Атырауда үш күнде 400-ден астам білім саласы қызметкері екпе алды

Атырауда білім саласы қызметкерлері арасында екпеге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Атырау энергетика және құрылыс колледжінде өткен жиынға арнайы мамандар қатысты. Атап айтсақ, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ләззат Джайлауова, Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы — Нина Оспанова, №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Нұрбақыт Құпжанов, облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Гаухар Такузова қатысып, вакцинаға қатысты мұғалімдер сауалдарына жауап берді.

Атырау облысында 9 наурыздан бастап мұғалімдерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация салу басталған болатын.

Айта кетейік, соңғы үш күнде 605 атыраулық вакцина алды. Оның 408-і педагог, 183-і медицина қызметкері, 14-і мемлекеттік қызметкер.