Бортсерік қандай болуы керек?

Бортсерікке қойылатын ең негізгі талап – ашық болу, кез келген адаммен еркін әрі тез тіл табысу. Қанша жерден ағылшын тілін жетік білсе де, сұлу, сымбатты болса да, басқалармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмаған жан бұл мамандыққа жарамайды.

Бортсерік қызметіне қабылданбас бұрын бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өту керек. Ең әуелі түйіндеме жібердім. Бетпе-бет кездесуде бойымызды өлшеді, “Неге бортсерік болғыңыз келеді? Іріктеу жайлы қайдан естіңіз?” деген сияқты бір-екі жалпы сұрақ қойды. Мұнда көбіне жауаптың дұрыс-бұрысына емес, адамның өз-өзін қалай ұстайтынына аса мән береді. Іріктеуде қолына конспект дәптерін ұстаған, жауаптарын алдын-ала дайындап, жаттап келген, сонда да қатты қобалжып жүрген қыздар да болды. Меніңше, бұл сізге көмектеспейді, тіпті керісінше, кедергі жасайды. Қобалжығаныңызды алдыңызда отырған адам бірден сезеді ғой.

Екінші кезеңде ағылшын тілінен Pre-intermediate деңгейі бойынша және қазақ тілінен тест тапсыру қажет.

Үшінші кезең – әртүрлі логикалық тапсырмадан тұратын топтық ойын. Командаларға тапсырма беріледі, бөлменің әр бұрышында рекрутерлар қатысушыларды сырттай бақылап отырады. Олар адамның топта қалай жұмыс істейтініне мән береді. Қатысушы басқа топ мүшелерін тыңдай біле ме, үндемей отыр ма, әлде тек өз ойын айтып, басқаларға құлақ аспай отыр ма – осының бәрі рекрутерлердің шешіміне әсер етеді. Кандидаттардың тапқырлығына да мән береді.

Мысалы, бізге «Осы топпен бір аралға түсіп қалсаңыз, бұл командаға қандай пайдаңыз тиеді?» деген сұрақ қойылды. Әркім әртүрлі жауап қайтарып жатты. Бірі «Мен жүзе аламын, сондықтан бәрін құтқара аламын» десе, екіншілері «ағашқа өрмелеп, кокос жинаймын» немесе «шақпақ таспен от жаға аламын» деді. Маған кезек ең соңында келді. Тез арада бірдеңе ойлап табу керек. Сол кезде «Қызық әңгімелер айтып, адамдардың көңілін көтере аламын» деп жауап бергенім есімде. Жалпы іріктеуге шамамен 80 адам қатысты. Одан екі адам ғана жұмысқа қабылдандық. Соған қарағанда жауабым ұнаған секілді…

Төртінші кезең – 30-40 минутқа созылатын жеке интервью. Онда қаншалықты төзімді екеніңіз тексеріледі. Ол үшін стресс жағдайын қолдан жасап, сізге айқайлап, дөрекі сөйлеп жіберуі де мүмкін. Маған “Жолаушының шалбарына томат шырынын төгіп алдыңыз” деген жағдаят берді де, қарсымдағы интервьюер бірден рөлге кіріп, маған жолаушы ретінде айқайлап, ұрса жөнелді. Мұндай тапсырманың дұрыс жауабы немесе арнайы формуласы жоқ. Жолаушымен тілдесуіңіз, мәселені шешуге тырысуыңыз, ынтаңыз, дауыс ырғағыңыз, күлімсіреуіңіз – міне, осылар маңызды. Естуімше, дәл осы кезеңде ашуланып, ренжіп кетіп қалған адамдар болған екен.

Бортсерік

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бортсерік денсаулығы

Келесі қадам — медицина тексеруінен өту. Онда көзіңіз жақсы көре ме, вестебулярлық аппаратыңыз жақсы жұмыс істей ме, жалпы денсаулығыңыз ұшуға жарай ма – барлығы тексеріледі.

Төтенше жағдай кезінде қажет басқару панельдері ұшақтың жоғары жағында орналасқан. Сол себепті бортсерік аяғының ұшына тұрып, созылғанда, кем дегенде 2 метр 12 сантиметрге жетуі керек. Мысалы, менің бойым — 1,60 сантиметр. Ұзын бойлы қыз емеспін, дегенмен қажет құрылғыларға, ұшақ сөрелеріне қолым жетеді. Сондықтан бортсерік қызметіне тек бойы ұзын адамдарды ғана жұмысқа алады деу — миф.

«Жүкті әйелді босандыруға дейін үйретеді»

Әуе компаниялар бортсерікті жұмысқа қабылдаған соң міндетті түрде арнайы оқытады. Біз де осындай курстан өттік. Онда қызмет көрсетуді, қауіпсіздік шараларын, алғашқы медицина көмегін беруді, тіпті ұшақта әйел босандыруға дейін үйретті. Одан басқа бет күтімі, макияж, шаш жинау тәсілдері, дұрыс киіну – осының барлығын меңгеріп шықтық.

Қызметкерлердің сырт келбетіне қатысты әр компанияның өз стандарты бар. Онда далап, шаш, тырнақ, шұлықтың түсі қандай болуы керек екеніне дейін жазылған. Көзілдірікті қалай дұрыс тағу керек, аяқкиім өкшесінің биіктігі, сағат пен сырғаның диаметрі деген сияқты, бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін нәрсенің барлығы ескерілген. Жұмыс барысында аяққа көп салмақ түсетіндіктен компания сыртта және салонда киюге арналған екі аяқкиім береді: сыртта биік өкшелі, ұшақта аласа киеміз.

Борсеріктің міндеті — жұмысқа ұқыпты әрі әдемі болып келу. Себебі ол — компанияның бет-әлпеті, айнасы.

Бортсерік
Фото: Баңдәулет Әбдуалы

Бортсерік чемоданында не бар?

Бортсеріктер рейс ұзақтығына байланысты үлкен немесе кішкентай чемодан ұстайды. Ал күнделікті ұстайтын сөмкесінде міндетті түрде болуы керек бірнеше зат бар.

Біріншісі – жұмыс құжаттары және паспорт. Жұмыс бабымен ұшып барған әуе компания қызметкерлеріне виза жасалмайды. Шетелде жүргенде құжат талап етілген жағдайда экипаж мүшесі екеніңізді дәлелдейтін құжатты үнемі алып жүру керек.

Екінішісі – салонда киетін аяқкиім. Үшіншісі – қолғап. Ұшақта жолаушылардың тамағын арнайы пеште жылытамыз, қолғап сол үшін керек. Төртіншісі – алжапқыш. Бесіншісі – косметика бұйымдары. Рейс кестесі өзгеруі, кейінге қалдырылуы әбден мүмкін, сондықтан косметикасыз жолға шығуға болмайды. Алтыншысы – артық шұлық. Тіпті ұшар алдында аға бортсерік сөмкеңде шұлықтың бар-жоғын тексеруі мүмкін.

Ұзаққа созылатын алыс сапар кезінде қанша киім-кешек алатыныңызды өзіңіз білесіз, бастысы – жоғарыда айтқан негізгі заттарды ұмытпасаңыз болғаны. Басқа жолаушылар секілді тыйым салынған затты біз де ұшаққа өткізбейміз.

Шетелде іс-сапармен жүргендіктен әуе компаниясы қызметкерлерін қонақүймен қамтамасыз етеді. Онда да өз ережелері бар. Мысалы, шетелде жалғыз жүрмеуге тырысу керек. Компанияның атына сөз келетін әрекет жасамау қажет. Әрине, бос күндері қыдырып, демалуға ешкім шектеу қоймайды. Бірақ рейстің алдында 12 сағат міндетті түрде ұйықтап, демалуға тиіСсіз. Аға бортсерік рейс алдында тынықпағаныңызды көрсе, төмен баға қоюы немесе ескерту жасауы, тіпті сөгіс беруі мүмкін.

Бортсерік
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұшақтағы жұмыс процесі

Бортсеріктің әр рейсі бағаланады. Оның сыртында жылына бір рет қауіпсіздік ережелері мен процедураларына байланысты емтихан тапсырады. Емтиханнан өте алмаса, қайта тапсырғанша ұшуға жіберілмейді.

Емтиханнан бөлек әр рейстің алдында аға бортсерік әріптесіне 2 сұрақ қояды. Жауап бере алмаған қызметкерді рейстен алып тастайды және сөгіс жариялайды.

Бұл жұмыстың ерекшелігі – бортсеріктер үнемі бірін-бірі қадағалап, тексеріп жүреді. Он жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі бортсерік болсын, компанияға кеше ғана келген бортсерік болсын, айырмашылығы жоқ, қателеспейтін адам болмайды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі үнемі бірінші орында.

Ұшу барысында ғана емес, жұмыстан тыс жердерде түрлі төтенше жағдай болуы ықтимал. Бортсеріктің бірі сұраққа жауап бере алмай қалуы, ауырып қалуы, кешігуі немесе құжатын ұмытып кетуі мүмкін. Осындай кезде оның алмастыратын адам үнемі болады.

Бірде әріптесіме жолда екі бұзақы шабуыл жасаған. Ол бұзақылардан сөмкесін әзер алып қалып, әрең құтылған екен. Бірақ сырғасы жұлынған, қолы сырылып, шашына зақым келген, дірілдеген күйде жұмысқа келді. Әрине, ондай жағдайда оны рейске жібермейді. Оның орнын басқа адам ұшты.

Бортсерік әуедегі даяшы ма?

Даяшы да, бортсерік те қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, екеуі де адамдарға тамақ ұсынады. Екі кәсіптің ортақ нүктесі осы ғана. Іріктеу, оқыту, күнделікті бағалаудың өзі бортсерік қызметінің қандай жауапкершілігі мол жұмыс екенін көрсетіп тұрған шығар. Олар әуежайға жолаушылардан ерте келіп, барлық апаттық құтқару құралын тексереді, ұшақта артық заттың жоқ екеніне көз жеткізеді. Рейс кезінде әр бортсерік бір-бір есікке жауап береді. Төтенше жағдайда есікті дұрыс аша білу өте маңызды. Ұшақ апатқа ұшырағанда жүздеген жолаушыны құтқарып қалған бортсеріктер туралы деректі фильмдерден көріп жүрген боларсыз. Енді ойлаңыз, бұл даяшының қызметіне ұқсай ма?

Меніңше, қызмет көрсету саласынан өткен адамға басқа кез келгенде ортада жұмыс істеу оңай.

 Жүрек ұстамасы кезіндегі алғашқы көмек

Пекинге алғаш ұшқан кезім. Қалада төрт күн қыдырып, жақсы уақыт өткіздік. Астанаға қайтар жолда ыдыстарды жинап жүргенімде бір жолаушы келіп “Досымның жүрегі ауырып тұр» деді. Ішімнен “Стакандарды қоя салайын, сосын қарайын” деп ойладым. Содан соң бірден “Қайдағы стакан? Мен не істеп тұрмын?” дедім де, қолымдағы затты тастай салып, тұра жүгірдім. Ол адамның көзі әзер-әзер қимылдап, әрең демалып жатыр екен. Бірден әріптестерімді көмекке шақырып, оттегі бердім.

Ереже бойынша жолаушыға көмектесерде бортсеріктер команда болып жұмыс істеуі керек. Әрқайсының өз міндеті бар. Сырқаттанған жолаушыны көрген ең бірінші қызметкер оттегі беріп, соңына дейін соны бақылауы керек. Сондықтан мен оттегінің бітіп қалмауын қадағалап тұрдым. Қытай тілін білетін бизнес кластағы әріптесім лезде эконом кластағы бір бортсерікпен орын ауыстырды. Жолаушының жағдайын ұғу үшін онымен коммуникация құру маңызды. Осындай кезде жүздеген бет ережені не үшін жаттағанымызды жақсы түсіндім. Себебі мұндай жағдайда тез шешім қабылдау қажет, ойлануға уақыт жоқ.

Сол күні ұшағымыз Үрімжіге қонды. Әрине, мұндай кезде басқа жолаушылардың да мазасы қашады. Олар сыртқа шыға алмайды. Жоспарланбаған қону болған соң ұшақ бірден ұшып кете де алмайды. Оның үстіне тамақ пен сусындар да бітіп қалды. Мұндай сәтте бортсерік өзін де, жолаушыларды да сабырға шақыруы керек.

Бортсерік қаншалық жиі харассментке ұшырайды?

Әйелге сексуал объект ретінде қарауға қарсы адаммын. Бірақ дәл бортсерік қызметін, киген формасын, сыртқы келбетіне қойылған стандарттарды сексуал объективтендіру (басқа адамның тұлғасын, сезімін ескермей, оны тек жыныстық қанағаттандыру құралы деп қарау — ред.) деп есептемеймін. Қызметкердің таза, ұқыпты, әр тиянақты болуы жолаушылардың оған деген сенімін арттырады. Оның үстіне олар жолаушыларға тағам мен сусын ұсынатындықтан, тырнағының түсі әдемі, шашының жинақы болуы — қарапайым гигиена. Сонымен бірге ұшақта бір жағдай болса, қауіпсіздік шарасымен бортсерік айналысады. Шашы жайылып тұрса, кедергі келтірер еді. Ал киімге келсек, қыздарға міндеті түрде тек белдемше киюді міндеттемейді, шалбар киюге де рұқсат бар.

Харассмент — Қазақстан қоғамындағы өте өзекті тақырып. Себебі қысымға, бопсалауға ұшырап жатқан әйел көп. Кейбірі оны ашық айтуға қорқады, қымсынады. Айтқанның өзінде бұл туралы арнайы заң жоқ.

Ұшақтағы харассмент туралы ештеңе айта алмаймын, өз басым кездескен емеспін. Менің жеке пікірім — адамдар әуеде ондай әрекет жасауға қорқады. Сондықтан өзімнің немесе әріптестерімнің жұмыс кезінде мұндай жағдайға тап болғанын естімедім, көрмедім. Дегенмен басқа қоғамдық орында харассмент белгілерін байқағанмын, өзім де кездескенмін.

Бірде автобусқа кешігіп, аэропортқа таксимен бет алдым. Жүргізушіден жолдан тоқтауын сұрап, банкоматтан ақша шешіп алмақшы едім. Банкоматтың қасында бар ашық тұр екен. Ішінен ер адам шықты. Мас. Маған қарап “Бортсерік қыз, мұнша төмен ұшып жүргенің не?” деді. Енді бірде әпкемнің жұмыс орнына, сақтандыру компаниясына бардым. Бұл жолы рейстен қайтып келе жатқан бетім. Офиске кіріп келген бір адам маған «Ұшудан шаршаған шығарсың, кел, көлікпен қыдырып келмедік пе?» демесі бар ма?! Сондағы маған қарағаны әлі есімде, өте жиіркенішті. Харассмент деген не деп сұрайтындар бар. Міне, осы.

Жолаушыға кеңес

Кей жолаушы ұшақ қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамайды. «Терезені ашыңыз», «орындығыңыздың арқасын көтеріп қойыңыз» деген сияқты ескертулерді бортсеріктер жәйдан-жәй айтпайды. Бұның барлығы өз қауіпсіздігіңіз үшін.

Жолаушыларға айтарым – бортсеріктерің айтқанын тыңдаған жөн. Себебі ұшақтағы ең басты нәрсе – қауіпсіздік.

Бортсерік
Фото:Бақдәулет Әбдуалы