Басты бет Қоғам Қазақстандықтар жұмысқа баруға орта есеппен 33 минут жұмсайды
Фото: Archivo-es.greenpeace.org/espana

Қазақстандықтар жұмысқа баруға орта есеппен 33 минут жұмсайды

Жол кептелісі ең нашар елдер рейтингісі шықты. Қазақстан 85 елдің ішінде 51-орында тұр.  Рейтингі бойынша, әлдебір мемлекет неғұрлым жоғары тұрса, оның жол қозғалысы жағдайы соғұрлым нашар саналады және сәйкесінше рейтингі төмен елдерде бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде жақсы деуге болады.

Finprom.kz хабарлаған рейтингідегі Қазақстанның трафик индексі 128,37-ке тең. Бұл көрсеткіш мынадай индекстерді бағалайды:

  • жұмысқа баруға кеткен уақыт;
  • адамдардың жолға кеткен уақытқа қанағаттанбау деңгейі;
  • жол қозғалысы кезінде пайдаланылған CO2 мөлшері;
  • жалпы жол қозғалысы жүйесінің тиімсіздігі.

Рейтинг бойынша, қазақстандықтар жұмысқа баруға (бір бағыт үшін) орта есеппен 33,64 минут жұмсайды. Жұмысқа барып-қайту үшін көліктен 4040,36 көлеміндегі CO2 бөлінеді екен.

Көлік қозғалысы өте нашар елдерге Нигерия, Коста-Рика және Кения жатады. Бұлар алғашқы үштікке кіріп тұр. Ал дүниежүзіндегі көлік қозғалысы жақсы елдер саналып, рейтингіні аяқтап тұрғандар — Дания, Эстония және Австрия. Австрия азаматтарына жұмысқа бару үшін, орта есеппен, 25,7 минут керек.

Дегенмен рейтингідегі Қазақстан көрсеткіші жақсаруы мүмкін. Өйткені 2021 жылы елдің транспорт-логистика саласына 26,6 миллиард теңге салынды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 33% көп.

Биыл қаңтарда қаржының ең көп бөлігі Қостанай облысына салынды. Бұл аймаққа жалпы салымның 12,6 миллиард теңгесі берілді. Одан кейінгі орында Алматы облысы (3,4 миллиард теңге, былтырғыдан 13,6 есе көп) мен Нұр-Сұлтан (1,8 миллиард теңге, былтырғыдан 21,2% аз) тұр.

Қаңтарда ең аз инвестиция Шымкенттің транспорт-логистика саласына бөлінді — 73,9 миллион теңге.

Бұл салымдарды мынадай ұйымдар салды:

  • меншікті қаражат — 23,7 миллиард теңге;
  • жергілікті бюджет — 1,1 миллиард теңге (былтырғыдан 56,3% аз);
  • республикалық бюджет — 1 миллиард теңге (былтырғыдан 3,9 есе көп);
  • банктен алынған несиелер — 343,7 миллион теңге.