Алғашқы қадам
Айзаданың айтуынша, кәсібіне бет бұрғанға дейін кондитер өнімдеріне аса қызыға қоймаған. Бала кезден өзін бизнес-леди немесе ұйым көшбасшысы ретінде елестетеді екен.
Бір күні жігітім Елмұратпен қонаққа бардық. Біреу «Молочная девочка» тортын дайындап келіпті. Елмұрат оны сүйсініп, мақтап жеді. Сосын менен «Торт істей аласың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. Шынында олай емес еді. Осы оқиғадан кейін «Жаз шыға сала торт жасап үйренемін» деп шешім қабылдадым, — дейді Айзада.
Сөйтіп жүргенде бір танысы кондитер цехінде істейтінін, Айзадаға да жұмыс бар екенін айтады. Осылайша болашақ кәсіпкер кондитер цехінде торт жасауды үйреніп, тәжірибе жинайды.
Бұрын дене күшін қажет ететін жұмыс істеп көрмеген едім. Сондықтан цехтегі қызметім қиындау тиді. Аз ақша алдым. Бірақ әлі күнге маған азық болып отырған өнерді үйрендім. Кейін жақындарыма торт істеп беретін болдым. Тапсырыс та түсе бастады. Сол кезде «Кондитер дүкенін неге ашпасқа?» деген ой сап ете қалды, — дейді кәсіпкер.
Алғашқы табыс — 7 мың теңге
Айзада кәсібін ашпай тұрып бірнеше бизнес тренердің сабағына барыпты. Онда берілген ақпарат кейін кәсібіне септігін тигізген екен. Әсіресе «Бизнесті отбасыңмен ашқан тиімді» деген кеңес есінде қалған.
Елмұратқа идеямды айттым. Ол бірден қолдады. Мен 3-курста оқимын. Ол — 4-курс студенті. Кәсіп бастау үшін қаражат керек. Сол кезде екеуіміз бір байқауда бақ сынап, аздаған ақша ұтып алдық. Жүлдеміз кәсіп ашуға жетіп тұр еді. Бірақ қосымша қарыз алып, керек-жарақты түгендедік, — дейді Айзада Қасымхан.
Айзада мен Елмұрат өзіне ұнаған мекенжайдан бір орынды жалға алады. Ішін жөндеуге достары көмектеседі. Керек-жарақпен толтырады. Сөйтіп, 2019 жылы тамызда дүкен жұмысын бастайды.
Елмұрат екеуіміз кәсіпке салған қаражатты 2-3 айда шығарып алатынымызға сендік. Тортты табиғи өнімдерден жасадық әрі арзан саттық. Ең бірінші күні 7 мың теңге тапқанымыз есімде, — дейді Айзада.
«Әлі кішкентайсыңдар, қайдағы кәсіп?»
Алғашында студенттердің бастамасына сынай қарағандар да болған. «Кішкентайсыңдар әлі, қайдағы бизнес?» дегендер кездесіпті.
Біраз адам кәсіп ашып, оны алып кететінімізге сенбеді. Бірақ ата-анам, Елмұраттың әпкелері қолдап отырды, — дейді ол.
Әлеуметтік көмек және мемлекеттік бағдарламалар
Дүкеннің тағы бір ерекшелігі – мүгедектігі бар балалардың отбасына торт тегін беріледі. Ал көпбалалы аналарға 15% жеңілдік бар.
Қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзіне сүйендік. Қолымыздан келгенше еңбектендік. Соның арқасында 21 жасымызда алғашқы миллионымызды таптық. Қыркүйекте менің сабағым, Елмұраттың жұмысы басталды. Сондықтан қасымызға көмекші алдық, — дейді Айзада.
Кәсіп алға басқан сайын оған жеткілікті қаражат құю керек. Келушілер көбейіп, жастарға техниканы жаңартуға тура келеді. Сол кезде олар «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, 505 мың теңге ұтып алыпты.
Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» жобасын интернеттен көрдім. Сонымен қатар Қазақстан Студенттер Альянсының әлеуметтік жобалар байқауына қатысып, 2-орын алдым. Бірақ маған тиесілі 500 мың теңгенің жартысын жоба демеушісі бермей кетті. Қазір кәсіп ашамын деушілерге қайтарымсыз гранттар, арзан үстемақымен несиелер беріледі, — дейді Айзада.
Қаражатты есептеу
Кез келген жобаның сметасын, дүкеннің шығынын және салықты Елмұрат есептейді. Арнайы маман жоқ екен.
Алайда кеңесіп отыратын есепшілер бар. Алғашқы кезде түскен табыс өзін жауып отырды. Тек үшінші айдан бастап пайда түсе бастады. Содан кейін ай сайын ақша айналымы артып отырды, — дейді бизнесмен.
2020 жылғы карантин
Пандемия басталғанда Айзада дүкенді жауып, тортты үйден жасаған. Тәтті пісіруді де тоқтатпаған.
Көктемгі карантинде жұмысым көп болды. Күндіз торт пісіремін, кешке диплом жазамын. Кейін блок-посттар алынып, бәрі оңалғанда дүкенді қайта аштық. Үйде торт жасап тапқан қаражатты дүкенге құйдым. Шүкір, шығын болмады, — дейді ол.
Кәсіп үшін неден бас тартты?
Айзада басқа замандастары секілді қыдыруды, өзіне керек зат алуды ойламай, бар уақытын тек кәсібін дамытуға жұмсағанын айтады.
Бастапқыда күндіз-түні жұмыс істедім. Торт жасап, таңғы 5-ке дейін дүкенде қонып қалатынмын. Бизнесті студент кезде бастаған соң, сабаққа бара алмай қалған кездерім болды. «Бәрі қыдырып жатыр, Неге бұлай жүрмін? Қашан демаламын?» деп жылайтын едім. Бірақ Елмұрат әрқашан мені қолдап, жақсы күндер алда екенін, бәріне жететінімізді айтып, жігерлендіріп қоятын. Жалғыз қалғанда «Жұмысқа қалаған уақытымда барып, өзім айналысқым келетін іспен шұғылданамын» деп ойлайтынмын. «Көңілім қалаған көлікті сатып алсам, ата-анама қымбат сыйлықтар берсем» деп армандадым. Қазір соның бәріне Елмұрат екеуіміз жеттік, — дейді Айзада.
Бизнеске келмес бұрын…
Айзада кәсіпке келмес бұрын әр адам қабілетін тануы керек деп есептейді. Біреу бір іспен байып жатыр екен деп, соны қайталауға болмайды. Өзінің қабілетін білетін, сүйікті ісі бар адам ғана жетістікке жетеді.
«Қандай бизнес ашамын?» деп біреуден сұрайтын адамдарға таңғаламын. Ол адам тек табысты ойлап тұр. Өмірде не қалайтыныңызды түсінбесеңіз, басқа адам оны қайдан біледі? Жан дүниең қалайтын істі табу — бақыт. Оны табыс көзіне айналдыру — нағыз жетістік, — дейді Айзада Қасымхан.
Кәсіпкер болғысы келген адам нені ескеруі керек?
Бастапқы ай кәсіп үшін нарыққа кіру, тұтынушыны анықтау, тұрақталу мерзімі болады. Айзада сол сәтте төзімді болып, істі тастап кетпеу керек деп санайды. Шын еңбектенсең, кез келген кәсіп әйтеуір бір жемісін береді.
Өз өніміме өте сенімді болдым. Бір күні миллиондар әкелетінін білдім. Бизнес бала сияқты. Баланы тамақтандырғандай оған да қаражат бөлу қажет. Бір байқағаным, кондитер бизнесі басқаға қарағанда әлдеқайда табысты екен. Сондықтан бастапқы кезеңдегі шығынды тез ақтап алдым. Кейде бір тапсырыстан түскен ақша біреудің айлық еңбекақысындай болып жатады. Жалпы бір торт болсын, өз шығынын еселеп ақтайды. Оның үстіне сапалы, табиғи өнімдер ғана қолданғандықтан торттарымның да бағасы соған сай, — дейді кәсіпкер.
Айзаданың кәсіп бастауына себеп болған «Молочная девочка» торты қазір дүкенде сатылым бойынша көш бастап тұр. Сол өнім көптің көңілінен шығады екен.
Елмұраттың бір сөзін кәсіпке айналдырып, бүгінде өз орнымды таптым. Қазір бір келі «Молочная девочка» тортын Елмұратқа 30-40 минутта дайындап бере аламын, — дейді Айзада Қасымхан.
Жастар қолынан келгенше қайырымдылық шараларға, университеттегі студенттер ұйымдастыратын істерге қатысып, мүгедектігі бар адамдарға демеуші болып жүреді. Дүкеннен тегін торт алатын адам да көп екен. Олардың ендігі мақсаты — қаланың ортасынан үлкен дүкен ашу.