Қазақстандықтардың 73%-і отандық сүтті сатып алады

Qalaisyn әлеуметтік зерттеулер платформасы ел халқының сүт өнімін тұтынуына қатысты зерттеу жүргізді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 2300-ден астам адам қатысқан. Қолдың сүтін көбіне Түркістан облысы және Шымкент тұрғындары сатып алады екен. Отандық сүт өнімдері Павлодар, Қызылорда, Қостанай және Ақмола облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында анағұрлым сұранысқа ие. Импортталған сүтті тұтыну жөнінен Ақтөбе және Атырау облыстары тұрғындары алдыңғы қатарда болып шықты.

Сауалнамаға қатысқандардың 73%-і елде өндірілген өнімді тұтынады. Оның ішінде 43%-і қолдың сүтін жақсы көреді. Респонденттердің 8%-і ғана шетелден келген сүт өнімдерін тұтынып жүр.

Қатысушылар арасында сүт өнімдерін таңдау мен тұтыну тәжірибесін білу үшін зерттеу жүргіздік. Ол Қазақстанның барлық 17 әкімшілік-аумақтық аймағын қамтыды. Қазақстандықтар тек үздік тауарларды тұтынуға тиіс, ал біздің зерттеу отандық өндірушілер мен импорттаушыларға тұтынушылар таңдауын білу және оларға үздік ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі, – дейді Qalaisyn әлеуметтік зерттеулер жобасы жетекшісі Малика Атамбаева.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 73%-і қаймақты, 92%-і сүтті, 64%-і сары майды сатып алады. Ел азаматтары сүт пен кілегейден жасалған десерттер мен майлы айранды аса ұната бермейді. Бұл өнімдерді жүйелі түрде сатып алатындар мөлшері 7%-тен 18%-ке дейінгі аралықта.

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысы сүт өнімдерін үйдің қасындағы азық-түлік дүкендерінен сатып алады. Тек үштен бірі (респонденттердің 35%-і) сауданы супермаркет пен әмбебап дүкендерде жасайды.

2020 жылы сүт өнімдерін өндіру көлемі артты

Energyprom.kz порталының мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-қазан айларында елдегі сүт өнімдері өндірісі көлемі 296,9 миллиард теңгеге артқан. Бұл алдыңғы жылдың 10 айымен салыстырғанда 20%-тей көп.

Оның ішінде сары май мен спред өндірісі 19,5 мың тоннаға дейін едәуір өсіпті. Ірімшік пен сүзбе (9,7%) және қайта өңделген сүт пен кілегей (4,6%) өндірісі де айтарлықтай артқан.

9 ай қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар сұйық өңделген сүт пен кілегейге сұранысты толықтай дерлік (96%) қамтамасыз етті.

Отандық компаниялар сары майға сұраныстың өткен жылдағы 82,1%-бен салыстырғанда 78,5%-ін жауып отырды. Елге сырттан 4,7 мың тонна сары май әкелінді, бұл бір жыл бұрынғыдан 52,4% артық.

Жергілікті компаниялар ірімшік пен сүзбе сұранысының 53,8%-ін жеткізіп отыр. Қалған мөлшері шетелдерден келеді. Қазақстанға 20,5 мың тонна ірімшік пен сүзбе әкелінді, бұл алдыңғы жылғыдан 23,2% көп.

Сүт пен сүт өнімдері бағасы қалай өзгерді?

2020 жылдың қараша айында қалаларда дүкендер мен базарларда бір келі сары май 2,7 мың теңге тұрды. Бұл 2019 жылғы қарашадан 14% артық.

Мәйек ірімшігі (келісі — 3,1 мың теңге, 11,6% қымбаттады), шикі сүт (238,3 теңге қымбаттады), маргарин (596,5 теңге қымбаттады), айран (312,3 теңге қымбаттады), қаймақ (1,2 мың теңгеге дейін қымбаттады) бағасы айтарлықтай өсті.

2021 жыл бұл өнімдер тағы да қымбаттауы мүмкін. Оның себебі Еуразия экономикалық одағы процесі аясында енгізілетін сүт өнімдерінің жалпы таңбалануы болуы мүмкін. Пилот жобасы 2020 жылдың қазан айында басталды. Ол 2021 жылдың сәуіріне дейін созылады. Сүт өнімдерін таңбалау 2022 жылдың қаңтарына жоспарланған.