Instagram-дағы парақшаның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етемін?
- Алғаш рет кіріп, жаңа аккаунт тіркеп жатсаңыз, басқа әлеуметтік желімен кіре салмаған дұрыс. Әдетте өзге желідегі аккаунтыңыз бұзылса, соған байланған басқа парақшалар да «құрбан» болып кетеді. Instagram-ға пошта, байланыс нөмірі немесе Facebook арқылы кіруге болады. Осы жолдармен тіркелгіңіз келсе, олардың қауіпсіз екеніне (мысалы, поштаға кіре алатыныңызға) көз жеткізген жөн.
- Instagram-ға байланған пошта мен байланыс нөмірін профильде жазып көрсетпеген дұрыс. Бұл қауіпті.
- Аккаунттың паролін смартфондағы «Жазбалар» (Заметки) қолданбасына сақтап қоюдан аулақ болыңыз. Ең дұрысы – құпиясөзді жаттап алу.
- Жазатайым смартфонды ұрлатып не жоғалтып алсаңыз, тез арада Instagram-дағы парақшаға басқа гаджеттен кіріп, парольді өзгертіңіз.
- Құпиясөз күрделі болуға тиіс. Мысалы, «12345678» деген немесе есіміңіз бен туған жылыңыздан құралған таңбалар жарамайды. Құпиясөз құрауға шығармашылық тұрғыдан қараңыз. Бәлкім, сүйікті өлең шумақтарындағы жолдардың бірінші әріптерін аларсыз? Сондай-ақ арасына сан қосып қойыңыз. Бір таңбасын бас әріппен беруді де ұмытпаңыз. Сосын парольді 2-3 айда бір өзгертіп отырған жөн.
- Ашық Wifi-ға қосылмаңыз. Жеке парақшалардың паролін браузерде сақтамаңыз.
- Парақшаңызды біреу бұғаттайтындай күдік болса, дереу парольді және аккаунтқа байланған желілердегі құпиясөздерді де өзгертіңіз.
Екіфакторлы аутентификация
Instagram-дағы «Баптау» функциясына кіріп, «Қауіпсіздік» батырмасын бассаңыз, екіфакторлы аутентификацияны табасыз. Аутентификацияға өтсеңіз, байланыс нөміріне код келеді. Сол кодты теру арқылы екіфакторлы аутентификацияны қосып қоясыз.
Аутентификация не береді? Парақшаңызға басқа гаджеттен біреу кіретін болса, сізге хат келеді әрі бұл іс-әрекетті растау қажет болады. Яғни бөтен біреудің басқа құрылғыдан авторизация жасағанын бақылап, дер кезінде шара қабылдап отыра аласыз.
Екіфакторлы аутентификацияны қосқанда арнайы резерв код келеді. Оның не үшін қажет екенін түсіндірейік. Смартфонды жоғалтып алдыңыз делік. Яғни Instagram-нан байланыс нөміріңізге код келсе, оны көре алмайсыз. Осындай жағдайда осы резерв кодтарды қолдануға болады.
Instagram сізге 5 түрлі резерв код ұсынады. Әрқайсын тек бір рет қолдана аласыз. Код тым оңай деп есептесеңіз, оны дәл сол бетте ауыстыруға болады.
Instagram-дағы аккаунт бұзылса, не істеу керек?
Мұндай жағдайда тез әрекет етуге тырысыңыз. Әлі де парақшаға кіре алсаңыз, дереу паролді өзгертіңіз. Сосын «Баптау» бөліміндегі екіфакторлы аутентификацияны қосыңыз.
Ал аккаунтқа кіре алмай қалсаңыз, парақшаға байланған нөмір, пошта немесе Facebook арқылы құпиясөзді бұзыңыз. Әрі қарай бәрі дұрыс болса, екіфакторлы аутентификацияны қосуды ұмытпаңыз.
Парольді бұзған күнде Instagram-нан ешқандай хабарландыру келмесе, демек парақша басқа поштаға тіркеліп, ауысып кеткен деген сөз. Бұзған адамның оны Facebook пен байланыс нөмірінен де ажыратып үлгеруі де ғажап емес.
Бұл жағдайда әлеуметтік желіден көмек сұрау керек. «Парольді ұмытып қалдым» батырмасына өтіп, никнеймді, тіркелген нөмірді, Facebook аккаунтты енгізіп, желіге кіруді қарастырып көріңіз.
Парақша бұғатталған соң никнейм өзгерген болса, оны таныстарыңыздан сұрап, сол логинді жазып көру керек.
Ал жеке парақшаға кіру мүлдем мүмкін болмаса, «Парольді қайта жазу» бетіндегі «Қосымша көмек қажет» деген батырманы басып, оған керек мәліметті енгізіңіз. «Аккаунтым бұзылды» деп белгілеуді ұмытпаңыз. Сұранысты жіберіңіз және жауабын күтіңіз. 1-2 тәулікте жауап болмаса, тура осы сұранысты «Поштаны ұмытып қалдым» батырмасымен жіберіп көріңіз.
* * *
Тағы оқыңыз: Қарапайым қолданушы хакерден қалай қорғануы керек?