Дәрі-дәрмек сақтауға арналған «ақылды» қобдиша — керек дәріні уақтылы қабылдау керек екенін ескертіп отыратын жүйе.

Жобаның мобайл қолданбасы да бар: адам дәріні қорапқа салған соң ұялы телефонына қолданбаны жүктеп, дәріні қабылдау уақыты мен жиілігін белгілейді. Сәйкесінше дәрі ішу керек кезде қобдиша жарқырап, дыбыс шығарып сигнал береді. Дильназдың айтуынша, қобдиша мен қолданбаны науқас та, оның туыстары да қолдана алады.

Мысалы, басқа қалада тұратын ата-әжеңіз дәрі ішуді ұмытып кете береді делік. Үнемі қоңырау шалып немесе хат жазып, «дәріні ішті ме, ішпеді ме» деп тексеріп отыруға уақытыңыз болмауы мүмкін. ОСындай жағдайда қобдиша белгі беріп, не істеу керек екенін еске сала алады. Ал сіз телефондағы қосымша арқылы науқастың қобдишадан дәріні алған-алмағанын, ішкен-ішпегенін бақылайсыз, — дейді жас өнертапқыш.

қобдиша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір қобдишада 5 секция бар. Яғни бес түрлі дәрі сақтауға болады.

Бұл жоба алыстағы жақыныңды жаныңда жүргендей сезінуге мүмкіндік береді, — дейді Дильназ.

қобдиша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әу баста Дильназ ақылды қобдишаны альцгеймермен ауыратын адамдарға арнап жасамақшы болған. Бірақ уақыт өте келе оның барлық адамға пайдалы әрі қажет дүние екенін түсінген.

Альгеймері бар адамның ең негізгі симптомы — ұмытшақтық. Тіпті дәрі ішу керек екенін де ұмытып кете беруі мүмкін. Сондықтан құрбым  екеуіміз осы жобаны қолға алдық. Бірақ кейін дәрі-дәрмекті уақытында қабылдау альцгеймермен ауыратын науқастың ғана емес, кез келген адамның есінен шығуы мүмкін екенін түсіндік. Бұл қобдиша қант диабеті, астма секілді созылмалы ауруы бар адамдарға да пайдалы. Себебі олар аурудан арылуға емес, оның белгілерімен күресуге тырысады. Яғни үнемі белгілі бір дәрі-дәрмекті қабылдап отыруы қажет. Осы ретте қобдиша көмек болар еді, — дейді Дильназ.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дильназ қобдишаны ауруханалар мен емханалардың қолданғанын қалайды. Оның айтуынша, бұл құрылғы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді.

Медбикелер әр палатаны аралап, науқастарға дәрі таратып жүретінін естідім. Меніңше, бұл жұмыс көп уақытты алып қояды. Оның орнына әр науқас төсегінің жанына бір-бір қобдишадан қойса, Науқас дыбысты естігенде, дәрісін алып, өзі іше берер еді, — дейді 12 класс оқушысы.

Алдағы уақытта Дильназ Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, Алматыдағы ағзасында АИТВ бар науқастарды емдейтін ауруханада қобдишаны іс жүзінде пайдаланып көруді жоспарлап отыр.

Болашақта қосымшаға науқастың дәрі қабылдауы туралы барлық ақпаратты сақтайтын функция қосуға болады. Кейін ол мәлімет дәрігерге диагноз қоюға, қорытынды жасауға көмек беруі мүмкін, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жақында Дильназ ақылды қобдишаны патенттеп, заң жүзінде авторы атанды. Енді ол жобаға түрлі өзгеріс енгізіп, дамытқысы келеді.

Кей дәріні бөлме температурасында, кейбірін тоңазытқышта сақтау керек. ОСыған орай қобдиша ылғалдЫғын өзгертуге болатын функция қосуға болады. Қазір бес секция бар. Оның санын арттырсақ, дәріні де көбірек салып қоюға болар еді. Бірақ көлемін мейлінше шағын жасауға тырысамыз,  себебі қол сөмкесіне салып алуға ыңғайлы болуға тиіс, — дейді ол.