Сәлем! Мен доктор Дэн Сингермін.

Дереккөз: АҚШ Бас Консулдығы

Сіздерге COVID-19 коронавирус инфекциясы және оған қарсы вакцина туралы негізгі ақпаратты жеткізсем деймін.

Басты айтарым мынау: COVID-19 вирусының кесірінен көп адамның ауыр сырқаттанып, кейбірінің қайтыс болғанын білесіздер. Вирусты жұқтырсаңыз, оны жақындарыңызға тасымалдап, ауруға шалдықтыруыңыз мүмкін. Вакцина қабылдау мүмкіндігі болса, салғызғаныңыз жөн. Сондай-ақ маска киіп, әлеуметтік алшақтықты сақтау өте маңызды.

Келе жатқан Наурыз құтты болсын, аман-сау болыңыздар!

Төменде осы тақырыпқа қатысты бірнеше сауалға жауабымды ұсынып отырмын.

— Вакцина салғызсам, бұрынғы өмір салтыма орала аламын ба?

CDC веб-сайтында айтылғандай, вакцинаның екі дозасын алып болған адамдар екі апта өткеннен кейін қалыпты өмірге біртіндеп орала алады. Мәселен, олар басқа вакцина салғызған адамдармен бір ғимарат ішінде маска кимей жүре алады. Сондай-ақ, COVID-19 жұқтырған адаммен байланысқа түскен жағдайда оқшауланудың, не тест тапсырудың қажеті болмайды.

Дегенмен, пандемияны тоқтату үшін әр адам қолда бар әдіс-тәсілдің бәрін қолдана беруі қажет, себебі COVID-19 вакцинасының іс жүзінде қалай әрекет ететіні туралы жаңа ақпарат күнде өзгеріп, жаңарып жатыр. Сондықтан вакцина салғызған күннің өзінде мына кеңестерді ескеруді ұсынамыз:

  • Масканы ауыз бен мұрынды жауып тұратындай етіп үнемі киіп жүру;
  • Басқалардан 2 метр қашықтық сақтау;
  • Адам көп жерлерден алыс жүру ;
  • Ауасы дұрыс тазармайтын бөлмелерде болмау;
  • Қолды жиі жуу.

— Вакцина салғызған соң ауруды басқаларға жұқтыруым мүмкін бе?

— Бізде қазір бар ақпаратқа сай, вакцина сізді ауыр сырқаттан қорғайды, оны нақты білеміз. Сондай-ақ симптомсыз аурудан да қорғауы мүмкін екені мәлім.

Вакцинаны салғызу адамдардың вирусты бір-біріне таратуын тежейтіні толық дерлік дәлелденді, бірақ мұны бір жақты айтып, тұжырымдау үшін ғылыми дәйектер әлі де болса қажет. Сіздерді вакцина салғаннан кейін де маска киіп, алшақтық ережелерін сақтап отыруға шақыруымыздың себебі де осы.

— COVID-19 вакцинасы қалай жұмыс істейді?

— Осы күні 100-ден астам COVID-19 вакцинасы сынақтан өтуде. Әзірге АҚШ үкіметі оның үшеуін ғана мақұлдады, басқалары да жақын уақытта үкімет рұқсатын алуы мүмкін.

Бұл вакциналар түрлі технологияны қолданады. Қазіргі мақұлданғандар – не mRNA, не векторлық вакциналар. Олардың жұмыс істеу тәсілі бір-біріне ұқсамайды.

Қазақстанның халықты вакциналау үшін қолданып отырған вакцинасы векторлық технологияға негізделген. Векторлық вакцинаның құрамында суық тию вирусына енгізілген COVID-19 вирусының гені болады. Осы ретте генді коронавирустың өзімен шатастырмау керек екенін ескертеміз, ол тек вирустан алынған генетикалық материал. Яғни генетикалық өзгеріске ұшыраған бұл суық тию вирусының COVID-19 туғызбайтынын басып айтқан жөн.

Вакцина енгізіле салып, адам ағзасы COVID-19 вакцинасын туғызатын вирустың протеинінің көшірмесін бөле бастайды. Осының арқасында ағзаларымыз болашақта вирус жұққан жағдайда қалай күресу керек екенін есіне сақтаған қан жасушаларын өндіріп шығарады.

mRNA вакциналары да осыған ұқсас әсер етеді, алайда ол суық тию вирусын қолданбайды. COVID-19 генін адам ағзасындағы жасушалар тікелей сіңіріп алады да, сонда пайда болатын протеиндер ағзамызға иммундық жүйені қалыптастыруды үйретеді.

— Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді?

— Вакцинаның сізді қанша уақыт бойы қорғай алатыны әзірге белгісіз. Сарапшылар адамның табиғи иммунитеті мен вакцина қалыптастыратын иммунитеті туралы зерттеулерін жалғастыруда.

Иммунитет қанша уақытқа жетеді; вакцина әсерін созу үшін қосымша доза егу керек пе, жоқ па; вакцинаны вирустың жаңа варианттарына бейімдеу қажеттілігі бар ма – мұның бәрін зерттеліп отырады, болашақта біліміміз кеңейе түсетіні сөзсіз. CDC жаңа дәйектерді халайықпен бөлісуін жалғастыра береді.

— Қазақстанда әзірге ресейлік Спутник V вакцинасы ғана бар. Ол халықаралық деңгейде мақұлданды ма?

— Спутник V вакцинасын Қазақстанмен қатар тағы бірнеше ел мақұлдады, алайда АҚШ-та оның қолданысына рұқсат берілген жоқ, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) да оны әзірге құптаған жоқ. Вакцинаны өндірушілер оның 3-кезеңдегі сынақ нәтижелерін 2 ақпанда беделді The Lancet ғылыми журналына жариялады. Осы The Lancet журналында жарық көрген шолу “Спутник V COVID-19 вакцинасына үміткер, қауіпсіз және нәтижелі” деген тұжырымға келді.

— АҚШ-қа бару үшін вакцина паспорты қажет бола ма?

— Осы күні енгізілген талаптарға сай, АҚШ-қа барамыз дегендер жолға шығардан кем дегенде үш күн бұрын алынған теріс нәтижелі COVID-19 тестін немесе соңғы 90 күнде COVID-19 вирусынан жазылғанын дәлелдейтін құжатты көрсетуіге тиіс. Бұл талап саяхатшының вакцина қабылдаған-қабылдамағанын есепке алмайды. Ал вакцина паспортына келсек, АҚШ оны енгізуді жоспарлаймыз деп айтқан емес.

— Ауа сапасы адамның денсаулығы мен оның COVID-19 вирусына қарсы тұра алу қабілетіне қалай әсер етеді?

— Даладағы ауа сапасы мен COVID-19 вирусына шалдығу қаупі арасындағы байланыс зерттеліп жатыр, бірақ әзірге әлдебір тұжырым жасауға мәлімет жеткіліксіз.

Дегенмен, ауа ластағыштары адамның өкпесіне зақым келтіріп, қабынуына әкеп соғатыны белгілі. Осылайша адамның иммун жүйесінің жұмысын бұзып, COVID-19 тәрізді тыныс жолдары инфекциясына шалдығу қаупін ұлғайтуы мүмкін.

Жақында жарық көрген ғылыми зерттеулерге (Контичини және басқалар (2020 ж.), Травальо және басқалар, (2020ж.) сенсек, ауасы лас ортада жиі тыныстайтын адамда COVID-19 симптомдары мен салдары ауырлау келеді.

— COVID-19 және басқа ауруларға қарсы тұру үшін иммундық жүйемізді қалай күшейтуге болады?

— COVID-19 көп кездесетін респираторлық инфекцияға жатады, сондықтан денсаулығыңызды әдеттегідей күтінгеннің өзі аурудан сақтануға көмектеседі. Өзіңізді де, жақыныңызды да қорғаудың бірден-бір жолы — төмендегі кеңестерге құлақ асып, орындау:

  • Мүмкіндігіңіз болса, вакцина салғызыңыз
  • COVID-19 таралуын тежеп, өзіңізді де, басқаларды да қорғау үшін, маска киіңіз
  • Бір үйде тұрмайтын адамдардан 2 метр қашықтық сақтауға тырысыңыз
  • Адам көп жерлерден алысырақ жүріңіз. Неғұрлым көп адаммен байланысқа түссеңіз, вирусты жұқтырып, айналаңызға тарату қаупі соғұрлым жоғары болады.

— Қазақстанда басқа қандай аурулар мен денсаулық мәселелері қауіпті әрі өзекті боп саналады?

— Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті саналатын жұқпалы, жұқпалы емес аурулардың түрі көп. Олар туралы көбірек білгіңіз келсе, CDC-дің веб-сайтын қарап көріңіз. ДДСҰ да осы күнгі ғаламдық денсаулыққа төніп тұрған қатерлер жайлы ақпаратты әрдайым жариялап отырады.

— 2020 жыл бізге медицина қызметкерлері мен мықты денсаулық сақтау жүйесінің маңызын анық көрсетті. Қазақстан өз медициналық қызметінің сапасын қалай жақсарта алады деп ойлайсыз?

— Шекара асып, басқа елдерге тарауы мүмкін қауіпті аурулар сияқты төтенше жағдайларға тап болғанда, әр ел өз құқығы мен міндеттерін біліп, орындауға тиіс. Оларды анықтайтын “Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер” деп аталатын құжаттар жиынтығы бар.

Қазақстан осы күні CDC мен басқа да халықаралық ұйымдардың көмегімен осы ережелерді енгізуде бірталай жетістікке жетті. Қазақстан үкіметі денсаулық сақтау саласына халықаралық стандарттарды енгізу бойынша дұрыс бағытта дамып келе жатыр, болашақта да осы жолынан таймайды деп сенеміз.