Президент Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңесте еліміздегі эпидемиология жағдайы нашар екенін айтты.
Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек. Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, коронавирусты жеңудің жалғыз жолы — вакцина салдыру арқылы жаппай иммунитет қалыптастыру.
Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді, – деді президент.