Айгерім Досқалиева, «Жыл волонтеры»

Волонтерлықты арнайы таңдамадым. Барлығы кездейсоқ басталды. 2013 жылы досым: «Айко, жетімдер үйіне барып, көмектесейік», — деді. Сол кезде бірден жиналып, балалар үйіне бардым. Бұл бір рет қана өтетін қайырымдылық шара еді. Ол кезде жиналғандардың ішінде жасы үлкені мен болдым. Қолдан жасаған туындыларды жәрмеңкеге шығарып, 200 мың теңгедей қаржы жинадық. Оны Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бердік. Бір ай бойы балаларға көмектесеміз деп жүріп түрлі шара өткіздік. Содан ұйымдастырушылар бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Қолымыздан келіп тұрған соң бұл істі тоқтатуды қаламадық. Осылайша «Жүректен жүрекке» деп атаған қайырымдылық жұмысымызды бастап кеттік.

Айгерім Досқалиева
Айгерім Досқалиева. Фото: Мирас Тыныштықов

Осы шараны бастардан бір жыл бұрын «ААА Атырау» деген топ болды. Бұл — қаладағы алғашқы волонтерлық топтың бірі. Біз соларға қызығатынбыз, кейін осы топпен байланыс орнаттық. «ААА Атырауда» көбіне жұмыс істейтін жастар болды, ал біздің топта студенттер еді. «Жүректен жүрекке» жастар қозғалысының, волонтерлық тобының негізін 2013 жылы қаладым. Біз қайырымдылықты желіге салдық деуге болады. Бастамамыз Қазақстанның 17 қаласында жұмыс істеді. Барлығы — ерікті жастар. 2015 жылы «Жүректен жүрекке» қозғалысын заңды тіркедік. Себебі қомақты қаржымен жұмыс істейтін болғандықтан абайлауды жөн көрдік. Кейбіреулер бізді алаяқ деп танбасын деген қауіппен барлығын заң жүзінде жүргізуді шештік. Волонтерлық топтың негізгі бағыты әртүрлі диагноздағы сырқат, мүгедектігі бар балаларға  ем алуға, ота жасатуға, реабилитациясына қаржылау қолдау көрсету болды. Компанияларға, демеушілерге тікелей шығып ақша аударуын сұрамадық. Жастар бірігіп түрлі жәрмеңке, қайырымдылық шараларын, концерттер өткіздік. Солай 80 миллион теңгеге жуық қаржыны жинап, қайырымдылыққа аударыппыз.

Айгерім Досқалиева
Фото: Мирас Тыныштықов

Содан 2017 жылы Жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары болып жұмысқа тұрдым. 2018 жылы Ішкі саясат басқармасы жанынан «Азаматтық орталық» мекемесі құрылды. Осы мекемені күні бүгінге дейін басқардым. Пандемия кезінде халық қатты қиналып кетті, Атыраудағы жағдай бүкіл республикаға мәлім. Бір мезетте бірнеше адамның өмірден өткенін көзімізбен көрдік. Содан былтыр 30 наурызда Атырау волонтерлар штабын құрдым. Оның құрамына бірнеше волонтер тобы кірді, белсенді жастар көп болды. Карантин себебінен табысынан айырылған, әлеуметтік жағдайы қиын 2000-ға жуық отбасыға азық-түлік тараттық. Одан бөлек, облыстық әкімдіктің қолдауымен І топтағы мүгедектер және ерекше бала тәрбиелеп отырған 3000 отбасыға дәрі-дәрмек тараттық. Құрбан айт кезінде 4 тонна ет тараттық. Жаңа жыл мерекесі кезінде 7000-ға жуық балаға сыйлықтар жеткіздік. Белсенді волонтерларымыз оттегі таратумен де айналысты.

Айгерім Досқалиева
Фото: Мирас Тыныштықов

Азаматтық орталық 2017 жылдың соңында құрылып, келер жылдың басынан белсенді қызметін бастады. 2021 жылдың ақпан айына дейін сол мекемені басқардым. Бұл — Қазақстан бойынша Ішкі саясат жанынан құрылған тұңғыш мекеме. Орталықтың функциясын басқа өңірлерде «Азаматтық альянс» атқарады. Азаматтық орталықтың негізгі мақсаты — өңірдегі Үкіметтік емес ұйымдарға жан-жақты көмек көрсету. Ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, консультация, мемлекетпен байланысын нығайтуға көмектесу, шараларын өткізуге жәрдемдесу сияқты қызмет көрсетеміз. Жылына 2-3 мәртсе мемлекеттік орган қызметкерлерін, басқарма басшыларын жинап, үлкен әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Әр ҮЕҰ өзінің бағытында әлеуметтік жоба жазады. Мысалы, «қалада мынадай мәселе бар. Оны былай шешуге болады» деп жобаларын көрсетіп, бизнес өкілдерінің алдында қорғайды. Үздік жобаларға бизнесмендер қаржылай көмек алады.

Айгерім Досқалиева
Фото: Мирас Тыныштықов

Азаматтық орталықта «Грант» бөлімі жұмыс істейді. Біз күн сайын қазақстандық ҮЕҰ-ға арналған ақпаратқа мониторинг жүргізіп отырамыз. Қай жерде қандай грант шығып жатыр, қандай қор немесе меценат не ұйымдастырып жатыр — барлығын бақылап отырамыз. Алған ақпаратты ҮЕҰ-дарға жолдап отырамыз әрі оны ұтуға көмектесеміз. Консультация береміз, бухгалтер кеңесін ұсынамыз, ұйымдастыруға көмектесеміз.

Айгерім Исмақова, «Атырау Эко» негізін қалаушы

Волонтерлықтың мен үшін маңызының жоғарылығы сондай — өмірімде отбасымнан кейінгі орынды алады. Волонтерлықтың бағыты көп. Мен соның бір аясы — эко белсенділікті таңдадым. Себебі табиғатқа жанашырлық танытатындар саны аз. Соның орнын толтыруды көздеп, түрлі шараны ұйымдастырып, бастамалар көтеріп, адамдарға ғаламшарымызға көмектесудің не екенін танытуды жөн санадым.

Айгерім Исмақова
Айгерім Исмақова. Фото: Мирас Тыныштықов

Біз бастаған «Атырау Эко» қозғалысының нәтижесінде қазір қалада экобелсенділік танымал бола бастаған сияқты. Оған дейін адамдар қала территориясын қоқыстан тазартып жүрді, бірақ жинағанның барлығы күресінге кететін. Ал біз тұрғындарға қоқысты қайта өңдеуге жөнелтуді көрсетіп келеміз. Негізі адамдар экология мәселесіне бейжай қарамайды, тек мәселені шешу жолын білмеуі мүмкін. Біз қала тұрғындарын барлығын кішкентай нәрседен бастауға үгіттейміз. Мысалы, дүкеннен полиэтилен пакет алмаудан бастауға шақырамыз. Қарапайым адам да айналасын, қоршаған ортасын өзгерте алатынына сендіреміз.

«Атырау Эко» қозғалысын бірнеше адам болып аштық. Негізін қалаушылардың бірі — Айгүл Төлешова. Мен осы жобаның тең құрылтайшысымын. Белсенділердің нақ саны — 10. Қашықтан көмектесетін, түрлі шараға қатысатындардың, «Атырау Эко» волонтерларының саны өте көп. Біз олардың базасын жасамаймыз. Тұрғындардың өздері бізге қосылып, санымызды көбейтіп жатады. Бұл — өте қуанышты жағдай. Себебі «Атырау Эко» үлкен отбасы сияқты. Оның кез келген мүшесі, кез келген тұрғын табиғатты қорғауға атсалысады. Ол үшін міндетті түрде шараға қатысу қажет емес, біз туралы басқаларға айтса да, біз үшін үлкен жетістік болады.

Экоқозғалыстың үлкен шараларының бірі әрі алғашқысы — «Таза ойындар». Бұл — 2014 жылы Санкт-Петербургте бастау алған әлеуметтік жобаның франшизасы. Жобаның идеясы мынадай — қоқысты ойнап жүріп жинау. Оған қатысушылар командаға бөлініп, қоқыс пен қалдықтарды көбірек жинау арқылы жеңіске ұмтылады. Бұл ойынның мақсаты айналаны қоқыстан тазарту ғана емес, қалдықтарды қайта өңдеуге болатынын, оның құнды қайталама шикізат екенін тұрғындарға жеткізу. Адамдарға қалдықты күресінге емес, қайта өңдеуге, утилизацияға жөнелтуге болатынын түсіндіру. Бұл шара шамамен 4 сағатқа дейін созылады. Ең алғашқы шарамызда 3 тонна қоқыс жиналып, көбі қайта өңдеуге жөнелтілді. Бұл эко-квест қазіргі уақытта әлемнің 310 қаласында өтеді. Соның бірі — Атырау. Бұл ойын қалалық хоббиге айналды.

Айгерім Исмақова
Фото: Мирас Тыныштықов

Осындай игі істің бірі — «Дармарка». Өзіне қажет емес заттарын өткізетін және соны алғысы келетін адамдарды бір жерге біріктіру туралы көп ойланатынбыз. Бұндай «Дармарка» Алматыда бұған дейін де болған. Содан біз оның атауын алдық. Мұнда кез келген затты тегін алып кетуге болады. Осылайша заттарға reuse принципімен «екінші өмір» береміз. «Дармаркаға» кез келген дүниені әкелуге болады: киім, аяқкиім, аксессуар, кітап, ойыншық және тағы басқаларын. Осы күнге дейін бес «Дармарка» өткіздік. Кейінгісіне мыңға жуық адам қатысты. Қазір «Дармарка Онлайн» шарасын телеграм-каналда өткіземіз. Адамдар заттарын каналға салады, содан бір-бірімен байланысып, қалағанын алып кетіп жатады.

«Дармарка» кезінде, басқа кездерде де қаланың ортасында қалдықтарды бөлек сұрыптауды ұйымдастырдық. Түрлі қалдықты қабылдап, оларды сол жерде сұрыптап отыратынбыз. Кейін қайта өңдейтін компанияларға жөнелтеміз. Соның арқасында көп адамның қалдықты сұрыптауға бейімделгенін байқадық. Әлеуметтік желілерде де адамдарға қолдау білдіріп, нені қалай істеу керегін үнемі түсіндіріп отырамыз. Мысалы, Атырауда әйнекті қайда өткізуге болады, қажет емес аяқкиім, батарейка, электр бұйымдарын қайда өткізу керек деген сияқты ақпарат береміз. Біздің күш-жігерімізбен тұрғындар қалдықтардан оны экологиялық тұрғыдан қалай арылу керегін ойлау әдетін енгіземіз деп сенеміз.

"Атырау Эко" қозғалысы

Бұған қоса, «Тазалық сағаты» деп аталатын жобамыз бар. Бұл Орал жағасын тазартуға бағытталған. Локацияны WhatsApp месенджерінде, әлеуметтік желілерінде көрсетеміз. Қалаған адам қатарымызға қосылады. Қолғаптарды, мөшектерді сол жерде береміз. «Тазалық сағаты» 1 сағатқа созылады. Осындай аз ғана уақыт ішінде адам табиғатқа үлкен қамқорлық көрсетеді. Ең алғашқы «Тазалық сағатына» 4-ақ адам келді. Одан кейін қатарымыз көбейе берді. Бізді желіде #ЧасЧистотыАтырау хэштегімен белгілей бастады. Біртіндеп 50-ге жуық адам «Тазалық сағаттарына» қосыла бастады. Кейде бүкіл отбасы, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер тазалыққа шығады. Олардың барлығы өздерінің туған қалаларын таза әрі әдемі күйінде көргісі келеді.

Түрлі шараны ұйымдастыра жүріп, StartUp Battle 2020 грантын ұтып алдық. Бұл бір кездейсоқ жағдай болды. «Атырау Эко» қозғалысынан үшеу болып қатыстық — Айгүл Төлешова, Әсел Ыбырайханқызы және мен. Біз қайта пайдалануға болатын заттар тақырыбын кеңінен насихаттайтын бренд компания құруды шештік. Қазір нарықта мақта мен зығыр матадан жасалған және сапасы онша жақсы емес полиэстерден жасалған көптеген сөмке бар. Біз Baggu, Envirosax, LOQI сияқты әлемдік брендтерге назар аударамыз. Олардың полиэстерден жасалған сөмкелері берік, маркаланбайды, оңай жуылады, аз орын алады және 20 килограмға дейін көтере алады.

"Атырау Эко" қозғалысы
«Атырау Эко» қозғалысы

Біз сондай экосөмкелерді Қазақстанда шығарамыз. Ол «жасыл» экономикамен, сәнмен, стильмен  ассоциаланады. Қазақстанда мұндай сөмкелерді шығаратын бәсекелесіміз жоқ. Біздің өнім сапа жағынан еуропалық аналогтардан кем болмайды деп сенеміз. Жалпы, көптеген пластиктен жасалған бұйымдарды қайта қолдануға болатын заттармен оңай ауыстыруға болады. Сондықтан біздің келесі қадамымыз — Атыраудағы өндірісті оқшаулауға байланысты елдің нарығына шығу және ассортиментін кеңейту: эко-сыйлық қораптары, балауыз майлықтары, гигиена заттары, мақта мата дискілері, сабын, бахила, маскалар және тағы басқаларын шығармақпыз. Біз Қазақстанда қайта пайдалануға болатын тауарлардың флагманы болатын жоба жасағымыз келеді. Бәріміз пластмасса бұйымдарын сатып аламыз, олар ендігі алып тауларға айналды. Біздің өнімдер адамдарды пластиктен бас тартуға адамдарды ынталандырады.

Барлығы біртіндеп өзгереді. Кішкентай қадам жасасаңыз да, алға жылжып отырасыз, көп нәрсені өзгерте аласыз. Бұны Атырау тұрғындарының экологиялық белсенділігімен теңестірсек болады. Егер барлығы белсенді болса, ең болмағанда әлеуметтік желілердегі қарапайым репост арқылы белсенді болса, қазірдің өзінде үлкен көмек болар еді. Адамдар біз туралы біліп қана қоймай, экология тақырыбын көбірек зерттей бастайды. Жалпы, «Атырау Эко» құрылғаннан бергі 2 жыл ішінде тек алға жылжу болды. Қоршаған ортаны қорғау болашақ балалардың денсаулығы үшін ең алдымен маңызды.

Бекасыл Самиголла, «Үздік Волонтер»

Волонтерлық өмірімде үлкен мәнге ие. Түрлі сала бойынша теориялық, практикалық тәжірибе алып келемін. Волонтерлық — мен үшін шығармашылық, қоршаған ортама жеткізетін ыстық сезімім, өзімді тұлға ретінде жетілдіруге, құрметті адамдармен байланыс орнатуға баға жетпес тәжірибе. Бұл — өзіме мейірімді ортаны қалыптастырған тұтас әлем.

Бекасыл Самиголла
Бекасыл Самиголла. Фото: Мирас Тыныштықов

Волонтерлық корпустың бар екенін білмес бұрын, мектеп қабырғасында да белсенді болдым. Ол кездері, өкінішке қарай, мүмкіндіктерімде ойша шектеулер болды. Бірақ бәрі 2018 жылы өзгерді. Өмірімде алғаш рет өзіме жаңа нәрсе іздеп кітапханаға бардым. Ой-пікірімді ұлы жазушы Дейл Карнегидің бір ғана кітабы өзгертті. Айналамда мақсатты, ізгі адамдар пайда бола бастады. Бір қызығы, олардың көпшілігі волонтерлар корпусында болды. Өзіме жаңа нәрсе іздеп жүргенімде оларға бірден қосылдым. 4 жыл өтті, ол кезең естеліктерімен, жағымды эмоциялармен есте қалады. Осы ұйымға кіруге шешім қабылдағаныма әлі де қуанамын, өйткені қазір мен осы ұйымның басты үйлестірушісі және жетекшісімін.

Қазіргі кезде айналамда мақсатына жетуге тырысатын және әрдайым қозғалыста болатын еңбекқор, креатив адамдар бар. Олар менің іс-әрекетімді айыптауға ұмтылмайды, керісінше өмірлік қиын жағдайларда қолдауға және қажет болған кезде көмек көрсетуге тырысады. Бұны елдегі пандемия кезінде облыстық ауруханада дәрігерлермен тең дәрежеде волонтер болған кезде түсіндім. Содан кейін уақыт кімнің кім екенін көрсетті.

Бұрын волонтерлық туралы Атыраудың кез келген бұрышында айтатынмын, бірақ қазір менімен кездескен әр екінші адам волонтерлық туралы өзі сұрайды. Осыған сүйене отырып түйгенім — ешкімді ерікті болуға шақырудың қажеті жоқ. Волонтер болу қандай екенін көрсетемін, содан кейін адамдар өздері шешім қабылдайды. Біздің AV.Community еріктілер ұйымы 300-ге жуық волонтерды біріктіреді. Біз қатарымызға қосылатын қоғамның жаңа кейіпкерлерін әрдайым құшақ жая қарсы аламыз.

Бекасыл Самиголла
Фото: Мирас Тыныштықов

Менің ойымша, волонтер болу үшін адамда ең бастысы жақсылық жасауға талпыныс пен ізгі ниет қажет. Әрине, волонтер көмегі әртүрлі салада қажет, сондықтан жан-жақты болған да өте маңызды. Волонтер өз бойында ізденімпаздық, адамдармен оңай тіл табысу, уақытты дұрыс жоспарлау, үлкен аудитория алдында сөз сөйлеу жəне жаңашылдыққа тез бейімделу сияқты қабілеттерді дамытуы қажет деп ойлаймын. Оған қоса, көптеген өмірлік қиындыққа ұшыраған жандарға көмек қолын соза білу үшін әрбір ерікті батылдық таныта білуі керек.

Волонтер болған 4 жылымда көптеген іс-шараға, әртүрлі көлемдегі жобаларға қатыстым. Көп жағдайда іс-шараны ұйымдастыруға жәрдем бердік. Қайырымдылық, қаражат жинау, төтенше жағдайлар кезінде көмек және қолдау көрсетіп, мемлекеттік мекемелермен бірлесіп түрлі ойын-сауық, білім беру шараларын өткіздік. Мен үшін ұмытылмас жобалардың бірі — Қазақстан Республикасындағы БҰҰ өкілі Татьяна Веронюк бастаған үш күндік көшбасшылық тренингі. Сондай-ақ Uptivity Best Voices жобасы маған коммуникатив дағдыларымды жетілдіруде баға жетпес тәжірибе сыйлады, өйткені еріктілердің сол кездегі басты міндеті вокалдық байқауға қатысушы жастарды мораль жағынан қолдау көрсету болды.

Бекасыл Самиголла
Фото: Мирас Тыныштықов

British Council қолдауымен белсенді жастарға әлеуметтік кәсіпкерлік туралы білім беріп, жастардың жаңа идеяларын қолдау мақсатында жасақталған I-SEED жобасы ұйымдастырылды. Осы жоба арқылы біз қоғам өміріндегі өзекті мәселелердің шешімін табуға көмектесетін жаңа әлеуметтік кәсіпкерлік құруға мүмкіндік алдық. Жоба арқасында жалпы əлеуметтік кəсіпкерлікті қалай бастауға болады, ол үшін қандай қабілеттерді дамыту қажет, өңіріміздегі өзекті мәселелерді қалай шешуге болатыны жайында өте құнды ақпарат ала алдым.

Birgemiz.kz «Саулық» категориясы бойынша «Үздік волонтер» атағын жеңдім. Бұл менің белсенді болғаныма орай берілген шығар деп ойлаймын. Әрине, бұл жетістік командамның және туыстарымның қолдауымен келді. Волонтерлық жылдарымдағы еңбегімнің жоғары бағаланғанына және ақталғанына өте қуаныштымын. Пандемия кезінде, қауіпке қарамастан, облыстық ауруханада дәрігерлермен тең дәрежеде ерікті болып көпшіліктің назарында болдым. Сол еңбегіме орай, осылайша мені жас, белсенді волонтер ретінде байқап, үздік деп атаған болар.

Волонтерлық өміріме көп жаңашылдық пен өзгеріс əкелді. Ең алдымен, қоршаған ортам өзгерді, айналамда қоғам өмірінде үлесі зор тұлғалар пайда болды. Оған қоса, бойымда əртүрлі өмірлік жағдайларға қажет қабілеттерді дамытуға мүмкіндік алдым. Ең бастысы, еріктіліктің арқасында өзімдегі мейірімділік, құрмет, жанашырлық секілді адами маңызды қасиеттерді арттырдым. Сондықтан волонтерлық маған тек жақсы жағынан əсер етті деп білемін.

Материал Chevron, British Council, AYDI қолдауымен жасалған

British Council Сhevron aydi