Басты бетМедицинаАлматыда ана...

Алматыда ана мен бала өлімін азайту үшін іс-шара жоспары қабылданды

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынында 2020-2025 жылдары қалада денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың қорытындылары талқыланды.

Алматының медицина ұйымдарында 2 миллионнан астам адам тіркелген, оның 28,5%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. Медицина қызметтерін ТМККК аясында Қоғамдық денсаулық басқармасына бағынышты 74 медицина ұйымы, 13 республикалық және 90-нан астам жеке медициналық ұйымдар көрсетеді.

Алқа жиынында денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті — медицина көмекгінің сапасы мен қолжетімдігін арттыру екені айтылды. Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 24 көрсеткіштер мен индикаторлардың 21-і бойынша жоспарлы мәндер іске асты.

Осыған орай Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы көрсеткіштер мен индикаторларға қолжеткізу бойынша шаралар қабылдауды, сонымен бірге жалпы өлімді азайту бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды.

Әсіресе, аналар мен сәбилер өлімінің алдын-алуға және оларды ескертуге ерекше назар аудару керек. Сонымен бірге, ана мен баланы қорғау бөлімінің, АМСК-тің, әйелдер консультациялары мен босануға көмектесетін ұйымдардың жұмыстары күшейтіледі, — делінген хабарламада.

Бүгінде мегаполистің мемлекеттік медицина ұйымдарында 6 мыңнан астам дәрігер мен 13 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Инфекция стационарларының, көпбейінді клиникалардың және отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың қарқынды салынуы кадр тапшылығының өзекті мәселеге айналғанын көрсетіп жатыр.

Қаланың медицина ұйымдарына шамамен 590 дәрігер – анестезиологтар, пульмонологтар, кардиологтар, невропатологтар және басқалары, сонымен бірге 300-ге жуық орта буын қызметкері қажет.

Дәрігер, Алматы, коронавирус
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Таяу жылдары жаңа ауруханалар мен емханалардың ашылатынын ескере отырып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кадр тапшылығын төмендету бойынша жалпықалалық жоба қабылдауды тапсырды.

Іс-шаралар жоспарында түлектерді жұмысқа орналастыру және медицина қызметкерлерінің білігін арттыру ісіне жоғары оқу орындары мен колледждерді тарту керек. Ынталандыру тетіктері, оның ішінде KPI бойынша бағалау, үстемақы және әлеуметтік қамсыздандыру, жеңілдетілген қалалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктері қарастырылған.

Алқа жиынында қаланың денсаулық сақтау жүйесін таяу арада дамытудың міндеттері айқындалды.

Кездесуді қорытындылаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев осынау игі мақсаттарды жүзеге асыруда қала тарапынан толық қолдау көрсетілетінін айтты. Өйткені әкімдік жұмысындағы ең басты бағыт — қала тұрғындарының денсаулығы.