Президенттің құттықтауы Akorda.kz сайтында жарияланды.
«Құрметті ханымдар!
Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің шуақты мерекесі қашанда жүрегімізді сүйіспеншілік пен ізгілікке, мейірім мен шапағатқа бөлейді.
Біз жыл сайын осы күні адамзатқа әсемдік сыйлайтын әйелдер қауымына ықылас-ілтипатымызды білдіріп, ақ тілек арнауға асығамыз. Сіздердің мемлекет және қоғам өмірінде алатын орындарыңыз айрықша. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бекер айтылмаған.
Еліміз әйелдердің әлеуетін толық танытуына жол ашып, олардың құқығын қорғауға және тұрмыс жағдайын жақсартуға баса мән береді. Мемлекеттің жүйелі қолдау көрсетуінің арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын артып жатыр.
Тәуелсіздік кезеңінде әйелдердің түрлі салада толағай табысқа жеткеніне бәріміз куәміз. Сіздердің жетістіктеріңіз жұртты жігерлендіріп, жаңа биіктерге жетелейді, жастарға үлгі-өнеге болады.
Әрқайсыңыздың белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамдағы көптеген өзекті мәселені ұтымды шешуге және елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етеді.
Қазақстан әйелдерінің ақыл-парасаты, ерік-жігері мен жасампаздығы барлық қиындықты еңсеріп, сын-қатерлерге төтеп беруімізге септігін тигізіп жатыр.
Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!»- деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.