Басты бетҚоғамАН-26 ұшағы...

АН-26 ұшағы апатынан қаза тапқан әскерилер жерленді

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі хабарлады.

Қаза болған майор Ғабит Барлықбаевтың, капитан Досжан Баймұратовтың, лейтенант Мұхтар Сағымбаевтың, сержант Евгений Борисовичтің денесі жерлеу орнына жерүсті және әуе көлігі құралдарымен жеткізілді.

Комитет қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына барлық қажетті көмек пен қолдауды көрсетіп жатыр, — делінген хабарламада.

Әуежай, ұшақ құлады
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әскерилерді еске алу шарасы өтті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппаратының ғимаратында ведомстволық ту төмен түсірілді, сағат 17.22-де ұлттық қауіпсіздік органдарында «Бір минут үнсіздік» жарияланды.

Әуежай, ұшақ құлады. АН-26
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоаралық жұмыс комиссиясы әуе апатының барлық мән-жайын анықтау және борттық өздігінен жазатын құралды талдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, нәтижелері туралы қосымша хабарланады.

Еске салайық, 13 наурызда Алматы әуежайының маңында ұшақ құлап, өртенген болатын. Кейін бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиация қызметіне тиесілі АН-26 екені анықталды. Ұшақта алты адам болған, апат салдарынан олардың төртеуі қаза тапты.