Басты бетБасты"Сағат төртте...

«Сағат төртте алаңға» деген сөз әлі құлағымда — Сағатбек Медеубекұлы

-Ағай, естідіңіз бе?-дейді жолда кезіккен колледж студенттері. Дауыстарында да , көздерінде де үрей бар. Сыбырлап: «Қонаевты алып тастапты. Орнына Колбин деген келіпті»,-дейді.

Қонаев орнынан түсті дегенді естігенде жүрегім «зырқ» ете қалды. Үйге келдім, дөңбекшіп, ұйықтай алмадым. «Не себепті?» деген ой маза бермеді.  Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Біреуден хабарласып, себебін сұрай алмайсың.

Ертеңінде, 17 желтоқсан күні, Сағат Әшімбаев ағамыздан ақпараттың растығын, енді не болатынын сұрамақшы болдым.  Ол кісі Телерадио комитетін басқаратын. Таңертең ерте №128 автобусқа отырып, сол кездегі Пушкин атындағы кітапханадан, қазіргі Ұлшттық кітапхана түсіп, Желтоқсан көшесімен көтеріліп келе жатыр едім. Екі офицер: біреуі қазақ, біреуі орыс: «Қайда кетіп барасың?»-деп, көлегейлеп жібермейді. Мен телевидениеге жұмысқа кетіп бара жатқанымды айттым. «Жоқ, бүгін телевидение жұмыс істемейді»,-деді. Сонда да «Біреуге жолығуым керек»,-деп, «Штаттан тыс тілші» деген куәлігімді көрсетіп едім, қазақ офицер: «Жолдың ана жағымен жүріңіз»,-деп айтты. «Жарайды»,-деп, жолдың екінші жағымен көтеріліп келе жатсам, тура Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында үш-төрт адам тұрды. Ар жағында тағы бес-алты адам тұр. Жақындап келіп: «Жайша тұрсыздар ма?»,-деп едім, сол кезде қазіргі менімен қатарлас кісі: «Мәскеуден бір «дөкей» келе жатыр екен. Соны күтіп тұрмыз»,-деді. Естігенімнің шын екеніне көзім жете бастады. Телевидениеге бара жатыр едім, алдымнан үш әйел адам шықты. Екеуі орыс, біреуі қазақ. «Нам какая разница? Хоть русский, хоть казах»,-деп бара жатты…

Мені телевидениеге кіргізбей қойды. Әскерилер жүр екен. Қайтып, қиылысқа келе жатқанда жаңағы жігіттер тарап жатты. Бір-біріне: «Жігіттер ,сағат төртте алаңға»,-дейді. «Демек, жиналатын болыппыз»,-деп ойладым. Оған дейін уақыт бар. «Не істеймін? Кітапханада отыра тұрайын» деп ойлап, кірдім де, киімімді шешіп, өткіздім. Гардеробтағы қыз қолыма нөмірді беріп жатып, сыбырлап: «Ағай, сағат төртте алаңға»,-деді. Өзі қаршадай қыз. «Мына қыз қайдан біледі екен?» деп ойладым. Ары өтіп, оқырман билетімді көрсетіп жатсам, ол қыз да: «Ағай, сағат төртте алаңға»,-деп сыбырлады. Одан сайын шиыршық аттым. Үлкен бір құбылыс болатын секілді, жүрегім тарсылдап бара жатыр. Содан не керек, кітапқа тапсырыс беріп, оны алуға барсам, жасы үлкендеу бір әйел адам отыр екен. Ол да кітапты беріп жатып: «Қалқам, сағат төртте алаңға»,-деді. Сыбырлап қана…

Өзімнің сүйікті оқу залым бар еді, №1 зал. Көтерілсем, құдай-ау, зал тола адам. Жастар. Бәрі тым-тырыс. Бәрі бір нәрсе оқып отырған сияқты. Анау бұрышында бір бос орын бар екен. Соған барып отырып жатсам, қасымдағы қыз айтады: «Ағай, сағат төртте алаңға». Ол да сыбырлады…

Біраз отырып-отырып, «Қой, біздің журналистер не істеп жатыр екен?» деп ойладым.  Мынау «Көк базардың» жанындағы тоғыз қабатты үйде барлық газет-журналдардың редакциясы отыратын. Сол жаққа барсам, ешкім жоқ. Бір үлкен кісі ғана бар, атын айтпай-ақ қояйын: «Ей, бір нәрсеге ұрынып қалма! Ешқайда барма! Түсіндің ғой?»-деді кетіп бара жатып. Одан сайын ерегестіріп жіберді. «Қыздар шақырып жатқанда бармасам, қалай жігіт болғаным?»-деп, Ұлттық кітапхананың ар жағындағы кішкентай көшемен кетіп бара жатсам, Асқар Тоқпанов деген қазақтың ұлы тұлғасы, тұңғыш кәсіби режиссері келе жатыр екен. Басында қалпақ, қолында таяғы. «Я, аруақ!», «Я, Жасаған!»,-деп келеді. Мені көрді де: «Я,аруақ! Алаңға кетіп бара жатырсың ба? Жүр!»,-деді.

Барсақ, алаң толы. Ана көшеден де, мына көшеден де топ-топ болып, адамдар келіп жатыр. Бір уақыттан кейін бүкіл жиналғандар лек-легімізбен Фурманов көшесімен төмен қарай ұшық. Одан бері қарай Абылай хан көшесі арқылы Жазушылар одағына барып, қайтадан алаңға келдік. Адамдар жолдан қосылып жатыр. Мен көшбасшы емеспін, топтың ішіндегі көптің бірімін. Әйтеуір рухы көтерілген қазақтың бір баласы менмін. Бірақ неге екенін білмеймін, СХИ-да (Ауыл шаруашылық институты) оқитын туған бауырым бар, соны іздеймін. Сағат әлі төрт болмаған соң, інімнің жатақханасына барып келуді шештім. Барсам, жатақханадағы вахташы апай маған: «Ей, балам, алаңға бармай неге келдің?»,-деп ұрсады. «Ешкім де жоқ, алаңға бар!»,-деді. Міне, ұлттық рухтың әр қазақтың бойында көтерілгені сол еді. Азаттықты аңсап, бостандықты аңсап, тәуелсіздікті аңсап…

Алаңда түнімен жүрдік. Қай жерде не болып жатқанын аңғарып болмайсың. Әйтеуір толған адамбыз. Мен енді аноу Қалқаманда тұрамын. Жаяулатып үйге келсем, үй тола адам. Политехта оқитын бір інім бар еді, сол досымен; СХИ-дағы інім төрт-бес жолдасын ертіп алыпты; сол күні әскерден ең кенже інім келіпті, оның қасында үш адам. Содан түні бойы талқылау жасадық. Түнгі екі-үштерде «Менің Қазақстаным» әнін біреулер айтып жүргенін естідік. Шықсам, бұрынғы «МТФ», қазіргі Наурыз деген ауыл бар, сол жақтан естіліп жатыр.  Сөйтсек, алаңдағыларды сол түнде қаланың сыртына тасып апарып, алаңды тазатқан екен…

Ертеңінде бәріміз шығып, Байсейітов көшесімен жоғары қарай келсек, алаңда азын-аулақ адам ғана қалған. Екі адым жер сайын бір орыс, бір қазақ әскерилер қолдарына шоқпар ұстап тұр. Кіргізбейді. Сонда бір қыз анандай жерде шырылдап жүр: «Әй, кірсеңдерші-ей! Еркексіңдер ме? Неге тұрсыңдар?»,-дейді. Қыз бала. Ал енді сол қыз – Тәуелсіздік үшін шырылдаған қыз. Сол шырылдаған дауыс – әр қазақтың азаттықты аңсаған дауысы. Сол күні қаншама адамның қыршын қиылғанын әлі күнге дейін білмейміз ғой. Кеше ғана болған оқиға. Сонда әдейі ұйымдастырып, «Сотқарлар, бұзықтар, нашақорлар» деп айту үшін, топтың ортасына сондай заттар кіргізді. Арақ кіргізді…

Бұл енді менің өзімнің шет жағасын көргенім… «Сағат төртте алаңға» деген сөз әлі күнге дейін құлағымда…

Жазып алған Әсел Сарқыт