— Ертегі жазуға не түрткі болды?

— Журналист болған соң бір сәт өзіңнің дүниеңді жазғың келеді. Себебі жазу — ең жақсы білетін, қолыңнан келетін ісің. Психология саласына қызығып, сол жақтан алған білімді балаларыма жеткізгім келгендіктен ертегі жазуға бел байладым. Ал психология көбіне нақты әрекеттермен емес, әртүрлі образбен жақсы түсіндіріледі. Ертегідегі кейіпкерлерім осыдан келіп пайда болды.

«Тима мен Жаниктің бастан кешкендері. Сиқырлы сандық» ертегісіндегі кейіпкерлер – 10-12 жастағы балалар. Олар Алматыда тұрады. Екеуі әжесінің әлдебір құпиясы бар екенін біледі. Бір күні осы әжесі қалаға келгенде балақайлар оны зерттеп, бақылай бастайды. Сюжет бойынша бас кейіпкерлер сан жолдан өтіп, көп дүниеге жолығады. Жалпы алғанда, бұл ертегі адамның түрлі эмоцияны өткеруі және өзгемен қарым-қатынас құруы туралы.

— Балаларға арналған шығармаға психологияны не себепті қостыңыз?

— Заманауи ертегілер адам санасының қалыптасуын реал өмірмен байланыстырмай өте алмайды деп ойлаймын. Психологиялық әдеби шығармалар қазір аз болғанымен, болашақта дамитынына сенемін. Себебі кез келген шығарма өміріміздің айнасы іспетті, бәрімізді суреттеп тұрады.

Ертегімді кейде «Суқұйғыш дәуірі» деп атаймын. Әдетте ертегі кейіпкерлері сыртқы ықпалдан пайда болатын қақтығыстарда батырлық көрсетіп, сынақтардан өтіп жатады. Ал менің ертегімнен балалар ең жақсы сезім де, жаман көңіл-күй де ең бірінші адамның өзінде басталатынын, содан кейін барып сыртқа әсер ететінін үйренеді. Басты кейіпкерлер өзін қалаған өмір толқынына икемдейді және соған сай оқиғаларды өткереді. Дәстүрлі ертегілердің батырлары сыртқы жаумен күреседі. Ал Тима мен Жаниктің ең ұлы күресі олардың санасында.

Ертегілер мен аңыздар арқылы бұрын адамдардың неге сүйеніп өмір сүргенін, неден қорыққанын білеміз. Ал қазіргі ғылым адамның қабілеттерін бізге басқа қырынан көрсетіп келеді. Мысалы, ғалымдар ми жұмысын зерттей келе адам өмірін өзі қалыптастыра алады деген пайымға тоқтады. Біздің ойымыз бен сезіміміз – басты механизм. Денсаулығымыз, белсенділігіміз және белгілі бір нәтижеге жетуіміз осы екеуіне тікелей байланысты.

Адамдар позитивке де, негативке де сезімтал. Әр ойымыз бен эмоциямыз өмірімізге әсер етеді. Қазіргінің адамы сәттілікке үміт артып отырғысы келмейді. Олар бар ойын дамуға, денсаулығын сақтауға, жақсы өмір сүруге жұмсайды. Қазір осындай қоғам қалыптасып жатыр және балаларымыздың да өмір сүретін ортасы сондай болады. Мен айтып отырған жан-жақты жетілген қоғамға біздің балалар дайын болуы үшін оларды дені сау және жетістікке жете алатындай етіп тәрбиелеу керек. Осы тұрғыда ертегім пайдалы болады деп ойлаймын.

Кітабымды, мәселен, 6 жасар балаға ересектер оқып бере алады. Ал 10-12 жастағы балалар өзі оқи береді. Байқауымша, біз кейде бала күнімізде оқыған нәрсені есімізде жақсы сақтаймыз да, мағынасын есейгенде барып бір-ақ түсініп жатамыз. Сондықтан бұл ертегіні тіпті ересектер де оқып, керегін ала жатар. Үлкендер ертегідегі баланың әрекетіне қарап, оның және өзінің психологиясына үңіле алады. Сондықтан да шығарманың жас шектеуі жоқ.

Әлия Мейірбек. Фото жеке архивінен

— Ертегіні кітап етіп басып шығарасыз ба? Жалпы жариялауға келгенде біздің авторлар қандай проблемамен кезігеді?

— Қазақ тілінде сапалы контенттің аз екенін айту, осындай пікірде болу белең алған. Ертегіні жазып жатып, бұл ойдың шындыққа жанаспайтынын байқадым. Сапалы контент табылады, тек авторларға ортақ алаң жоқ. Кез келген уақытта автор өз өнімін жариялайтын индустрия қалыптаспаған. Ертегімді орысша жаздым, кейіннен қазақ және ағылшын тілдеріне аударттым. Қазақшаға Әлия Кемелбекова аударды.

Сол кезде Ресейде орысша жазатын авторлардың өз алаңы, ортасы бар екенін білдім. Бұл ортаға ресейлік жазушылар мен авторлар ғана емес, дүниежүзінің орысша жазатын адамы қосыла алады. Мұндай әдеби онлайн-платформа жеке кәсіпкерлерге тиесілі және олар сонымен әжептәуір қаражат тауып отыр. Сайттар автордың шығармасын тегін жариялау арқылы оған мәтінді түзеу, иллюстрациясын жасау, интернетте таралуы және әдеби іс-шараға қатысу сияқты қызметтер ұсынады. Оқырман үшін де ыңғайлы. Кез келген адам заманауи шығармаларды онлайн платформадан оқи алады. Қаласа, баспадан шыққан кітап түріне де тапсырыс бере алады. Қазір Ресейде Ridero, ЛитРес, Ozon, Mybook сияқты танымал платформалар бар. Әсіресе іскерлік әдебиет пен балаларға арналған кітаптар мен оқулықтар платформасы танымал. Әдеби сайттар дүниежүзілік алпауыт Amazon, AliExpress, Google Books сияқты компаниялармен серіктес болғандықтан орыс тіліндегі шығармалар әлем оқырманына қолжетімді. Ал қазақстандық авторлар дүниежүзіне танылу үшін шығармасын Ресей арқылы ғана таныта алады. Себебі алпауыт компаниялар Қазақстанмен серіктес емес.

Мен ертегімді Google Books-қа тегін жариялауға тырысып көрдім. Бірақ мұның мүмкін емес екені туралы хат келді. Онда Қазақстан деген жазудың қасында қызыл айшық тұрды.

— Елімізде авторлар өзінің туындысын тегін жариялай алатын алаң жоқ па?

«Тима мен Жаниктің бастан кешкендері. Сиқырлы сандық» ертегісін ресейлік бір сайтқа жариялап көрдім. Тегін шығарғаным үшін оны басқа басылымдар да көшіретін болды. Осылайша ертегімнің орысша нұсқасы өз оқырманына жол тартты.

Ал қазақша нұсқасымен проблема мүлдем басқа. Оны отандық Ikitapdykeni қолданбасына тегін жүктедім. Осы қосымшаның арқасында ондаған қазақстандық авторды оқырман тегін оқи алады. Бірақ бұл қолданба қазақстандықтар арасында танылып үлгермеген.

Сонымен қатар отандық бюджеттен қаржыланатын әдеби сайттарға хабарласып көрдім. Бірақ олар шығарманы ақылы жариялайтынын айтты.

2021 жыл Қазақстанда «Балалар әдебиеті жылы» болып жарияланды. Осыған қарамастан авторлар онлайн платформаға шығармасын тегін жариялай алмайды. Тіпті баспаларға хат жазып, хабарласқанымда да жөнді жауап ала алмадым.

Жақында балалар авторы ретінде Қазақстан-Ресей онлайн әдеби шарасына қатыстым. Сонда Ресейде балалар әдебиетінің дамуына көп көңіл бөлініп жатқанын байқадым. Балалар кітапханасы мен баспаларға, балаларға арнап шығарма жазатын авторларға қаржылай қолдау бар. Бұл жұмыс нәтижесін көрсетіп те жатыр. Балалар әдебиеті уақыт өткен сайын сапа жағынан да дамып, сұраныс өскені көрінеді. Қазақстанда да балаларға арналған шығармашылыққа мән берілсе, біздің бүлдіршіндер кітап сөрелеріндегі өзіне арналған кітаптарды көріп, қызығар еді.

Қазір біз балаларымызбен бірге кітап оқысақ, оларға арнайы уақыт бөлсек, бұл ісіміз жемісін жүз есе береді әрі балалардың болашағы жарқын болады деп сенемін. Қазақстандық авторларға өз шығармасын еркін жариялай алатындай жағдай жасалғанын қалаймын.

Ертегіні кітап етіп шығару үшін үлкен қаражат керек. Оны баспадан шығарғанның өзінде сатылым жағы тағы бар. Аты дүркіреп тұрған кітап дүкендерінің өзі отандық авторлардың кітабына қызықпайды екен. Ал әдеби шығарма жазу кәдімгідей біраз уақыт алады. Оны жай ғана жаза салмайсың, өңдейсің, түзейсің, иллюстрациясын қарастырасың. Оның үстіне әдеби шығарма жазып жүріп өмір сүруге үлгеру керек. Сондықтан осындай еңбекпен жазылған дүние оқырманға қолжетімді болса деймін.

Тима мен Жаниктің бастан кешкендері

Сиқырлы сандық

Жұмбақ қонақ

Тима ауылдан әжесі Енисая қонаққа келе жатқанын естіп, қатты таң қалды. Ол әжесінің ерекше жан екенін бұрыннан білетін, алайда үйде бұл тақырыпты сөз қылуға болмайтын еді. Жо-жоқ, әжесі есінен алжасқан кемпір емес: қайта адамдар оны құрмет тұтатын, «дана кейуана» деп ақыл сұрайтын, бірақ бәрібір қорқақтайтын-ды. Үлкендердің әңгімесінен Тима әжесінің оқшау өмір сүретінін, ал көршілер оның үйінен алыстау жүруге тырысатынын біледі. Ауылдағылар Енисая әйел заты болса да, бір топ еркекті оп-оңай сұлатып тастайды деседі. Қарияның үйінде адам жоғалып кететіні жайында қауесет те тараған. Ең қызығы, қарт әжейдің есік алдында күлгін түсті маң-маң басқан дәу алабай тұқымдас ит жүреді. Төбет төрт аяқтап тұрғанда бойы сала құлаш екен-мыс. Ауыл тұрғындарының арасында әлгі алабай Енисаяның бой десе бойы, ой десе ойы бар сымбатты сүйіктісі болғанын, бірақ сол сүйіктісі опасыздыққа барып, әйел жүрегін жаралаған екен, ал ашуға бой берген Енисая оны төбетке айналдырып жіберген деген әңгіме де тараған.

Балалардың әкесі шешесінің қиас қылықтарын қашанда жоққа шағарумен болды. Ол анасының кәдуілгі әйел, жай күйбең тірлікті жаны сүймейтіндіктен оғаш жүретінін, ал қоғамда қылығы бір түрлі адамдарға күдікпен қарайтыны жайында айтудан жалықпады. Ол әке ретінде балаларға, бала ретінде анасына да қамқорлық көрсетуді ойлады.

Әжесі төбесінде мансардасы бар шап-шағын үйде тұрады. Ол табиғаты көркем тау етегінде орналасқан. Бір мүшелге толған Тима бұл жерде үш рет болған екен. Алғашында — сәби шағында, сондықтан, әрине бұл сәт есінде қалмапты. Екінші мәрте мектеп табалдырығын аттамас бұрын осында ата-анасымен бірнеше күнге келген. Шешесінің үйі толықтай қауіпсіз деп әкелері айтса да үнемі шекісіп, төбелесіп қалатын Тима мен Жаник әлгі үйде бірге жүру үшін тату болуға уағдаласты.

Балалар әке-шешесінің бұл үйдегі тылсым құбылыстарды қалайша байқамай жүргендерін еш түсінбеді. Әже өзінің қоластындағы барлық заттарға немерелеріне барынша қонақжайлылық танытуды қатаң түрде тапсырды. Бірақ, Енисаяның сыртқа шығып кеткен сәтте үй ішінде зеріккен заттар қонақтардың есін шығарудан тынар емес-тін. Бала шатырға шығаратын сатының үстінде жүрсе, ол билей жөнелетінді шығарды, тепе-теңдікті сақтай алмаған Тима мен Жаник жығылып қалса, баспалдақтар көлдегі бақалардай бақылдай жөнеледі.

Есіктер де әзілге жақын еді. Есіктің бірін ашуға тырысқан немерелері арғы жаққа өте алмады, өйткені бір есік ашылған бойда балалар келесі жабық есікке тап болды, береуі ашылса, келесісі кедергі келтіріп, дайын тұрды. Балалар келесі бөлмеге өту үшін есіктерге жалынып-жалбырынатын, сонда ғана тосқауылдар толастайтын. Кей-кейде келесі бөлмеге өту үшін есіктерге сағаттап қошемет сөздерді айтуға тура келді.

Немерелер әжесінің үйіндегі тылсым заттардың ішінде терезелерге ерекше қызығумен болды. Балалар көшеге көз тастағанда әйнектер біресе оңға, біресе солға, 45 градусқа бұрылып, ойнақ салатын. Осылайша балалар тау етегіндегі тұмса табиғатты тамашалап, бақта жүздеген көбелек қанатымен салған өрнектерге қызығып, Мұнар атты күлгін түсті алабайды шөп арасынан тез тауып алатын.

Жайбасар иттің әр қимыл-қозғалысы балаларды мәз-мейрам етті. Бала мейірімін сезінген иттің қуаныштан төбесі көкке екі елі ғана жетпеді. Енгезердей төбет балаларды айналсоқтап, кеше туған күшіктей ойнақтап, мәре-сәре болып, құйрығын бұлаңдатады. Балдырғандар оған қол созса болғаны, ақылды әрі мейірімді мақұлық оларға өзінің ұзын сирағын ұсынатын. Балақайлардың алаңсыз шаттануы мен сыңғырлаған күлкісі айналаға тарап, кеш батқанда бірақ тынатын. Бір қызығы ебедейсіз Мұнар қанша жүгіріп, секірсе де балаларға табанының ұшымен де зиян келтірмейді, ит пен бала арасындағы достықты ылғи байқайтын әке мен шеше мәз, Мұнар атына заты сай күлгін тарқан будақ дерсің.

Тима мен інісіне алабайға мінгесіп алып жүрген ерекше әсер сыйлады. Екеуі ит желкесінен мықтап ұстап алады, төбет бүлкілдеп жүріп өзен, тау-тасты артқа тастап, балалардың құмары қанғанша арқалайтын. Кейде төбет балаларды үйден тым алыс әкеткен күндер болды, оған ағалы-інілі еш алаңдамады: қанша алысқа ұзаса да ит қайтар жолды жаңылмай тауып келеді. Бірнеше күн ішінде ит пен балақайлар бір-біріне бауыр басты. Осы достық балаларды әже үйіне үнемі тартып тұрды, ал тіршілігі құпияға толы әжей, әлгінде айтқанымыздай жалғыздықты жаны сүйді.

Балалардың әжесіне деген қарым-қатынасы осы ауылға үшінші рет қонаққа келгенде күрт өзгерді. Ол уақытта Тима онға, Жаник сегізге толған кез. Балалар Мұнармен есік алдында асыр сап, шулап ойнап жүрген, кенет үй ішінен бейтаныс ер адамнын даусы естілді. Балалар айналадағы бірнеше шақырым жерде орналасқан бұл үйде әжесі мен өздерінен басқа тірі жан жоқ екенін білетін. Үрейленген Тима мен Жаник аяқтарының ұшымен ішке кіріп, әженің бөлмесіне қарай ұмтылды да, сәл ашық тұрған есікке құлақ түрді. Әлде бір ілмек мұрынды, жоқ жерден пайда болған арық келген ер адам Енисаямен тым қатты дауласып жатты.

— Осыған дейін бізден ұлыңды жасырып келдің. Енді немерелерің бар.

— Немерелерімді құрбан ете алмаймын. Олар әлі тым кішкентай — деп кемпір сыбырлап айтса да даусында қатқылдық сезілді. Кейуана қолын алға қарай сермегенде, сұқ саусағымен ердің көзін шұқып алатындай көрінді.

— Қарабастың қамын ғана ойлайтын кез емес. Бәрімізге бірдей қауіп төніп тұр! — деп жекіді бейтаныс.

Әжей ызасын тудырған мейманды қабырғаға қарай итере бастады. Балалар сол бұрышта қақпағы ашық тұрған сандықты байқайды. Кенет Енисая екі қолымен ер адамды алқымынан алып, оны күшпен сандыққа тығады да, жалма-жан сандықтың қақпағын жауып, тұтқасына ауыр құлып салды. Сандықпен ісі біткен кемпір, есікке қарай жалт қарағаны сол-ақ екен. балалар сыртқа қаша жөнелді. Зәресі ұшқан екі бала сатымен төмен жүгіре жөнелді, саты әуелгі әуеніне салып, балаларды құлату үшін ары-бері билей бастады. Балалар баспалдақтан баспалдаққа тез-тез басқаны соншалық, саты олардың артынан үлгермей қалды. Төмен түскенде інісі артына бұрылып сатыдан есесін алғандай, оған тілін көрсетіп, бетін тыржитты, Тима сыртқа шығуға асығып, есікті тергені сол еді, бірақ кербез есік, мақтау күтіп, тосқауыл қоя берді. Сонда Тима есікті бар күшімен теуіп кеп жіберді.

«Ай» деген дыбыс естілді де, есік айқара ашылды. Балалар сыртқа жүгіріп шықты, олар Мұнарды шақырды да оған басы ауған жаққа әкетуді тапсырды. Қорқып қалған балалар үйге қас қарайған шақта оралды. Әлгі қара құлып сандықта міз бақпай ілулі тұр екен. Қалған күндері балалар күні-түні әжесі тұтқынды қашан шығарады екен деп тың тыңдап, кемпірдің әр қимылын бағумен болды. Ал Енисаяның кескін-келбетінде уайымның ізі де жоқ, түк болмағандай, тіпті бұл жағдай туралы мүлде ұмытқан дерсің.

Алматыға оралған соң Тима мен інісі өз достарына «ешкімге тіс жармаңдар» деп сиқыршы-әжесі мен күлгін алабай туралы айтып берді. Олар ағайынды екеуінің айтқандарына ешкім сене қоймағына қапаланды. Әжелері қалайда қонаққа келіп, өзінің сиқырын балаларға көрсетсе, алып алабайға мініп ойнаса ғой шіркін.

Міне, күтпеген жерде кемпір өзінің келетінін айтып, хабар жіберді. Мұндай жайтты ешкім күтпеп еді. Балалардың әке-шешесі аяқ асты шешімге не түрткі болғанына алаңдады. Жалғыздықтан құса болған әжей ауырып қалмады ма екен, әлдебір жағдай туындамады ма деп уайымдады. Ал балалар болса әже мен бөтен кісінің әңгімесін еске алды. Осыған дейін бұл оқиға туралы ешкімге, ешуақытта тіс жармаған екеуінің уайымы – Енисая келіп бізді алып кетпесе  екен болды.

Жұмбақ қонақ қалаға өзі жететінін хабарлаған. Таң атпастан отбасы қонақтың келуіне орай мәре-сәре. Отанасы асүйде дәмді тамақ пісірумен болды. Балалар әжелері қай бөлмеде ұйықтап, қай бөлмеде сиқырмен айналысатынын ойластырғандай болды. «Әже бізді құрбандыққа шалатын болса, қорғанайық» деген оймен қос ұл  екі пышақ тауып, жастықтарының астына тығып қойды.

Отағасы есік алдындағы ағаштардың түбіне су құйды. Күн көзіне шағылыса сорғалаған тамшылар бақ ішінде кемпірқосақ доғасын түзді, гүл сабақтары бір ауыздан тіктеліп, күлтелер ашыла түсті. Табиғаттың бұл көрінісін қанаттары түрлі-түсті оңдаған көбелек көмкеріп жібергендей. Көңіл қуантып, көздің жауын алатын тамаша көрініс.

— Келді, — деді өз-өзіне балалардың әкесі.

Ол қонақ келуіне орай алдын ала ашып қойған қақпаға қарай асықты, жол-жөнекей терезе жаққа мойын бұрып, бәйбішесін шақырды. Әйел балаларына қонақты сыртқа шығып қарсы алуды бұйырды.

Қонақ көп күттіртпеді: бірнеше минуттан соң есік алдына такси аялдады. Машинадан аяғына біз өкше киген орта бойлы, кексе әйел түсті. Үстіндегі шалбарлы қара костюм ажарын аша түскен. Пиджактың тік жағасы ханымның сымбатты тұлғасына жарасып-ақ тұр. Құлағындағы салпыншақ сырға, қолындағы білезіктер мен мойнындағы Алтын адам түрінде салпыншағы бар алқасы көздің жауын алады. Әбден ақ түскен бұйра шашы тау басындағы ақша бұлттардай басын көмкеріп тұрды. Бір тылсымды сезінгендей әженің жанында бір топ көбелек үйірімен ұшып жүр. Олар әжемен бірге сонау тау бөктерінен таксимен келген секілді. Тима мен Жаник қандай-да бір белгіні назардан тыс қалдырмау үшін тылсымға толы кемпірдің әр қимыл-қозғалысын бағумен болды.

— Төрт көзіміз түгел. Тамаша! — деп әже қулана күліп, қолын созып, туыстарына құшағын ашты.

Отбасы мүшелері кезек-кезек аман-саулық сұрасты. Әкесі, анасы, Тима мен інісі тұр. Қонақ әрқайсысын шөпілдетіп, беттеріне қызыл далаптың ізін салды.

— Сорайып кетіпсің, мына томпиған бетін қара, — деді кемпір Тимаға мейірлене қарап, тәмпіш мұрнына саусағының ұшын тигізіп.

— Ал сенің мына қылдырықтай түрің не? Құр сүйек. Күні бойы шапқылайсың-ау деймін? — деп әже Жаниктің шашын сипап өтті.

— Мұнар келмеді ме? — деп сұрады салы суға кеткен кіші бала.

— Балам-ау, көршілерің Мұнарды көрсе безіп кетеді ғой, — деп күлді әжесі. — Ол үй күзетіп қалды.

Такси жүргізушісі түбінде шағын дөңгелегі бар үлкен чемоданды сыртқа шығарды. Бәрі амандасып алғанын күтіп, кейін Тиманың әкесін жүк салғыштың жанына шақырды.

— Сізге үйге дейін көтерісейін, — деп такси жүргізушісі аузында ілме құлыбы бар үлкен ағаш сандықты нұсқап.

Тиманың әкесі мына бір үлкен сандықты сонау таудың етегіндегі ауылдан осы қалаға әкелудің қажеті қанша деп шамданайын деген, бірақ тілін тістеп, өзін әзер ұстап қалды. Анасы қонақта болғанша бұл әпенділеу құбылыстардың басы, қызықтың көкесі әлі алда екенін жақсы түсінді. Сандықты қонаққа екінші қабатта арнайы әзірленген бөлмеге апарып қойды. Зілдей жүкті көтеремін деп белін де ауыртып алды.

— Ана байғұстың мәйіті әлі сонда шығар, — деп болжады Жаник.

— Ондай байғұстар көп шығар ішінде, — деп сыбырлады ағасы.

Тал түс. Дастархан басында әже жалғыз баласының отбасы мүшелерінен жеке-жеке хал сұрады.

— Думан, бизнесің қалай, жүріп жатыр ма? — деп сұрауын үй иесінен бастады.

— Бәрі жақсы. Тағы бір сауда нүктесін аштым.

— Құтты болсын. Сенің қызметің қалай, Сара? — деп психолог болып жұмыс істейтін келінімен де жағдай сұрасты.

— Мен «Әйел сиқыры» атты авторлық курсты әзірлеп, сол бойынша дәріс беріп жүрмін.

— Мама, сен де әжем сияқты сиқыр білемісің? — Жаник анасына сұрап, Енисаяға қарай бұрылды. — Әже бізге сиқырдың бір түрін үйретесіз бе?

— Ең басты сиқыр — адам өз өмірін өзгерте алуы, — деп мейман жымиды. — Уақыты келгенде үйретермін. Ал әзірге жігіттер, немен айналысатындарынды айтыңдаршы?

— Тима қыздарға қырыңдайды, махаббат туралы хат жазады, — деп мырс етті Жаник.

— Үніңді өшір! Өтірік! — жұлқынып айқай салды Тима.

— Өзің өшір! Өз көзіммен көрдім ғой.

Тима зығырданы қайнап, інісін мытып жіберейін деп еді, қолы кесеге тиіп шай төгіліп қалды. Ызаланған ағасы інісінің басынан соғып жіберді, кішісі дес бермей ағасын жұдырықпен иығынан сарт еткізді.

— Тима, Жаник! — әкесі зілді дауыспен ұлдарды жұлқып жіберді.

— Үп-үлкен болып, миларың жоқ! Мынау не қылған лаң! Ебедейсіз бегемот, — деп ашуланды анасы.

— Қыздардан басқа саған не ұнайды, Темірлан?

— Ол әдемі шаш үлгілерін жақсы көреді, қыздарға гитарада ойнағанды ұнатады. Шөлп-Шөлп! — Жаник ата-анасы оның сөзін сөйлейтінін білді де, мүмкіндікті пайдаланып, ағасының барлық жаман қылықтарын қалдырмай тізбек болды.

— Өтірік айтады. Жынымды ұстатып болды, үнемі мені жамандай береді! — Тима кіжірейіп, орнынан тұрып кетпекші болып еді, бірақ әжесінің қатқыл көзқарасы оны тоқтатты.

— Ал сіз, Жансұлтан өзіңіз жайында не айта аласыз? — деп әжесі кіші немересіне үлкен кісіге сөйлегендей жөн сұрасты. — Жасыңыз болса онға келді. Психолог анаңыздың жетекшілігімен қандай жетістікке жеттіңіз?

— Ол өзінің мұрынбоғын зерттеумен айналысады, — деп кекетті Тима.

Отағасы әңгіме райын басқа арнаға бұрмақшы болып, Жаникке тәттілер ұсынды.

— Тәбетім жоқ, — деді кібіртіктеп Жаник.

— Туған балалардан гөрі бөтен баланы оқыту әлде қайда оңай, — деп күрсінді Сара.