Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында топырақтың қатуы бір жарым метрге жетеді, жазық жерлердегі қар жамылғысының биіктігі 90 сантиметрге, таулы жерлерде 1,5-2 метр.
53 бекетте су объектілері режиміне гидрометеорология мониторингі жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Мұздың қалыңдығы 94 сантиметр, су деңгейі сыни белгілерден төмен. Бұқтырма су қоймасында реттеуші сыйымдылығы 14 миллиард 256 миллион текше метр, Шүлбі су қоймасында – 522 миллион текше метр, бұл тасқын суларды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Наурыз айының ортасына дейін Шүлбі су қоймасында 620 миллион текше метр көлемді жинақтау жоспарланып отыр, бұл Бесқарағай ауданы мен Семей қаласының елді мекендерін су басу қауіпінен сақтайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, облыста су тасқыны қауіпті 94 елді мекен анықталды, онда 7 191 тұрғынүй орналасқан, оларда 22 613 адам тұрады.
Мамандарының көпжылдық деректері бойынша Өскемен қаласы, Алтай ауданы, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Бородулиха аудандарында су басу қаупі жоғары.
Шығыс Қазақстан облысында өңір әкімінің өкімімен жоғары дайындық режимі енгізілді. Су тасқынының алдын алу және салдарын азайту іс-шаралары бойынша жұмыстар басталған.
Өңірде күштер мен құралдар тобы құрылды: 3 мыңнан астам адам, 2412 бірлік техника және 370 мотопомпа, 108 эвакопункт дайындалды. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері 97 мың дана қаптар, 15 мың тонна инертті материалдар, 419 тонна — ЖЖМ дайындады, — делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Наурызда жауын-шашын мөлшері Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп болжанып отыр.
Төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны қаупі бар аймақта тұратын тұрғындарға үндеу жасады.
- Тұрғындар үйінің ауласын уақытылы қардан тазалап отыруы керек.
- Үйдің жанындағы арық пен құбырларды тазартып, судың кедергісіз өтуіне дайындау қажет.
- Құбырда су қатып, арық қоқыспен бітеліп қалмауын қадағалау керек.
- Су қаупі туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарлаңыз.