Басты бетҚоғамҚарағандының Октябрь...

Қарағандының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі беріледі

12 наурызда Қарағанды қалалық мәслихаты ауданды қайта атау бойынша Жария тыңдаулар өткізді. Қоғамдық тыңдауларға қалалық мәслихат депутаттары, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 9 наурыздағы №6-қ қаулысына сәйкес санитария нормаларын қамтамасыз ету үшін Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинскідегі 10 объектіде Жария тыңдаулар өтті. Алайда, ниет білдірушілер көп болғаны соншалық, микрофондар мен экрандар орнатылған қосымша алаңдар ұйымдастырылды. Барлығы 15 зал болды.

Қарағанды, Октябрь, Әлихан Бөкейхан
Фото: Inform.kz

Барлық алаңдарда 685 қарағандылық қатысты. Алдын ала мәліметтер бойынша, көпшілік Октябрь ауданының атауын өзгертуді қолдап, дауыс берді.

Ауданның атауын өзгерту – бұл идеология, руханият мәселесі. Біз санамызды жаңартып, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюымыз керек, — деді қалалық мәслихат депутаты Берік Құлмағанбет.

Қарағанды, Октябрь, Әлихан Бөкейхан
Фото: Inform.kz

Ал Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев аудан атауының өзгеруі туралы Facebook-те хабарлады.

Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қаланың Октябрь ауданын Əлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты деген хабарды мен зор қуанышпен қабылдадым! Барлық қарағандылықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын!, — деп жазды қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.

Қарағанды, Октябрь, Әлихан Бөкейхан
Фото: Inform.kz

Қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, енді қала әкімдік тиісті қаулы шығарады. Ал оны мәслихат талқылап, шешім шығарады.

Бұдан әрі құжаттар Республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Осы органмен келісім бойынша олар қайтадан облыс әкімдігіне жіберіледі, облыс мәслихатында қаралады және әділет органдарында тіркеледі. Шешім жарияланғаннан кейін он күн өткен соң күшіне енеді, — деп түсіндірді Құдайберген Бексұлтанов.

Өткізілген көпшілік тыңдаулардың хаттамасы 7 жұмыс күні ішінде Қарағанды қалалық мәслихатының, Қарағанды қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылады және қала аумағында таратылатын БАҚ-та жарияланады.

Сонымен бірге Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан деп қайта атау мәселесі Қарағанды қалалық мәслихаты сессиясының күн тәртібіне енгізіледі.

ДереккөзҚазАқпарат