Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Түркия президентін туған күнімен құттықтап, түрік халқының игілігі жолындағы аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Сіздің пәрменді көшбасшылығыңыз бен саралы саясатыңыздың арқасында Түркия өзінің тұрақты дамуын жалғастырып, азаматтарының ырыс-берекесін еселеп отыр, ықпалды аймақтық және халықаралық актор ретінде мерейін үстем етуде мол табыстарға қол жеткізіп отыр. Осы тұста, еліңіздің тың белестерді бағындыруына бағытталған маңызды бастамаларыңыз бен жоспарларыңыздың лайым оңынан шығуына тілектестігімді білдіремін, – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Таиип Ердоғанның екі ел арасындағы бауырластық рухындағы ынтымақтастықтың жылдан-жылға өркендеуіне, стратегиялық әріптестік аясының кеңеюіне қосқан үлесін өте жоғары бағалады.
Биік деңгейдегі мазмұнды диалог пен екіжақты қарым-қатынастарды халықтарымыздың игілігі үшін нығайта түсуге дайындығымды қуаттап, мемлекеттеріміз мүдделік танытатын күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Өзіңізбен Қазақстанда жүздесетініме үміт артамын, – деп жазылған Қазақстан президентінің құттықтауында.
Сонымен бірге Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.
Elbasy.kz хабарлауынша, әңгіме барысында Нұр-Сұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанды туған күнімен құттықтап, зор денсаулық пен бауырлас Түркия халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Түркия Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы лебіздері үшін ризашылығын білдіріп, оның Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) Құрметті төрағасы ретіндегі маңызды рөлін ерекше айтты.
Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастардың даму қарқынына жоғары баға берді.
Айта кетейік, Режеп Тайип Ердоған бүгін 67 жасқа толып отыр. 1954 жылы 26 ақпанда Ыстамбұлда дүниеге келген.
Түрік саяси және қоғам қайраткері, 2003—2014 жылдары Түркияның премьер-министрі болды. 2014 жылдың 28 тамызынан бері Түркия президенті.