Басты бетЖаңалықтарЕлбасы Нұрсұлан...

Елбасы Нұрсұлан Назарбаев ЭКСПО аумағында жаңа монументті ашты

«Бүгiн, 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi. Осыдан 25 жыл бұрын бiз Қазақстанды тәуелсiз ел деп жарияладық. Мiнеки, бүгiн 25 жыл болды. Бүгiнгi суыққа қарамай, кездесуіміздің себебі – Астанамызда тағы бiр монумент ашайын деп отырмыз. Астананы Ақмолаға көшiрген кезде ең алдымен қаланың ортасы деп ескi қаладағы алаңды игердiк. Одан кейiн сол жағалауда, тақыр жерде жаңа қала салғанымызда «Бәйтерек» орнаттық. Ол әлi күнге дейiн қаланың символы болып келе жатыр. Халықтың барлығы сол жерге барғанды, жүргендi жақсы көредi. Одан кейiн Қазақ елi деген монумент орнаттық», — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев

Президент Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында Қазақстанның Мәңгiлiк ел триумфалдық аркасы, ал Тәуелсiздiкке 5 жыл толған кезде Алматыдағы алаңда Тәуелсiздiк монументi ашылғанын еске салып өтті.

«Ендi 25 жылдықта елдiң есiнде қалсын деп, мына монументтi орнаттық. Бұл монументтiң 25 қыры бар. Әр қырында әр жылда iстелген шаруа жазылған. Басты мәселе – бұл монументтiң ЭКСПО жанында болуы. Биылғы жылы ЭКСПО-ны ашқан кезде дүниежүзiнен миллиондаған турист келеді. Сонда мына монументке қарап, Қазақстанның 25 жасқа толғанын есiне түсiреді деген ойлаймыз», — деп толықтырды Елбасы.

Мемлекет басшысы ЭКСПО қаланың келбетін өзгертетінін айта келе, бұл жерде жаңа аудан бой көтеріп, жүздеген мың адам тұратынын, әрi қарай өркендей беретінін тілге тиек етті.

«Қаламыздың халқы болашақта 3 млн-ға жеткен кезде адамдардың жүретiн, баратын, қыдыратын жерi болуы керек. Дүниежүзi елдері бұндай монументтi орната бермейді. Тәуелсiздiк күнi құтты болсын, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған монумент құтты болсын» — деп түйіндедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Сәулетшiлердiң айтуынша, монументтi салуға 3,5 ай уақыт кеткен. Монумент италиялық мәрмәрдан жасалған.

Автор: Қымбат Елтайқызы

ДереккөзБАҚ