Басты бетМедицинаНұр-Сұлтанда локдаун...

Нұр-Сұлтанда локдаун енгізіледі

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жексенбіде сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері (оларда орналасқан дәріханаларды, сонымен бірге тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда), жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» акционерлік қоғамы сияқты мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге жексенбі күні дезинфекция жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың («сары» аймақ критерийлері қолданылатын «Ashyq» пилот жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова өткен мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейгенін, қосымша карантин шектеулері бар қаулы 18 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетінін айтты.

Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Індеттің өршуіне жол бермеу керек. Медицина ұйымдары мен медицина қызметкерлеріне шамадан тыс жүктеме болмас үшін қатаң санитарлық нормалар сақталуы қажет, яғни бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек, — деді Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова.

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, 18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс уақыты қысқарады, кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынады.