Талдықорғанға жаңа әкімі тағайындалды

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлы Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қала активіне жаңа басшыны таныстырды.

Жасыбаев Ержан , Талдықорған
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ержан Жасыбаев 1965 жылы туған. Өскемен жол-құрылыс институтын құрылысшы инженер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын ҚазССР Автокөлік жолдары министрлігі Жамбыл облыстық жол басқармасының ДЭУ-64 жол шебері болып бастаған.

Әр жылдарда ҚазССР Автомобиль жолдары министрлігі Жол басқармасының ДЭУ-64 бас инженері, Жуалы ӨЖУ бастығы, «Жамбылавтожол» коммунал мекемесінің, «Казақавтожол» РМКК Жамбыл филиалының, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары Алматы мемлекеттік мекемесінің бас инженері, Алматы облысының автокөлік жолдары департаменті бастығының орынбасары, Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль инфрақұрылымын дамыту комитетінің Алматы облыстық басқармасы директорының орынбасары, директоры, Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық басқармасының директоры, «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры болды.

2014 жылдың қазан айынан бүгінге дейін Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Ғалымжан Әбдірайымов өз өтініші бойынша Талдықорған әкімі лауазымынан босатылды.