Әр жылы желтоқсан айы туғанда қазақты жел өтіне алған Желтоқсан оқиғасы көз алдыма келеді. Бұл ұлы оқиға еді. Жігерлі жастардың бұдан тысқары қалуы мүмкін емес болатын. Мен ол кезде қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің 4-курс студенті едім.
Таңертеңгі сағат 8-де бірінші парға бардық . Подгруппамызбен отырғанбыз. Деканның сабағы еді. Ол кісі сыртқа шығып кеткенде Сапар деген жігіт маған қарап: «Ғалия, кеше Қонаевты орнынан алып, біреуді сайлады. Мен кеше туыстарымның үйіне барғам, сол үйде теледидардан көрдім», — деді. Таң қалғаным сонша — сене алмадым. «Қойшы, өтірік шығар», — дедік бәріміз.
Бәрі анықталғаннан кейін, келесі парда сабақтан емес, алаңнан табылдық. Бойымызда намыс оянып, «Неге бізді басынады? Неге 16 минуттық жиында бір елдің тағдырын шеше салады? Әр ұлттың өз басшысы болуы керек емес пе?» деген сұраққа жауап таба алмай жүрміз. Қайдан жиналған күш екенін білмеймін, таңнан қара кешке дейін нәр татпастан, ызғарлы желтоқсанда алаңда тұрдық. Түскі ас ішу, тоңазыған бойды жылыту туралы ойымызға да алмадық. Қалай да болсын билікке өз талабымызды орындатқымыз келеді.
Кешкі сағат алты болды. Жиналған халықтың көптігі сонша — алаңға сыймай бара жатты. Бір уақытта шиттары жарқырап, үкімет үйі жақтан солдаттар сап түзей қалды. Қарап үлгермедім, лықсыған топ кіп-кішкентай мені елемей құлатып, үстімнен таптап өте шықты. Тұншығып бара жатқандай болдым. Бір кезде жанталасып, орнымнан тұра бергенімде екі солдат екі жағымнан көтеріп, президумның артында тұрған автобусқа қарай ала жөнелді. Бір өзімді көтеруге екі солдат бөлінген. Қазір қарап отырсам, бізді тарату үшін қаншама күш жиналған екен.
Сары автобустың алдында бір адам тұр екен. Ұлтын білмеймін, орыс па, басқа ма, тыпырлап кірмеймін деген әрекетіме қарамастан, «хвостик» шашымнан тартып автобусқа бір-ақ кіргізді. У-шу, жылаған қыздар. Ішімізде ересектеу біреуі: «жыламаңдар, не болса да көреміз» деп ақыл айтты. Бәріміз басылып, автобус толғанша отырдық. Сол уақытта ғана жайымды ойлай бастадым. Қалтамда көк тиын ақша жоқ. Тек 5 тиындық тесілмеген абономент бар. «Қайда апарады? Қалай жетем жатаханама?» деп ойлап қоямын. Бір мезетте автобус жылжып, жүріп кеттік. Бәрімізді топырлатып түсіре бастады. Жан-жағыма қарасам, өзіміздің аудандағы РОВД екен. Әлгіні көріп, қуанғаным-ай.
Арамызда бастары жарылған жігіттер де болды. Сол жердегі милициялар олардан не болғанын сұрайды. «Сендер ұрдыңдар» дейміз. Сол жерге апарғаннан түнгі 10-ға дейін ұстады. Жеке-жеке аты-жөнімізді жазып, фотоға түсіріп, қандықол қылмыскерлерді ұстағандай, сол жерде отырған милиция әйелдер әбігер болып қалды. Аты-жөнімізді анықтағаннан кейін, жатақханамызға жіберді.
Бір күні деканаттан милицияға шақырту келгені туралы хабар алдым. Көрсетілген мекенжай бойынша бардым. Тергеуші әйел сұрақтарын қойып, хаттама жасап, «шақырған уақытта келіп тұр» деп жіберді. Тергеуге екі рет бардым. Тағы бірде Көк базар жақтағы бөлімшесіне шақырды. Дәлізге тұрғызып қойып, біреуі бір келіп қарап кетеді. Екіншісі де есіктен басын шығарып қарап қояды. Бұлар не істеп жүр деп басында түсінбесем, фотосуреттен мені іздеп жатыр екен. Егер ана жерде бір агрессиялы фотом шықса, ойланбастан мені де соттап жібермекші екен ғой.
Қысқы сессия уақыты. Живопись пәнінен жазған жұмыстарымызбен көрме ұйымдастырып жатқан едік. Әдеттегідей комиссия келіп бағалады. Жақсы бағамды алып, қуанып жұмыстарымды жинап жатсам, куратор ағайымыз келіпті. «Ғалия, сені тез жетсін деп жатыр милицияға» деп, қолыма тағы да шақырту қағазын беріп тұр. Паспортым бөлімшеде қалған, ойымда ештеңе жоқ. «Құжатын алып кетсін» деп шақыртқан болар деймін ішімнен. Сессия аяқталып, қуанышты болып тұрған едім. Берген мекен-жай бойынша тез жетіп бардым. Тағы да сұрақ-жауап, қол қойдыру. Соңында соттан бір-ақ шықтық. «5 күн түрмеге қамау туралы» үкім жарияланды. Әке-шешеме не деймін? Оқуым не болады? Көз жасыма ерік беріп, ағыл-тегіл болып тұр едім. Орыс милиция жаныма келіп, мені жұбатты. «Сенікі айналайын ғой. Бес күн тұрмақ, алты ай, бір жарым жылға кетіп жатқандар бар. Сен бес күн боласың да, сабағыңа жөнеліп бара бересің. Осыған да жылауға бола ма?» деп мейірімділікпен басу айтты. Сол уақытта көзсіз ұлтшылдықтың да дұрыс емес екенін түсіндім.
Аты жаман «түрмеде қамауда болды» деген сөздің өзі 22 жастағы қыздың жүрегіне ауыр тиері анық еді. Кинодан ғана көретін түрме есігінің шықырлап ашылғанының өзі қорқынышты екен. Үш күннен соң көрге де үйренесің дегендей, басында өтпей қойған күндеріміз де жылжып өтті. Камерада отыра бергеннен ішің де пысады ғой, кім еден жуады десе, сол дәлізде жүру үшін қуана-қуана шығамыз. Өте нәзік, кіп-кішкентай болғанмын. Мені көрген милициялар түріме қарап: «Сен де демонстрантсың ба?» деп күледі.
Бес күндік жазамды өтеп болған соң жатақханама келсем, қыздардың бәрі сабақта екен. Бір жігіт мені жолда көрген. Құрбыларыма сол хабарлапты. Ести сала, улап-шулап, бір соғыстан оралғандай бәрі жүгіріп жетіпті.
Іс оңайшылықпен аяқталмады
Тізім жасалып, студенттерді жаппай оқудан шығарып жатты. Ата-анамның дұғасынан болар, дәл менің кезегіме келгенде жаза тоқтатылды. Себебі оқудан шығарылған студенттердің саны тым көбейіп кеткен екен. Бұл «жалпыұлттық көтеріліске себеп болар» деген қауіптің алдын алу болса керек. Кейіннен жұмысқа тұрған соң комсомол алдымнан тағы да шыға келді. Мені есепке алайын десе, мен комсомолда жоқпын. «Неге?» деп таң қалады. Жүрегім шайлығып қалған, тағы бір нәрсе болып қала ма деген қауіппен шындықты ұзақ уақыт жасырып келдім.
Ресми дерек: 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топ басылып, таратылды. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). 99 адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылды.
90-жылдардың іші. Нақ қай күні екені есімде жоқ. Радиодан «Желтоқсан оқиғасы ақталды» дегенді құлағым шалды. Есім шыға қуанғаным-ай. Қанша қиналып жүрсек те, өзіміздің ісіміздің дұрыс екенін әрқашан да білетінбіз. Соны арнайы хабарлағанда, «ақыры ақталдық-ау» деп жаным жай тапты.