Байқау ұйымдастырушыларының мәліметінше «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы 2017 жылы басталды. Содан бері 4 882 өтініш түскен, 163 адам жеңімпаз атанған.
Қазіргі кезде «100 жаңа есім» жобасының IV маусымына өтінім қабылданып жатыр.
Ұйымдастырушылар Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «100 жаңа есім — 2021» байқауына қатысуға өтінім білдірген 5 ару туралы айтты.
Сонымен, әзірге тіркелген 250-ден аса қатысушының арасында ерекше көзге түскен, бұған дейін де халық қошеметі мен алғысына ие болған бестік:
Едильбаева Индира – қазақстандық әнші. 2015 жылы өткен «Казахстан Дауысы» жобасының, 2020 жылы Украинада өткен «Голос Страны» жобасының финалисі.
Ардана Ботай – аға лейтенант. Су-30СМ жойғыш ұшағын тізгіндеген әлемдегі жалғыз қыз. Сонымен бірге Ардана Ботай Ан-26, L-39 және Су-30СМ ұшақтарын да игерген.
Әйгерім Рақыш – танымал әнші. Қазіргі таңда Әйгерімнің репертуарында 30-ға жуық ән бар. Музыкалық сыйлықтар рәсімінде «Жыл серпілісі» марапатын иеленген (Еurasian Music Awords, EMA 2017). 2018 жылы «I’ m a Singer Kazakhstan» жобасының екінші маусымының финалисі.
Айнұр Төлеу – «Отқарақ» кітабының, «Әдебиет пен адамзат» телебағдарламасының авторы. Бейімбет Майлин атындағы медальдің, «Абай» мерейтойлық медалінің иегері.
Сүлейменова Әлия – ITF таэквондо бойынша Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі дүркін әлем чемпионы. Азия чемпионы. Әлем кубогының абсолютті жеңімпазы.
Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз. Жеңіс тұғырында мықтылар кезігеріне кәміл сенімдіміз! Мереке құтты болсын!, — деді жоба ұйымдастырушыларының бірі Сұлтан Мұстафин.
Айта кетейік, «100 жаңа есім» жобасының мақсаты – тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге құштарлық идеяларын ілгерілету.