Сайысқа ауыр салмақтағы палуандар қатысып, бақ сынады. Іс-шара «Қазақстан – спорттық ұлт» жобасы шеңберінде «Бәйтерек» спорт клубының жүлдесіне арналды.
Іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің алғашқы жаңімпазы Ұлан Рысқұл арнайы қатысты. Сондай-ақ, Атырау облысында қазақ күресінің негізін қалаушы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовті ҚР Қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Облыс басшысы Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық спорт түрлерінің де жанданып келе жатқанына тоқталды. Оған әрбір спортшының өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айта келе облыста да спортқа айрықша көңіл бөлінуде екенін атап өтті.
Жыл санап спорттық клубтар мен ірі кешендер саны артуда. Оларда дайындалатын жас буынның да қарасы қалың екені қуантады. Тәуелсіздіктің 30 жылында спортшыларымыз талай мәрте халықаралық додаларда көк байрағымызды желбіретті. Олардың арасында ел тарихында ғана емес, әлем тарихында есімдерін алтын әріппен жаздырған жерлестеріміз бар. Мәселен, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилманов мен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ниджат Рахимовты атыраулықтар ерекше мақтан етеді. Олардың жеңісті жолын жалғайтын жастарға жағдай жасау жалғасады,-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Алыптардың күресін спорт жанкүйерлері бастан-аяқ әлеуметтік желілер арқылы тамашалады.
Жарыс нәтижесінде атыраулық Абылай Амандық 1-орын, қызылқоғалық Руслан Ізғалиев 2-орынды, Шынболат Хасанов 3-орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай марапат берілді.
Айта кетейік, «Түйе палуан» сайысы аясында жергілікті кәсіпкерлер екі мүмкіндігі шектеулі жасқа қаржылай қолдау білдіріп, арнайы сертификат тапсырды.