Басты бетБілімМемлекеттік грантта...

Мемлекеттік грантта оқыған студенттерге қатысты заң талабы жеңілдеді

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты.

Биылдан бастап грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді. Енді жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер грантты мамандық бойынша бұрынғыдай тек мемлекеттік ұйымдарда емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алады, — деді департамент директоры.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директорының айтуынша, сонымен бірге енді жұмыспен өтеу мерзімі грант бойынша барлық 4 жыл көлемінде емес, тек белгілі бір уақыт аралығында ғана оқығандардардың пайдасына қарай қайта қаралды.

Мәселен, студент жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсіп, біраз уақыттан кейін жақсы үлгерімі үшін мемлекеттік білім грантын иеленуі немесе керісінше грантта оқып жүріп, ақылы бөлімге ауысуы мүмкін. Бұл жағдайда азамат қанша жыл грант арқылы оқыса, дәл сол мерзімді ғана өтейді, — деді ол.

Айта кетейік, мемлекеттік грант арқылы білім беруге қатысты өзгерістер «Білім туралы» заңға 2016 жылы енгізілген еді. Сәйкесінше, грант бойынша оқыған студенттер оқуларын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болатын.

Бұл норма 2017-2018 академиялық жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс есебінен жоғары оқу орындарына түскен барлық студентке қатысты қолданылады.

Егер студент жоғары оқу орнына грант бойынша 2017 жылы түсіп, 2020-2021 академиялық жылы оқуын аяқтаса, ол грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді. Сондықтан бұл ретте айтарлықтай жаңашылдық жоқ, – деді Әділет Тойбаев.