Басты бетЖаңалықтарАтырауда азаматтарды...

Атырауда азаматтарды тәулік бойы қабылдайтын 7 полиция пункті ашылды

Атырауда тәулік бойы азаматтарды қабылдайтын 7 жаңа модульдік полиция пункті ашылды. Олардың жұмысын Атырау облысына сапары барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тексерді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз полицияның сервистік моделіне көшуді жүзеге асырудамыз. Оның негізгі қағидаттарының бірі – «Жұртқа жақын полиция». Қазіргі заманғы модульдік бекеттер өзінің тиімділігін дәлелдеді. Өйткені, олар орнатылған аудандарда құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай төмендеді. Жалпы, құқық қорғау органдары халықпен тығыз жұмыс істейтін жерлерде  қылмысқа қарсы күрестің оң нәтижелерін көріп отырмыз. Азаматтар ішкі істер органдары жүйесінде оң өзгерістерді сезіне отырып өз бастамаларын да ұсынуда және тәртіп сақшыларымен ынтымақтастықта болуға мүдделі, өйткені азаматтар үшін қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық қашан да зор маңызға ие»- деп атап айтты.

Министрмен кездесуде тұрғындар полиция жұмысына оң баға беріп, учаскелік инспекторларға алғыс білдірді, полицейлердің жеделдігін, ілтипатты қарым-қатынасына ризашылықтарын атап өтті.

Өз кезегінде Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды ІІМ Ішкі істер органдарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыратынын айтты.  Ведомство басшысы алдағы уақытта облыста криминогендік аудандарда және адамдар көп жиналатын жерлерде тағы 17 заманауи стационарлық бекет орнату жоспарланып отырғанын да атап өтті.
Сондай-ақ, ІІМ басшысы жергілікті полиция қызметінің реформасына назар аударды.

Біздің басты міндетіміз — азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан біз учаскелік инспектордың өзі қызмет көрсететін әкімшілік аумақта тұрақты болуына жағдай жасаймыз – деді.

Кеңес барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, өңірде жергілікті әкімдіктің қолдауымен 34 жаңа учаскелік полиция пунктінің құрылысы аяқталды. Олардың 22-сі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ыңғайлы және жедел ету үшін тұрғын үйлермен біріктірілгенін айтып өтті.

Сапар барысында ІІМ басшысы Атырау облысы бойынша ҚАЖД колониясына барып, олар шығаратын өнімдермен танысты.  Мұндағы қызметтің негізгі бағыттары – металл конструкцияларын, тігін бұйымдарын, металл пластик терезелер жасау және ағаш өңдеу.  Сондай-ақ, тексеру барысында ІІМ басшысы ішкі істер органдарының бөлімдерінде жаппай бейнебақылау орнатуды жеделдетуді тапсырды. Атырау облысының полиция нысандарында 265 бейнекамера орнатылатын болады.