«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» шекарасына дейінгі күре жол кеңейтілгенге дейін жеңіл көлік иелері үшін тегін болады.
Атырау қаласында және Бейнеу, Жылыой, Мақат аудандарында «Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» шекарасы учаскесінде ақы алудың ашық жүйесін енгізу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша облыс тұрғындары «ҚазАвтоЖол» компаниясының өңірде ақылы жолдар желісін дамыту жөніндегі жоспарларын қолдады. Бірақ халықтың айтқан ұсыныс-пікірлерін міндетті түрде ескеруін талап етті.
Жергілікті азаматтар облыс жолдарының тарлығының кесірінен жол апаты жиі болатынын алға тартты. Сондықтан әр кездесуде республикалық маңызы бар жолдарды 4 жолаққа дейін кеңейту мәселесі көтерілді.
«ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметінің басшысы Диас Ахметшәріптің айтуынша, «Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» шекарасы учаскесі тек жүк көліктері үшін ғана ақылы болады.
Қазіргі уақытта төлем мөлшерлемесі әлі бекітілмеген, олар жүк көліктерінің салмағына, яғни тоннасына қарай есептелетін болады. Бірақ Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда жол ақысы ең төмен деп айта аламын. Сонымен қатар, 2 және 3 санаттағы трассаларда жеңіл көлік иелері төлемнен босатылған, – деп атап өтті ол.
Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша Атырау облысы тұрғындары «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы басшылығына келесі ұсыныстарын айтты:
– республикалық жолдарды 4 жолаққа дейін кеңейту;
-Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы учаскесінде жүк көліктері үшін көлік жуу, жарықтандыру бағандарын құру, жолдың бойында малдан қоршау, ұялы байланысты құрылғыларын орнату;
– коммуналдық мекемелердің көліктеріне және жергілікті тұрғындардың салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктеріне жеңілдік абонементтерін енгізу;
– үй жануарлары үшін жарық шағылыстырғыш биркаларды енгізу.