28 мың тұтқынға рақымшылық жасалады

Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық жасау мемлекеттің ізгі ниетінің көрінісі  болып саналатынын айтты.

– Отандастарымызға қатысты жасалған осынау кешірім мен мейірім және үміт актісі қоғамды сауықтыруға мүмкіндік береді. Рақымшылық жасау шарасы әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарды, атап айтқанда, кәмелетке толмағандарды, жүкті және балалары бар әйелдерді, мүгедектер мен қарттарды қамтиды. Рақымшылық 28 мыңға жуық азаматқа жасалады деп жоспарланып отыр. Бұл – ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңындағы маңызды адамгершілік акциясы, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев түзеу мекемелерінен 1500 адам босатылып, соның 80%-ы пробация қызметінің бақылауында болатынын атап өтті.

– Бұлардың бәрі – өз азаматтарымыз. Олардың түзу жолға түсіп, қоғамнан орнын табуына мүмкіндік беру керек. Бәріміз оларға көмек көрсетуіміз қажет. Кешірім жасалғандар енді заңсыздыққа жол бермейді деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында республикамызда заңнаманы ізгілендіру жолында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты.

Айта кетейік, елімізде Тәуелсіздік жылдарында 8 рет рақымшылық жасалған.