«Көктем уақытында келеді». Наурызда ауа райы қандай болады?

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде күнтізбелік көктем белгіленген мерзімде келеді.

Консультатив болжамға сәйкес 2021 жылдың наурызында Қазақстанның көп өңірінде циклондардың өтуімен және Иран аудандарынан жылы ауа массаларының шығуымен ауа температурасы жоғарылайды. Республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1° жоғары, республиканың солтүстік-батыс бөлігінде ғана норма шамасында болжанды.

Бір ай бойы циклондар мен антициклондардың жиі ауысуымен ауа температурасының күрт өзгеруі болжанады. Температура контрасты 10° және одан да көп болуы мүмкін, — делінген хабарламада.

Айдың басында белсенді циклондардың әсерінен республика бойынша ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады: жауын-шашын, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде қатты жаууы мүмкін, жел күшейеді (солтүстік жартысында бұрқасынмен), тұман және көктайғақ болады. Елдің оңтүстік жартысында жауын — шашын көбінесе жаңбыр түрінде, солтүстік жартысында аралас жауын-шашын (жаңбыр, қар) түрінде болжанып отыр.

Бірінші онкүндік бойы Қазақстан аумағы бойынша ауа температурасының ауытқуы болжанады: солтүстік жартысында күндіз әлсіз оң таңбалыдан теріс таңбалы мәндерге дейін, оңтүстік жартысында +10+15°С-тан 0,+7°С-қа дейін, елдің батысы мен солтүстік-батысында -3-10°С-тан -1+6°С-қа дейін.

Бірінші және екінші онкүндіктің жекелеген күндері Скандинавия мен Сібір аудандарынан суық ауа массаларының әсерінен түнгі сағаттарда термометр бағаналары еліміздің солтүстік жартысында -13-25°С дейін, оңтүстік жартысында -5-15°С дейін төмендеуі мүмкін.

Айдың екінші жартысында еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде жылу толқындарының әсерінен күндізгі ауа температурасы жекелеген күндері +3+10°С дейін; елдің оңтүстігі мен батысында +10+15°С дейін, үшінші онкүндікте +15+25°С дейін жоғарылайды.

Жауын-шашын мөлшері елдің оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында ғана норма шамасында, ал қалған өңірлерде нормадан көп түседі.