Басты бетҚоғамПрофессор жаңа...

Профессор жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелері туралы айтты

Осыған орай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Айман Алдаш емле ережелеріне қатысты пікір білдірді. Осы пікірді қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.

Емле ережелерінің құрылымы мен мазмұны қандай болуы керек деген сұрақ туындауы да мүмкін. Алдымен айтарымыз, Емле ережелері – аса маңызды нормативті құжат, оның құрылымы заңнамалық актілер жасауға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс, әрі емле ережелерінің құрылымына қатысты әлемдік тәжірибеде қалыпты нысандар бар. Ал қазақ мәдениетінде бұдан қырық жылдай бұрын академик Рәбиға Сыздық орнықтырған Емле ережелері құрылымының айрықша үлгісі болды, бұл құжат мазмұны жағынан қалың жұртшылықтың ресми, іскери, ғылыми жазба коммуникацияда ана тілінің күллі арсеналы мен байлығы – сөздер мен сөзтүрленімдерін сауатты жазуына, сайып келгенде, қазақ тілінің орфографиялық нормаларының жоғары деңгейде қалыптасуы мен тұрақталуына елеулі үлес қосты.

Латын графикалы әліпбиге көшу ісі қарқынды қолға алынған кезден бастап А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қазақ тілінің емле қағидаларын жаңарту, жаңғырту, толықтыру және жетілдіру бойынша маңызды жұмыстар атқарды. Сауатты жазуды негіздейтін орфографиялық принциптер нақтыланды. Белгілі орфограф-ғалым, профессор Н. Уәли Емле ережелерінің концепциясын ұсынды. Академик З. Базарбаева, профессор Ә. Жүнісбек және олардың мектебінің өкілдері қазақ тілі дыбыстарының фонологиялық-фонетикалық жүйесін ғылыми тұрғыдан анықтады. Қазіргі тіл қолданысында байқалған орфографиялық ерекшеліктер, жекелеген тілдік бірліктердің жазылуындағы әртүрліліктердің болу себептері, орфографияның өзгеру процестеріне ықпал жасайтын лексикалық-семантикалық және басқа да түрткі жайттар форма мен мазмұнның бірлігі тұрғысынан дәлелденді.

Мамандар бірге, бөлек және дефис арқылы жазылатын күрделі сөздердің ғылыми негіздерін және жазу дағдысындағы сипаттарын салыстыра отырып терең талдау жүргізді. Кірме сөздердің, әсіресе ғылым мен техника, шаруашылық пен экономика, білім беру мен мәдениет салаларындағы өзге тілден енген терминдердің жазылуының қазақ тілінің дыбыстық арсеналына негізделген айқын моделдері қалыптастырылды. Зерттеу барысында байқалған проблемалар Институттың ғылыми-өндірістік семинарларында, жоғары оқу орындарының тілші-мамандарымен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының мамандарымен, орфографиялық жұмыс тқбының мүшелерімен бірге өткізілген мәжілістер мен семинарларда жазу теориясы, орфография салалары мамандарының тұжырымдары мен ұсыныстары кеңінен талқыланды, пікірлер мен көзқарастар мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жарияланды.

Жаңа емле ережелерінің мазмұнында емле проблемаларының негізгілерін беру мақсаты көзделді, осы себепті алдымен соңғы кезеңдердегі жазу практикасы мен жазу дағдысында байқалған фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және сөзжасам ерекшеліктері, фонетикалық және лексикалық варианттар бойынша көлемді эмпирикалық материал жинақталды, олардың орфографиялық нормаларын айқындайтын моделдер жасалды. Мәселен, бас әріптің қолданылуы мен емлесіне қатысты 500-ге жуық тілдік фактілер топтастырылды. Сөйтіп, іріктелген тілдік фактілерді моделдеу барысында бас әріппен жазылатын және бас әріппен немесе кіші әріппен жазылуы тиіс тілдік қабаттың күрделілігі, бас әріптің емлесін реттеудің, нормаландырудың өзектілігі айқын көрінді. Өйткені бір-бірімен тығыз байланыстағы дәстүрлі-тарихи принцип пен базалық нормаларға сәйкес келетін, тұрақталған жазу үлгілерінен басқа бас әріп регистрімен орфографиялаудың көптеген үлгілері тіркелді. Тарихи тұлғалардың, миф, әфсана, аңыз кейіпкерлері есімдерінің түрліше жазылуы (мәселен, Қорқыт ата / Қорқыт Ата / Қорқытата) әлденеше мәрте талқылаудан өтті.

Жоғары мемлекетті лауазымдар мен жоғары лауазымды органдардың, мекемелер мен ұйымдардың, заңнамалық актілердің атауларын академик Рәбиға Сыздық күрделі-құрама атаулар деген аталыммен көрсеткен болатын. Қазіргі кезде күрделі-құрама атаулардың да бас әріп регистрімен берілуінде айырмашылықтар бар. Бұған Хан Шатыр / Хан-Шатыр / Хан шатыр немесе басқа тілдердегі орфограммалау үлгісінің қазақ жазба нұсқаларына да стереотипті түрде көшірілуінен пайда болған ЖШС-ның Бас Директоры; «Барыс» акционерлік қоғамы тәрізді орфограммалар дәлел. Осындай айырмашылықтардың себептері Емле ережелерінің әрбір тармағын, әрбір тілдік фактіні талдау мен талқылаудың нәтижесінде біріздендіріліп, дұрыс орфограмманың нақты үлгілері ұсынылды. Бұл – сараптау мен талқылаудан өткен мәселенің бірі ғана.

Емле ережелері бірте-бірте, саналы түрде нормалаушы қызметтің нәтижесінде жасалады. Орфографияның ғылыми-қолданбалы мақсатының басты көздейтіні – жазудың қарапайым және стандартты болуы. Жазу пайда болған тілде емле ережелерінің принциптері де қалыптаса бастайды, ереже ұстанымдары ұзақ мерзім бойында әрдайым жетілдіріле береді, тілдің өз заңдылықтары мен графика арқылы берілетін мүмкіндіктер арасындағы параллелдер іріктеледі.

Белгілі бір тілдің Емле ережелері заңнамалық құжат түрінде болатындықтан, әдетте, онда жинақталатын қағидалар мен ережелерді дәлелдейтін тілдік фактілер үлгілер мен моделдер түрінде шектеулі көрсетіледі.

Ал қазіргі қазақ әдеби тіліндегі орфографиялық нормалардың барлық дерлік ерекшеліктері мен сипаттамалары фонетика, жазу теориясы, лексикология, сөзжасам, морфология, синтаксис, стилистика салалары мамандарының пікірлері ескеріле отырып, емле анықтағыштарында мүмкіндігінше толық баяндалатын болады.

Айман Алдаш
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,профессор