жергілікті жүнді өңдеу, кәдеге жарату көзделуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ қолөнерін дамытуға атсалысып отырған азаматтардың мақсаты айқын. Дәстүрді дәріптеп, ұлттық қолөнердің дамуына қолайлы жағдай жасау.