Басты бетБілімАсхат Аймағамбетов...

Асхат Аймағамбетов енді мектептерге педагогтар конкурс арқылы қабылданатынын айтты

Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтарды конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорға тәуелді болмайды.

Қазіргі таңда педагогтарды жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидатына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін, — деп жазды министр Facebook парақшасында.

Ведомство басшысының айтуынша, кейбір өңірде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп беретін жағдайлар бар. Бұл — білім беру сапасына кесірін тигізеді.

Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтарды жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау жоспарланған.

Ережеде конкурс іріктеуінің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады.

Сәйкесінше педагогты жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайды. Педагогтардың кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады, — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасындағы маңызды екінші норма басшыларға қатысты.

Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, ротациялау институты мемлекеттік қызметте, бизнес құрылымында және басқа да бағыттарда енгізілген. Алайда білім беру саласында ротациялау тәртібін қолдану мүмкін болмады. Тіпті мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың басым бөлігімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сәйкесінше көбі лауазымды қызметті жылдар бойы атқарады.

Дегенмен олардың арасында ұйымдағы жұмысты жақсарту үшін бар күшін, ынта-жігерін салып еңбек етіп жатқан білікті басшылардың да бар екені жасырын емес. Тек жылдар бойы бір орында жұмыс істесе де тиімділігін жоғалтпағандар санаулы, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жұмысқа деген ынтаның төмендеуі, мотивацияның жоғалуы немесе сол ұйымдағы басқа мамандардың да қызметтік өсуге деген ниетінің болуы – заңды ұғым.

Яғни басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Жалпы басшыларды орындарымен ауыстыру үздік тәжірибесін басқа да ұйымдарға енгізуге ықпал етеді. Әрине, бұл тұрғыда ротациялаудың нақты тәртібі бекітіледі, — деді ол.

Ротацияны министрлік әзірлеген қағидалар бойынша білім басқармалары жүргізеді.